Отандық шоу-бизнесте ағайынды жұлдыздар жиі кездеседі. Олардың бірі танымал, ал екіншісі танымал болмауы мүмкін. Бүгінгі сұхбатта "KешYou" тобының бұрыңғы мүшесі Айдана Меденова мен оның ағасы - әнші, композитор "SuperStar KZ" байқауының финалисті, саксофоншы Ермек Меденов.
Ермек, алғашқы сауалды өзіңізге қойғым келіп отыр. Мұқағалиша айтқанда «Бақытсыз-ақбақытты боп жүрген күндер» есіңізде ме? Қамсыз шақта үйдің кенжесі әрі еркесі Айдана сізді біраз әуреге салған шығар...
Ермек: Бала кезде Айдананы мектептен алып қайтатынмын. Ағасы ретінде бұл міндет маған жүктелген болатын. Жас аралығымыз жеті жыл.Мен 1984 жылғымын, ал Айдана 1991 жылы дүниеге келді.
Айдана: Ермек кішкентай кезімнен бастап маған қамқор бола білді. «Ағасы бардың жағасы бар» демей ме? Мектепке мені үнемі Ермек алып баратын. Оны талай рет күттіріп қойғанмын. Сабақтан кейін де үйге Ермекпен қайтатынмын. Бес жасымнан бастап әрдайым қасымда болды деуге болады. Мектеп бітіргенше апаратын жерге апарып, өзі алып қайтатын. Мен музыкалық мектепте білім алдым. Мені әрі-бері тасып жүргенде уақытты босқа өткізбейін деп ол да фортепиано үйірмесіне қатысты.
Ермек: Иә, Айдананың арқасында менде пианинода ойнауды үйрендім.
Қателеспесем, отбасында үш баласыздар...
Ермек: Иә, менен бір жас үлкен Назым есімді апайымыз бар. Тұрмыста. Қазіргі таңда жездем Дәурен екеуі үш баласымен Астанада тұрады.
Айдана: Ермек ағам да отбасылы. Айдай сұлу Мақпал есімді жеңгем екеуінің Батырхан есімді ізбасарлары бар.
Бәрекелді. Батырхан деп музыка майталманы Батырхан Шүкеновтің құрметіне қойған боларсыздар?
Ермек: Дәл таптыңыз. Батырхан Шүкенов менің кумирім болатын.
Бала кездеріңізде бірге ойнап па едіңіздер?
Айдана: Жалпы біз ойын баласы болған жоқпыз. Басқа балалар ұқсап асыр салып аулаға шығып ойнағанымыз есімде емес. Балалық шағымыз той-думанмен өтті деуге болады. Әрі Ермек менен біршама жасқа үлкен. Біз отбасымызбен ансамбль болып тойға шығатынбыз. Арамыздағы ең жауапкершілікті бала Ермек болды. Назым екеуміз ауырып немесе еркелеп тойға шықпай қалсақ, Ермектің оған мүмкіншілігі болған жоқ. Барлығына жауапты сол болатын. Өйткені біздің музыкантымыз да, продюсеріміз де Ермек еді.
Демек ата˗аналарыңыз да ән айтатын болды ғой?
Ермек: Иә, әке-шешеміз басқа саланың мамандары болғанымен, шығармашылыққа жақын болды. Әкем суретші, ал анамыз физика-математикадан сабақ берді. Дегенмен екеуі де өте өнерлі. Үйленіп, отау құрғаннан бастап қолдарынан баян, домбыра, гитара түскен жоқ. Жұптасып өнер көрсеткенде халық тамсанып қалатын. Тойды өте жоғары деңгейде басқаратын.
Айдана: Жанұямызбен той-бизнеспен айналыстық. Мен бес жасымнан, ал Ермек шамамен бесінші сыныптан бастап тойға шыға бастады. Естеріңізде болса, ол кездегі аппаратуралар басқа, әуенді кассетаға жазатынбыз.
Ермек: Бізді өнерге әке˗шешеміз жетектеп алып келді. Айдана үш-төрт жасында-ақ екінші дауыста ән айтатын. Ал ол оңай шаруа емес. Уақытымен, кәсіби біліммен келетін нәрсе. Айтатын әндерімізді ата-анамыз таңдайтын. Үшеумізді үш дауысқа қоятын. Айдана екінші, Назым үшінші дауыста, ал мен мен бірінші дауыста ән салатынмын. Әкем болса төртінші дауысты ұстап тұратын. Әкем гитарасын, үш баласын ертіп туған-туысты аралайтын. Мәз-мейрам болып, думандатып, концерт қоятынбыз. Бір сөзбен айтқанда балалық шағымыз музыкамен байланысты болды.
Айдана: ˗Иә, балалық шағымыз далада емес, көбінесе тойханада өтті. Үйде шағын студиямыз болатын. Құрбы-құрдастарымыз ойнап жүрген уақытта біз ән жазумен айналысатынбыз. Ермек бізді жазып алатын, аранжировка да жасайтын.
Ермек: Шаңырағымыздан қонақ арылмайтын. Үйге кісі келсе қуанып, ән айтып, концерт қойып беретінбіз.
Айдана: Ол ісіміз өзімізге ұнайтын. Сондықтан да болар, шаршау дегенді білген жоқпыз. Өнерге, музыкаға деген құштарлық қанымызда бар дүние. Бір жолы үйімізге ұры түсті. Сол кезде қатты қиналып қалдық. Неге дейсіз ғой? Басқа дүниені емес, мини˗дискілерімізді ұрлап кетіпті. Жылдар бойы Ермектің жинаған әндері бір жәшікте жатқан болатын. Ұрылар сол кішкентай ғана жәшікке қол сұғыпты.
Басқа отбасылық ансамбльдердің ісі болар...
Айдана: Біз де солай ойладық. Ең құнды дүниемізді алып кетті.
Ермек: Ол кезде минусовка табу қиынның қиыны болатын.
Ол кезде Айдана қандай еді? Сахна көйлектерін жиі ауыстыратын ерке қыз болған шығар?
Ермек: Аздап ерке болғаны рас. Бірақ шәлкез мінезді емес еді. Сабаққа, еңбекке деген ынтасы зор, еңбекқор қыз болатын.
Айдана: Үйдің кенжесі болғандықтан анам үнемі мені қорғаштайтын. Назым мен Ермек бірдеңе дей қалса: «Тиіспеңдер менің қызыма.Оның тәрбиесімен өзім айналысамын. Менің тапсырыспен келген қызым»,˗ дейтін.
Үйде кім көп таяқ жейтін?
Ермек: Таяқ жеген жоқпыз, Құдайға шүкір. Кішігірім келіспеушіліктер болса, сөз маған тиетін.
Айдана: Ер бала болғандықтан шығар, көбінесе Ермек үйге кеш келсе, анам уайымдап отырушы еді.
Ермек, Айдананың өмірге келген кезі есіңізде ме?
Ермек: Әрине есімде. Анам Семей қаласындағы перзентаханада жатқан болатын. Ауыр жағдайда босанды. Үй-ішімізбен қатты уайымдадық. Мен бастауыш сыныпта оқитынмын. Әкем, Назым үшеуміз көңілсіз отырдық. Бір кезде қуанышты хабар келіп, қарындасты болғанымды естідім. Анам да аман-сау. Қуанышымызда шек болған жоқ. Кейіннен анам үйге Айдана есімді кішкентай әрі қап-қара қызды алып келді. Ол кезде біз Кезенсу ауылында, яғни туған жерімізде тұратынбыз.
Айдана: Дәрігерлер анамның денсаулық жағдайына қарап, баланы алдыртуға кеңес берген екен. Жасанды түсік жасатуға қарсы болған анам дәрігерлерден қашып, Семей қаласында босануды жөн көріпті.
Айданаға Назым екеуіңіз кезек˗кезек қараған боларсыздар?
Ермек: Иә, көбінесе Назым қарайтын.
Көп жылайтын ба еді?
Айдана: Анамның айтуынша, аса көп жыламайды екенмін. Тыныш әрі сабырлы бала болыппын. Қонаққа ертіп апарса, басқа балалармен ойнауға жібереді екен. Ал мен ойнамастан, орнымнан қозғалмастан мамаларды күтеді екенмін. Бес жасымнан бастап елдің алдына шығып үйреніп қалғанға ұялу дегенді білмей өстім. Еш қысылмастан ән айтады екенбіз. Үйде үшеуміз де солай өстік. Неше түрлі байқауларға қатыстық.
Ермек: Назым екеуміз дуэт болып шығатынбыз.
Айдана: Екеуі жас шамалас. Дауыстары да бір˗біріне келеді.
Бірақ өнер жолын таңдаған екеуіңіз ғана ғой?
Айдана: Иә, Назым тұрмыс құрып, балалы болды. Бірақ әлі де үлкен сахнаға шығуды армандайды. Жездеміз де шығармышылыққа жақын адам.
Ермек: Жақында жиеніміз (Назымның ұлы) Дубайда өткен ән байқауынан бірінші орынды иеленіп келді. Ол да өнерден кенде емес.
Бәрекелді!Меденовтер әулеті әлі де тыңдармандарды қуантады дейсіздер ғой...
Ермек: Құдай қаласа. Айдана екеуміз бірлесіп ән жаздыру жоспарымызда бар. Әзірге көңілге қонымды ән таппадық.
Ермек, сізді сахнадан көп көрмейміз. Неге ән айтпай кеттіңіз?
Ермек: Көбінесе саксофонға бет бұрып кеттіппін. Уақыт та зымырып өте шығыпты. Санасам, инструменталды 29 композициям бар екен. Алайда саксофонды барлық жұрт бірдей ұната бермейді. Қазақ халқының жанына әннен жақын дүние жоқ екенін түсіндім. Ән жаздыруға енді кіріспек ойым бар.
Демек Айдана «Кеш you» тобына түспей тұрып, ал сіз жеке шығармашылығыңызды бастамай тұрып-ақ жергілікті жерде жұлдыз болдыңыздар ма?
Айдана: Солай деуге болады. Дүйсенбіден басқа бос күніміз болмайтын. Кейбір адамдар арнайы біз үшін тойларын дүйсенбіге белгілейтін.
Гонорар жағын кім келісетін?
Музыкалық мектеп үйлеріңізден жырақта ма еді?
Қаншалықты жиі кездесіп тұрасыздар?
Айдана: «Кеш you»тобынан кеткелі бері жиі кездесіп тұрамыз. Гастрольдерім азайды.
Айдананың кішкентай қызын қалай атайсыз?
Ермек: Әминка. Өте тыныш, кішкентай кезіндегі Айдана сияқты. Өзі әкесінен аумайды.
«Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле. Өйткені кез келген бала әке-шешесіне ұқсайды» деген сөз бар. Әминә, Батырхандардың бір-біріне жақын болып өсетіні сөзсіз. Жалпы адам баласы өзіне ата˗ананы да, бауырды да таңдамайды...
Айдана: Біз өте бақытты жандармыз. Әлемдегі ең керемет жандардың баласымыз. Құдайға шүкір,ата-анамыздың арқасында өмірімізде анау айтқан қиыншылықтар болған жоқ. Бізді ешкімнен кем қылмай өсіру үшін мамамыз бен папамыз ештеңеден аянған жоқ. Біз үшін еңбектенді. Жан-жақты болып өсуіміз үшін түрлі үйірмелерге берді. Біз үшін қалаға көшті.
Қазір әкелереңіз кіммен тұрып жатыр?
Әкем екінші рет отбасын құрды. Алла тағала Гаухардай ақылды, әкеміздің жанын түсіне алатын адаммен жолықтырғанына тәуба. Біз ер жетіп, әрқайсымыз бөлек-бөлек отау құрып кеткендіктен, қасында жанашыр, сырлас адамы барына қуанамыз. Алдияр есімді тәп-тәтті бауырымыз бар. Олар Астана қаласында тұрады.
Аналарыңыз сіздердің жетістікке жеткендеріңізді көре алды ма?
Айдана: Ермектің «Супер Стар»-ға қатысқанын, одан кейін тұңғыш немересін көрді. Өмірінің соңғы бес жылында қатты ауырды. Ең болмағанда тұңғыш немересін көргеніне қуанамыз. Өте ерте кетіп қалады. Ол кез әрқашан жадымда қалатын шығар. Ермек пен Назым есейіп қалған. Әрине, анасен 50-60-қа келсең де ана болып қалады. Мектеп бітіретін жылы анамнан айырылып қалдым. Менің қамымды ойлап, әкем, Ермек және Назым ұзақ уақыт бос отыра алмады. Мені аяққа тұрғызу үшін Ермек жұмыс істеді. Әкем, ағам мен әпкем үшеуі үлкен қолдау көрсетті. Сол сәтте жалғыз болмағаныма, анамның дүниеге үш перзент алып келгеніне қатты қуандым.
Ермек: Қиын кез еді. Анамыз небәрі 45 жасында көз жұмды. Одан кейін әкеміздің үлкен әпкесі Рыскен апайымыздың қолында тұрдық. Үшеумізді үш жаққа жібермей, бағып-қаққан сол кісіге мың алғыс. Құдайға шүкір, туған-туыстарымыздың арқасында ол қиыншылықты да өткердік.
Айдана: Анамыздан айырылып қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Ол біздің отбасымыздың ғана емес, бүкіл әулеттің анасы бола білді. Жақын туыстарымыздың бәрі де үнемі анамнан келіп кеңес сұрап, соның ақылына құлақ асып отыратын. Анам да ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Үнемі бәріне хабарласап, түгелдеп отыратын. Ешкімге ренжімейтін, ешкіммен ұрыспайтын, бәрін түсінуге тырысатын абзал жан еді.
Ермек: Туған˗туыстарымыз қиын жағдайға тап болса, соған жүрегі ауырып, уайымдап отыратын. «Әркімнің проблемасына басыңды ауырта бермеші», деп мен ұрысатынмын. Өте ерте тұратын, кеш жататын.
Айдана: Бір сөзбен айтқанда, халықтың адамы болатын. Өмірден ерте озатынын өзі де білгендей. Өмірге деген құштарлығы зор еді. Барлығына үлгеретін. Біздің жағдайымызды жасап, үйдің шаруасын реттеп, тойын өткізіп, туған-туысқа да уақыт бөлетін. Үйдің бәрін жайнатып отыратын кісі еді.
Айдана: Иә, біраз жер болатын. Автобуспен барып келетінбіз. Мектептің алдынан өтіп бара жатқан бір қызды тоқтатып, жағдайды түсіндіріп, жолға он теңге беруін сұрадым. Адасып қалғанымды айтып едім, әлгі қыз маған жиырма теңге берді. Аялдамаға барып, автобусымды күтіп, үйге өзім келдім. Келсем, үйдегілердің бәрі әбден қорқып, жылап отыр екен. Қазір күліп отырмыз, ал ол кезде өте қорқынышты жағдай болды.
Мұндай жағдайдан кейін тығылып қалуды доғарған шығарсыз?
Ермек: Одан кейін де Айдананы бірнеше рет күттіріп қойғаным бар.
Айдана: Мені күттіріп қойса, кетіп қалатын әдетім бар етін. Бірінші сыныпта оқып жүргенімде үйдегілер мені алып кетуге уақытында келмеді.
Ермек: Ал ол кезде біз уақытында үлгеру үшін папа екеуміз асығып, жол апатына түсіп қалдық.
Ермек қандай аға болды?
Айдана: Анам Ермекті кішкентай кезінен жақындарына қамқор болуға, ақша табуға, жауапкершілікті болуға баулыды. Өте қамқор болды. Үйде мен ғана орысшаға жақын болдым. Ермек бір жерден орысша кітап кезіктірсе, маған алып келетін. Әр іске жауапкершілікпен қарайтын, әрі қызығушылықпен келетін. Мысалы, мені пианинода ойнауға анам итермеледі. Ал Ермек өзі қызықты. Қалауы, құштарлығы мықты болғандықтан да, пианиноны менен мықты меңгеріп алды. Мен жеті жыл бойы фортепиано сыныбында оқығаныммен, қазір санаулы туындыны ойнай білемін. Ал Ермек кез келген аспапты оңай игеріп алады. Алладан берілген талант деп ойлаймын. Саксофонды да бір айдың ішінде меңгеріп алды. Жалпы қалаған нәрсесіне қол жеткізбей қоймайды. Шоу-бизнес әлеміне ол менен ерте келді. Белгілі бір орталарда оны менен қарағанда көп таниды. Талантты музыкант ретінде сыйлайтын жандар көп. Жүрген жерімде ағамның атына көп мақтау сөз естимін. Мен де бір марқайып қаламын.
Кішкентай кездеріңізде сіздерді қалай атайтын?
Айдана: Мені Айдошка, Айдони, анам Айдока дейтін.
Ермек: Ал мені әкем Емеля дейтін.
Айдана: Үйдегі атмосфера әркез жарқын болатын. Бір үйде тұрып, бір-бірінің жүзін көрмейтін адамдар бар. Әркім өз бөлмесіне тығылып дегендей. Біз керісінше жарық сөніп қалса қуанатынбыз. Шырақ жағып, гитарамен ән айтатынбыз. Шай ішіп, әңгіме-дүкен құру біздің сүйікті салтымыз болатын. Болмашы нәрселерге ренжісіп, ұрыспайтынбыз. Отбасымызда әрқашан береке болатын. Сол берекені сақтап қалу үшін анам мен әкем көп тыраштанды. «Әрқашан бірге болыңдар, бір-бірлеріңді қолдап жүріңдер» деп өсірді. Отбасы құндылықтары біз үшін қымбат. Біз өзара тату болып, бір-бірімізге қол ұшын бермесек, басқа ешкім көмектеспейтінін жақсы білеміз.
Айдана: Әрине, әке˗шешеміз.
Ермек: Кезінде әкем аппаратура алу үшін қарызданған екен. Ондай дүниеге бәрінің қолы жете бермейтін. Себебі қымбат тұратын. Әрі анамыз қарсы болған көрінеді. Ақырындап бәріміз анамызды көндірдік. Тойға шығуымыз сол кезден басталды. Назым мен Айдана үйде қалатын. Алғашқы бір жарым жыл анам, әкем үшеуміз шығып жүрдік. Уақыт өте келе сұраныс та көбейді. Ақырындап өзге қалаларға шақырту ала бастадық. Назым мен Айдана қатарымызға қосылды. Керемет кездер болатын.
Отбасыларыңызбен ән ғана айтушы ма едіңіздер?
Айдана: Анам, әкем асаба болатын, біз ән шырқайтынбыз. Тойға ғана емес, кейіннен беташарға да баратын болдық.
Ермек: Беташардың өзін аппаратурамен, заманауи үлгіде өткізетінбіз. Ата-анам ерекше басқаруға тырысатын. Анам энергетикасымен-ақ елді өзіне қаратып алатын. Бір тойдың иесі соншалықты риза болып, бізді бүкіл туған-тусының тойына шақыртты. Сөйтіп бір әулетке он жеті рет барыппыз.
Айдана: Барлық ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзаттық.
Ермек: Бір жағынан ол кісілер бізді көп ізденуге итермеледі. Сол кезде репертуарымызға әртүрлі әндер қосылған болатын.
Қандай ән орындайтын едіңіздер?
Ермек: Біз Назым екеуміз түрік, ағылшын, итальян тілдеріндегі әндерді жаттап алатынбыз. Кішкентай Айдана бір ғана ән айтатын. Ол әйгілі «Маленькая страна» әні. Бір ғана ән айтып, бес мың теңгедей алып кететін. Сол кездің өзінде арамызда Айдана жұлдыздай жарқырап тұратын. Папам үйге звондап: «Айдана, дайынсың ба, қызым?» - деп алдымен сұрайтын. Кішкентай ханшайым «дайынмын» десе, мен оны алып кететінмін. Бұйра шашты қыз әнін шырқап, ақшасын алғаннан кейін оны қайтадан үйге апарып тастайтынмын. Біз бес жүз теңге берсе де, мәз болып қалатынбыз.
Айдана: Иә, менікі рахат болатын. Барғым келсе баратынмын. Ермек кешке дейін жұмыс істесе де, мен одан көп ақша табатынмын.
Ермек: Сізге бір қызық айтып берейін. Айдана музыкалық мектепте оқып жүргенде мен оны алып қайтатынмын. Бір күні: «Мен бір жерге барып келемін, сен осында тұр, ешқайда кетпе» деп оны мектептің алдында қалдырып кеттім. Сонда Айдана небәрі бес жаста. Қайта келсем, Айдана орнында жоқ.
Айдана: Ермек солай менімен ойнайтын. Өзі тығылып қалып, мені бақылап тұратын. Ал мен оны үнемі күтіп отыратынмын.
Ермек: Оны әдейі ызаландыратынмын. Үйде тиісе алмайсың. Сол себепті үйден жырақта жылатып, соған мәз болатынмын.
Айдана: Бұл жолы да әдеттегідей тығылып отырған шығар деп ойлаған едім.
Ермек: Есім шығып кетті. «Енді не істеймін? Үйге не бетімді айтамын? Қала орталығында қарындасымды жоғалтып алдым. Енді мені өлтіреді» деп ойладым. Қатты шошып, үйге жылап келдім. Үйге келсем, Айдана үйде отыр екен.
Айдана: Ол мені үш˗төрт сағат бойы іздепті. Айналаны түгел шарлап, адамдардан сұрастырған. Бес жасар бала жалғыз өзі үйге қайтып кетті деген ой миына да кіріп шықпаған.
Қазақта «Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» деген сөз бар емес пе? Сол туған-туыстың жақсылығының арқасында Айдана әлі де ерке қыз қалпын сақтап қалған сияқты көрінеді маған..
Айдана: Анам бар кезде өте ерке болдым. Шамамен он жасымда бір ауруға душар болып, ұзақ уақыт емделдім. Сол кездері мама мені қатты еркелетіп жіберді. Ауруханада жаттым, одан кейін бірнеше жыл бойы ауырдым. Мен ханшайымдай сезіну үшін анам бәрін жасайтын. Мен расымен де өзімді ханшайымдай сезінетінмін. Сыртта не болып жатса да, өзім қалаған нәрсемен айналысатынмын. Анамнан айырылған кезде бірден есейдім. Өмірдің тек қызғылт түстен тұрмайтынын түсіндім. Ерке болғаныммен, ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты, үлкен мен кішіні айыра білетін, нан тауып, жұмыс істей білетін отбасында өстім. Ештеңеге бас қатырмасам да, көрген нәрсемнің бәрін ойға түйгендеймін. Тек соны дұрыс пайдалана білу керектігін түсіндім. Өз ақылыма сүйенуім керектігін түсіндім. «Бұл сенің өмірің, өз мәселелеріңді өзің шешуге тиіссің» деп өзімді іштей тәрбиеледім. Кез келген жағдайда: «Бұл сәтте анам не деп айтар еді?» деп ойланатынмын. Мысал ретінде айтайын, алдымда түнгі клубқа бару немесе үйге барып реферат дайындау сынды таңдау тұрса, «әрине, анам менің үйге қайтуымды қалар еді», деп ойлайтынмын. Анам жоқ болса да, жоғарыдан қарап тұрған шығар деп көңілін қалдырмауға тырысатынмын. Шыны керек, мектепте бестікке оқыған жоқпын. Тек университетте жақсы оқи бастадым. Себебі өзіме талап қойдым. Өзімді˗өзім тәрбиелеумен айналыстым. Ермектер соған куә болды.
Ермек: Айдана ойлаған ойын іске асырмайынша тынбайтын қыз. Ол жағынан анама ұқсайды.
Қазір қандай қарым-қатынастасыздар? Байқауымша, керісінше Айдана сізге жөн сілтеп отыратын секілді...
Ермек: Оныңыз рас. Мен кішкене ұялшақтаумын. Елдің алдында көсіліп сөйлей алмаймын.
Айдана: «Кеш you» тобында болған кезде көп сұхбат беретінбіз, түсірілімге жиі қатысатынбыз. Сондықтан да камераның алдында қысылмай сөйлеуім заңды нәрсе. Мен үшін ол үйреншікті жағдай. Ал Ермек продюсермен жұмыс істеген жоқ. Алғашқыда, керісінше мен қатты қорқатынмын. Кастингтен өткен кезде Ермекке хабарласып, кеңес сұрадым. Неше түрлі қыздар тобын көргеннен кейін болуы керек алғашқы уақытта ол да жүрексінді. Екеуміз ақылдасып, бір күннен соң жауабымды бердім.
Демек сіз әр кез ағаңызбен кеңесесіз ғой?
Айдана: Біздің отбасымызда солай қалыптасқан.
Сұхбаттасқан Ай-Керім Самалбекқызы
@aikerimsamalbekkyzy
Фотограф: Олжас Жакенов
comode.kz