Айдай Исаева: Сұлулар байқауында жеңімпазды саясат пен ақша шешеді (фото)
«Әлем аруы» сұлулық байқауында кімнің тәжге ие болатыны саясат пен көп ақшаға байланысты. Майямиде өткен сұлулық байқауынан оралған қазақстандық хас сұлу Айдай Исаева осындай ой түйіпті. Естеріңізге сала кетсек, Айдай Исаева әлемнің ең үздік 15 сұлуының қатарына іліге алмаған болатын. Біздің ару байқау ұйымдастырушыларының әділетсіз екенін айтты.
«Майямиден келгелі менің түсінгенім барлық сұлулық байқаулары, оның ішінде «Әлем аруы», «Жаһан аруы» секілді байқаулар – бұл жекелеген адамдардың бизнесі. Мұндай салтанатты іс-шараға өте көп қаржы жұмсалады. Өйткені ұйымдастырушылар осы байқау арқылы барынша көп ақша тапқысы келеді. Байқауға дайындық кезінде арулардың қатысуымен небір кештер, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Сондай кештердің бірінде Паулина Веганың телефон тұтқасын Дональд Трампқа ұсынғанын өз көзіммен көрдім. Мен өзімді байқауға адам санын көбейту үшін барғандай сезіндім. «Ресей аруы» Юлия Алипова да өзінің осындай сезімде болғанын айтқан еді. Меніңше, жеңімпаздар алдын ала белгілі болды. Өйткені олар үшін арнайы фотоссесиялар жасалды, бейнероликтер түсірілді. Украиналық арудың алғашқы үштікке кіретіні айтпай-ақ белгілі болды. Өйткені Украинадағы саяси жағдайға байланысты қазылар алқасы украиналық аруға қолдау білдірді. Ал АҚШ аруы Ниа Санчестің жерлесі қазылар алқасынының мүшесі болғаны баршаға аян. Мен ешкімді кінәлайын деп отырған жоқпын, бірақ мен әділеттіліктің болғанын қалар едім.
Өзінің сұқбаттарының бірінде Дональд Трамп: «Жаһан аруы» – әлемдік мәртебесі бар іс-шара, бұл байқауды әлемнің ең ірі БАҚ өкілдері бақылап отырады. Халықаралық қазылар алқасы өкілдерінен бөлек аймақтық тәуелсіз аудиторлар сұлулық байқауына баға береді. Олардың ешқайсысы әділетсіз ойын үшін абыройларын түсірмейді» деп бізді сендірген болатын.
Егер әлемдік байқаудың беделі туралы айтар болсақ, әлем бойынша өтететін ең басты сұлулық байқауларында соңғы 15-20 жылда жеңімпаз атанған арулардың шыққан тектері таңғалдырады. Күні бүгінге дейін жүлделі орындардың 70 пайызын Венесуэла, Колумбия, Мексика және Бразилия арулары иеленген екен. Қай елде «лас» ақша, жемқорлық басым болса, халықаралық аренада сол елдің сұлуы жеңімпаз атанады.
Мен өзімнің үздік 15 арудың қатарына ілігетініме сенімді едім, алайда олай болмады, осыдан кейін тіпті көңіл-күйім түсіп кетті.
Айдайдың көңілі түсетіндей жөні бар. Өйткені ол халықаралық сұлулар байқауы үшін аз қаржы жұмсаған жоқ. Қазақстандық сұлу өз ақшасына билет алып, қазақстандық дизайнерлерге тапсырыспен киім тіктірген болатын.
«Мұндай байқаулардың басты мақсаты – шоу жасау. Қатысушылардың жағдайына ешкім бас ауыртып, әуре болмайды. Кейде түнгі 3-ке дейін түрлі кештерге қатысып, таңғы 6-да боянып-сыланып, әдемі киініп, биік өкшемен дайындыққа барған күндеріміз де болды. Бірнеше ай бойына біз тәулігіне 2-3 сағат қана ұйықтадық. Мен үшін ең қиыны ұйқы қанбаса да, әдемі болып көріну болды. Бос уақыт деген мүлде болмады, супервайзерсіз бір қадам жасай алмадық».
Сұлулық байқауынан алған жақсы әсерлерім де көп. Біріншіден, өмірлік тәжірибеден өттім, екіншіден өте көп талантты адамдармен таныстым. Байқауға қатысқан қыздардың бәрі жақсы, кейбіреуімен достасып үлгердік. Маған ең көп қойылған сұрақ – «Қазақстан қай жерде орналасқан?» деген сұрақ. Мен оларға Қазақстан жайлы, халқымыздың дәстүрі, адамдары туралы ерекше ықыласпен айтып бердім.
Айдайдың сұлулық құпиясы
Сұлу болу өте маңызды. Өйткені біз тек ер адамдары емес, барша адамзатты қанаттандырамыз. Бірақ ең маңыздысы әйелдің ішкі сезімі. Үйден шыққанда әйел адам өзін ең әдемі сезінуі тиіс. Сонда ұсақ-түйек кемшіліктер білінбей де қалады, өзін керемет сезінетін әйел айналасындағыларды өзіне тартып тұрады. Ал сыртқы сұлулыққа келсек, ең алдымен уақытымен ұйықтау, дұрыс тамақтану керек және өте көп мөлшерде су ішкен дұрыс.
Суреттерді түсірген: Мария Ульянова