«Айгүлден» шыққан ғалым
Қай халық болсын әрдайым білім сырын, ғылым тілін түсінген, еліне енші етіп ұстатқан ұстаздар мен ғалымдарды құрметтеген. Сондай ғалымдардың бірі – Халықаралық педагогика білімдері ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің педагогика кафедрасының профессоры, белгілі ғалым-ұстаз Сақыпжамал Ұзақбаева.
Сақыпжамал Асқарқызы Ұзақбаева Семей облысының Аягөз қаласында көпбалалы, ынтымақты, халықтың үздік дәстүрлерін ұстанған отбасында туып-өскен. «Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді» делінген халық даналығы тұрғысынан таразылағанда, Сақыпжамалдың осындай дәреже-деңгейге жетуінің алғышарты отбасынан бастау алғаны күмәнсіз.
Ол 1968 жылы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка-педагогика факультетіне оқуға түсіп, оны 1972 жылы үздік бітіреді. Содан соң ректораттың ұсынысымен институтта қалдырылып, 1976 жылға дейін өзі бітірген факультетте дирижерлау пәнінен дәріс береді. Оқытушылық қызметпен айналыса жүріп, мектеп жасына дейінгі тәрбие факультетінің көркемөнерпаздар үйірмесінде хор ұжымын ұйымдастырады. Оның хормен жұмыс істеу шеберлігінің нәтижесінде хор ұжымы жылда болатын конкурс, фестивальдерде жүлделі орындарды иеленіп отырғанын айта кету ләзім. Ол вокалдық ансамбль ұйымдастыруда да өз қабілет-дарынын көрсете білді.
Әсіресе «Айгүл» ансамблінде жүріп контрабаста, бас және ритм гитараларда ойнап үйреніп, қазақ халық музыкасының өзіне тән ерекшеліктерін меңгере отырып, жақын шетел халықтарының музыкалық шығармашылықтарының таңдаулы үлгілерімен танысты. Сөйтіп, оларды эстрадалық вокалдық-аспаптық әуенге келтіріп өңдеуге үйреніп, квартетте ән орындағаны ел есінде. «Айгүлдің» қазіргі вокалдық-аспаптық әуенге келтіріліп өңделген қазақ халқының ән мен күйлерін республикаға, жақын (Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей (Мәскеу, Новосибирск, Барнаул, Астрахань, Ставрополь өлкелері және т.б.) және алыс (Польша, Франция, Жапония, Венгрия) шетелдерге танытқанын да әуенсүйер қауым әлі ұмыта қойған жоқ.
Кезінде халық әндерін қазіргі музыка тілімен жеткізе білу мәнерімен халқының жүрегін жаулап алған, әлем халқын қазақ өнеріне бас идірткен, ұлттық өнерді тірілткен «Айгүл» бүгінде қалың қауымның сағынышына айналған тұста, жиырма алты жылдан кейін, құрылғанына қырық жыл толған шақта сахна төріне қайта көтерілді. Аға буынның көзіне жас алдырып, орта буынды тамсандырып, жастарға таңдай қақтырды. Бұрынғы «Айгүлдің» балғын қыздарының қазірде профессор, доктор атанғандарына қарамастан, өнерлерін шыңдай түскеніне халық дән риза болды. Ансамбль мүшелерін қайта жинап, халық алдына шығаруда, әндерін жаңаша өңдеп, концерттерін ұйымдастыруда Сақыпжамал Ұзақбаеваның да еңбегі орасан екендігін «Айгүлдің» әрбір мүшесі мақтанышпен айтады.
Кезінде Сақыпжамал Асқарқызының Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкер, композитор Б.Байқадамов пен педагогика ғылымының кандидаты, доцент А.Мұхамбаевамен кездесуі де оның өміріне өлшеусіз із қалдырды, оның музыкаға терең бойлауына себепкер болды. С.А.Ұзақбаеваның өнерге, оның ішінде музыкаға ден қойып, оны тереңдеп игеруінің өзі оның ғылыммен айналысуына кедергі келтірмегені былай тұрсын, қайта керісінше оның кемел ғалым болып шығуына түрткі болғанын аңғарамыз.
Ойды тұжырымдап, қорытындылай айтқанда, С.А.Ұзақбаеваға тән мына бір адамгершілік асыл қасиеттер – ғылыми және кәсіби тұрғыда жетілу, қарапайымдық, жүректен шыққан жомарттық, адалдық оны ғалым-ұстаз етіп көрсетеді. Жеке тұлғаның айшықты, өзіндік ерекшелігі, бағдар беретін еңбектері, өмірі – оқырманға ой салар, бүгінгі жас ізденуші ғалымдардың қайсыбіріне болса да үлгі-өнеге.
МЕРЕЙ
Кезінде Киров атындағы университет жанынан «Қарлығаш» атты вокалдық ансамбльдің құрылуына сеп болғандардың бірі де осы Сақыпжамал болатын. Бұл шағын өнер ұжымы 1978 жылы Венгрия республикасына барып, өз өнерін көрсетіп, лайықты бағасын алғаны ел есінде.
С.Ұзақбаева – аты әйгілі «Айгүл» ансамблінің белді мүшелерінің бірі.
Із. Ден. Іс
Бүгінгі кезеңге дейін Сақыпжамал Асқарқызының жетекшілігімен орындалған зерттеулердің нәтижелері бойынша даярланған 150-ге жуық ғылыми-әдістемелік нұсқаулар оқу мекемелерінің іс-жоспарларына енгізілген. С.А.Ұзақбаеваның жетекшілігімен 14 докторлық диссертация, 46 кандидаттық диссертация даярланып, қорғалды. Екі оқушы кандидаттық, үш оқушы докторлық диссертацияларын аяқтау үстінде. Қазірде оның шәкірттері – білім және мәдениет саласындағы республикалық ұйымдар басшылары, университет проректорлары, декан, кафедра меңгерушілері, профессорлар, доценттер және т.б.