Белгілі жазушы, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов қатты сырқаттанып, комаға түсіп қалды. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде режиссердің жақын досы, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай жазды.
Ей, құдіреті күшті раббым Алла! Бір аптадан бері комода жатқан досым кино өнерінің сүлейі Сатыбалдыға назарыңды сала гөр!
Құлаған мезетте қасынан табылған Қанат Төребай інімнің айтуынша асқазанындағы ескі жара ашылып қан құсып ауруханаға түскен. Ол кезде біз қалада емес едік. Естіген сәтте яғни бүгін ауруханаға барсақ карантин деп кіргізбеді.
Асанәлі ағаға хабарластық. Асаға дереу аурухананың бас дәрігерімен сөйлесті. Бас дәрігер Сатыбалдының жағдайы қиын депті.
Киноорталығының басшысы Есетжан Қосубаев, Қанат үшеуміз отырып ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлына хабарластық. Қырымбек Елеуұлы дереу кәзір денсаулық сақтау министріне тапсырамын деді.
Ей, раббым Алла! Өнерден өзге ойлағаны жоқ, періште пейіл Сатыбалдыны мына тар қыспақтан аман-есен алып шыға гөр! Бала-шағасы, дос- жараны, халқы алдында көрер жарығын көбейте гөр! – деп жазды ол (автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған).
Естеріңізге сала кетейік, Сатыбалды Нарымбетов қазақстандық әйгілі кинорежиссер, жазушы.
«Қазақфильм» киностудиясында ұзақ жылдар еңбек еткен. Бірнеше деректі, көркем фильмдердің, повестердің авторы.