"Ай қарагөз" неге жай қарагөз емес?
Талғат Теменов дегенде есімізге не түседі? «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс»… Бұл фильмдер көтерген тақырыбының ауқымдылығымен қымбат еді. «Адамдар арасындағы бөлтірік» ғаламдық, пәлсапалық мәселелерге барды. Адам неге жыртқыш? Неге адамдар арасында өмір сүру мүмкін емес?.. «Қызғыш құс» Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген ең алғашқы (әзірге дейін тіпті жалғыз) көркем фильм еді. Қуғыннан қашқан Санжарға кездесетін оқиғалар да, адамдар да, атмосферасы да, бәрі шынайы еді. Бір кезде Талдықорған театрында актерліктен бастап, тіпті, бірқанша рөлдерді сәтті сомдап жүрген «қара баланың» кино әлеміндегі тырнақалды туындылары кім-кімді де айран-асыр қалдырған. Ролан Быковтан, Сергей Соловьевтан дәріс алған ол, Мәскеуден қазақ киносындағы «жаңа толқынның» көрнекті өкілі болып оралды. Сергей Соловьевтің ол туралы айтқан бір сөзі бар: «Талғат өтірік айта алмайды. Қай туындысында да шынайы» деген. Расында, ол не түсірсе де, не жазса да, не қойса да шынайы болмысын танытты. Танытып келеді. Елге жағып ақылды болу, біреуге ұнау үшін жасанды тереңдіктер іздеу, «түсініксіз болуға тырысу» - оның қолтаңбасына жат. Ол қандай – оның қолынан шыққан туындылары да сондай. Оның тырнақалды екі филь-мінен-ақ көрермен Талғат Теменовтің суреткер екенін байқаған. «Қара бала» осылай, қабілет-қарымын бірден көрсетіп алды да, өзінің сүйікті тақырыбына көшті. Онысы – махаббат болатын.
«Махаббат бекеті» ұзақ уақыт қазақ киносындағы бірден-бір мелодрама болып келді. Шебер өрілген, кейіпкерлері сүйкімді, диалогтары цитаталарға тараған махаббат оқиғасы. Орал пойызда отырып бүлдіршін қызды көреді. Естеліктерінен оянғанда Гүлназы алдында тұрады. «Көшпенділер» де бізге ең алдымен достық пен махаббат туралы шығарма ретінде әсер етті. «Спартактағы» сияқты, мұнда тұтқынға түскен екі дос шайқасады. Спартак сияқты, Мансұр жеңіп шығады. Қарсыласы Ералы екенін білгенде, досын өлтірген Спартак сияқты күйінеді. Бірақ, Ералының әдейі жеңілгенін білгенде «Спартак» жолда қалады. Бұл шешімдердің барлығы нағыз «киношный» шешімдер болатын. Сірә, сол «Махаббат бекетінен» бастап, Теменов киноларындағы оқиғалар міндетті түрде «кинодағыдай». Ұзақ үзілістен кейін Теменовтен күткен кезекті фильм «Менің күнәлі періштем» де махаббат туралы болып шықты. Теменов бізге өз түсінігіндегі махаббатты паш етті. Сосын, әрине, «боялған өмір»: әдемілік, гламур, кадрларының бәрі өмірдегіден өзгеше. Бұл — режиссердің ұстанымы. Ол үшін кино — ертегі сияқты, өмірге қарағанда көркем болу керек.
Осы екі аралықта Теменовтің театрмен «романы» басталады. Театрға келуінің өзі қызық. Өзі пьеса жазып, өзі қойды. Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған «Көгілдір такси» мелодрамасы заманауи тақырыптағы заманауи қойылымның эталонындай қабылданды. Іле-шала пьеса елдің бірнеше театрларында қайталап қойылды. Теменов «Алма бағын» жазды. Чеховтың «Шие бағы» сияқты, екі дәуірдің шекарасындағы, адамдардың құндылықтары өзгерген дәуірін бейнелейтін пьесада тағы да махаббат үстемдік құратын. Теменовтің өзі жазып, өзі қойған үшінші туындысы «Мулен Ружға шақыру» қалталының құрығына түскен бойжеткеннің түбінде шынайы махаббатқа жолығып, мойынсұнуы жайлы. «Бөлтірік бөрік астында». Қалтай Мұхамеджановтың бұл комедиясы Жастар театрында басқаша шешілді. Бас кейіпкер алдамшы емес, аяқ астынан шынайы сезім іздеген жан болып шығады. Теменовтің барлық кейіпкерлері түбінде бірақ нәрсеге: махаббатқа адал болып шығады. Өзі айтпақшы, оны «ең соңғы романтик» деуге болады. Ол қашан да түкке тұрмайтын, шаблонды оқиғаның өзінен кісі жүрегін дір еткізіп, тіпті, жүйкесі бос бойжеткендерді ебіл-дебіл жылататын дүние шығарады.
«Бөлтіріктен» кейін аударма пьесалар легі кетті. В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні». Соғыс кезінде Берлин түбінде кездескен орыс солдаты мен неміс қызы туралы. Біліп отырсыз, бұл «соғыста» махаббат жеңеді. А.Вампиловтан аударылған «Кішкентай үйдің үлкен құпиясы» қойылды. Мұнда да солай.
Теменов үшін театр сахнасындағы жаңа белес Ш.Айтматовтың есімімен байланысты. «Қызыл орамалды шынарым» — қырғыз музыкасымен сәтті көмкерілген, бояуы қанық, әсерлі туынды болып шықты. Салған жерден көрермен ықыласпен қабылдады. Өйткені, оның тіні – өмір ғой. «Адамдар ессіз болып дүниеге келеді, есалаң өмір кешеді, есін жиғанда тым кеш болады». Ілияспен бірге көрерменнің бәрі қонбай кеткен бақытын жоқтап шығатын. Осы автордың тағы бір туындысы «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» те жарық пен бояуы, сазы мен суреті үйлескен туынды болып шықты. Ең бастысы, спектакль Айтматов шығармасының философиялық тереңдігіне лайық бола алды. Одан кейін «Карменситаға» кезек келді. Әдеттегідей ән мен би, динамикалы көріністер, басты рөлдегі Жанар Мақашева бұл қойылымның сөзсіз табысы деуге болады.
Бұл айтылған шығармалардың бәрі Теменовтің тынымсыз ізденісте екенін көрсетті. «Ендеше, неге қазақы бояуы қанық шығарма қоймады?» – деген заңды сауал туады. Қазақы дүниелерді менсінбегеннен емес, қазақ классикасына өзін лайық санамағаннан. «Қазақ классикасы деген – інжу-маржанымыз. Мен көркемдік көзқарастарым қалыптаса бастаған кезеңде Мәскеуде тұрдым, орыс спектакльдерімен, шет ел киносымен өстім. Салған жерден қазақ классикасына бара алмағаным да – Мұхаңдар, Ғабеңдер алдындағы жауапкершіліктен еді. Институтты бітірмей жатып жас режиссерлердің біресе «Ақан Серіні», біресе «Қыз Жібекті» жылтыңдатып қоюының өзінде үлкен кінәрат жатыр. Адам жүгіру үшін алдымен қаз тұрып, тәй-тәй басып үйренбей ме? Сол секілді, заманауи пьесалар мен аударма дүниелер менің театрға бейімделу жолдарым еді», – деп ағынан жарылды ол бізге берген бір сұхбатында.
Сөйтіп, ұзақ толғаныстан кейін дүниеге «Ай Қарагөз» келді. М.Әуезовтің баршаға таныс трагедиясы жаңаша, тың сипатта қойылды. Былай қарағанда, ол пьесаны өзгерткен жоқ. Жай ғана, қажетті акценттерді суырып алып, алдыңғы планға шығарды. Мүлдем бөлек спектакль шықты. Шығарма «Қайдасың?!» деген Сырымның жанайқайынан басталады. «Үш түн болды, еш жерде жоқ. Адасып кетеміз, қайтайық!» деген жігіттер, «Сендер жүре беріңдер, мен кейін барам» дейтін Сырым. Ақтүтек. Табылған қыз. «Сырым, мен сенің келеріңді білгем» — «Мен сені енді ешкімге де бермеймін». Бұл мизансценаның пьесада болмағанын айтып жату артық болар. Көзі-қарақты көрермен түпнұсқада, Әуезовте Сырымның: «Мен Қарагөзді үш күн, үш түн іздегенде өзім үшін таптым», – деген бір-ақ ауыз сөзі барын біледі. Ал Теменов содан сахна жасады.
Келесі көрініс — ауылдың той алды қарбаласы. Күйеуді қарсы алуға асыққан жұрттың өз қызығы өзінде. Қуанышты жұртшылық той иелерінің жандүниесінде қандай арпалыстар болып жатқанынан бейхабар. Осы беймаза көріністер трагедияның бояуын қалыңдата түседі. Әуезовтің шеберлігіне кезекті рет бас июден басқа амал қалмайды. Өйткені, «Қарагөз» — тойдың фонындағы трагедия…
Көптен күткен күйеу де көрінді. Нарша бекер эполетін тағып келген жоқ. Ол Омбыда оқыған, Шоқанды еске түсіреді. «Қарагөз жоқ» деген сөз соншалықты суық әсер қалдырғаны да содан. Ол бұлардың бәрінен бір бас биік тұрған, сұңғыла жігіт. Тойға дайындық болып жатқанда Сырым мен Қарагөз кездеседі. Екеуі де көйлекшең жүреді. Режиссердің осы шешімінің өзі әлдебір жәйттерден емеурін танытса керек.
Талғат Теменов басқа басқа, бірақ, ән, музыка таңдаудан ешқашан қателеспейді. Тұрсынжан Шапайдың «Дариға дәурені» нағыз Сырымның әні екен. Бұрын қалай байқамағанбыз?
Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін қанатым жоқ қалып барам.
Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам?
Наршаның Сырымға келуінің бір мәні де осы жолдарда жатыр. Осы уақытқа дейін Нарша көп жағдайда қатардағы байдың баласы болып келді. Әуезов пьесасында: «Сырым, сені Нарша шақырып жатыр», – деп кісі келетін. Теменов трактовкасында Сырым Наршаға өзі келеді. «Мына далада екеуміздей тірі өлік, екеуміздей шерменде жоқ шығар» дейді ол өзін масқаралаған, азаматтық абыройын таптап кеткен Сырымға. Неге айтып отыр? Өйткені, ол – өзінің махаббаты мен өзінің қасіретінде жападан-жалғыз. Оны Қарагөздің туған әжесі болса да, Мөржан түсінбейді. Оны өзінің туған шешесі мен әкесі түсінбейді. Асан да, Ақбала да түсінбейді. Қарагөзден айрылудың қандай болатынын Сырым ғана түсінеді.
Байқадыңыз ба, бұл бір кездегі «ескілікке», қазақтың дәстүріне, бай-феодал-дардың (социализм дәуірінде сондай бір сүйікті сөз бар еді ғой) әділетсіздігі мен озбырлығына қарсы жазылған шығарма емес. Әңгіме Наршаның бай, Сырымның жарлы болуында да емес. Әңгіме Қарагөз бен Сырымды қалайда арашалап алуда да емес. Қай дәуірдің көзімен қарасаң да қазақ жеті атаға жетпей қосылмайды. Әңгіме – махаббат атаулының күштілігінде. Егер Сырым соққыға жығылып елден безсе, Қарагөз жынданып кетсе, Нарша Сырымға келсе, ол сезім қаншалықты күшті болу керек?
Қаз көшіп омырауын алқымдаған
Айдын көл мұңаяды салқындаған
Басынан Төлегендей ғашықтардың
Айналып алты қаздай қаңқылдаған…
Бұл әндегі табиғат пен махаббаттың гармониясы, бұл әндегі қоштасу сарыны спектакльдің градусына дөп келеді. Осыған дейін дәстүрлі қойылымға бармаған Теменов үшін «Дариға дәурен» қазақылықтың кілті сияқты болды.
Қарагөз — әлсіздік. Оның өз туысы Сырымды сүюі де, Сырымды сүйе тұра Наршамен кетуі де, некелі төсегінен қашып шығып Сырыммен табысуы да, сол масқараның бәріне шыдай алмай, ақыры жынданып кетуі де — әлсіздік болатын. «Қарагөз — психологиясы бағынышты, өте нәзік қыз. Біреу “Вы играли бег от любви” деді. Расында солай. “Қызыл шапан қайда?” дейтін сөз бар. Демек, қыздың абыройы төгілді. Қарагөз неден жынданды? Ғашықтықтан жынданды дегенге ешкім сенбейді. Сырымға сені жақсы көруге тиісті емеспін дейді. Наршаны сүйгісі келеді, сүйе алмайды. Енді шешіліп, Сырыммен кетейін дегенде таяққа жығады. Адамның адамдығы тапталған кезде ол шыдамады». Қазақ театр өнерінің падишасы, марқұм Фарида Шәріпова бізге берген сұхбатында бір кезде өзі ойнаған Қарагөз туралы осылайша сыр ақтарып еді. Қазіргі актрисалар осылай ойлана ма, рөлдің тереңіне бойлауға тырыса ма, білмейміз. Білетініміз – біз дәл қазір көріп жүрген Қарагөздердің ішіндегі дәл осындай адасқақ және аяулы Қарагөз – осы Аида Жантілеуова ғана. Бұл Қарагөздің бойында нәзіктік те, драматизм де бар, беті-жүзі, дене тұрқы, бүкіл өне бойы ышқынып тұрады. Дегенмен, актрисаның кейбір паузалары тым созылыңқы. Тағы бір болмашы кемшілік, «Алтын бесік» әнін айтқанда, ол тым сұлық көрінді. Ән ритмі бөлек, қыз ритмі бөлек. Осыларды есепке алмағанда, Аиданың Қарагөзі режиссер үдесінен шыққаны анық.
Есесіне, Нарша образындағы Мұхитдин Шынтаевтың паузаларында мін жоқ. Мұхит – өзі сомдаған қай образдың да нәзік иірімдерін таба білетін актер. Нарша – бұл қойылымдағы бірден-бір интелектуалды, іштен тынатын образ, Мұхит та оны ішпен ойнады. Нарша қойылым басталған кездегі «Қарагөз жоқ» деген сөзден-ақ секем алып, Қарагөздің сатқындығын сезді. Басқа бір озбыр, менмен байдың баласы болса, Қарагөзді масқаралап, Мөржанның асын төгіп, аяғын төңкеріп кететін еді. Нарша — бұл қойылымның ұяты. Оның жұмсақтығы — әлсіздік емес, күштілік. Толстой қалай дейтін еді, «Біреуді ұяттан арашалап алу ең үлкен адамгершілік» дейтін бе еді? Наршанікі де - өзін жеңуге тырысатын, ел үшін ұялатын күштілік. Нарша мен Қарагөздің тойдан кейінгі, жеке қалатын сахнасы бар. Талғат Теменов екі кейіпкердің де көздерін байлап шығарыпты. Бірін-бірі танымайды. Жүрек түкпірінде не болып жатқанын білмейді. Нарша Қарагөздің байлауын шешеді. Қарагөз сәл кідіріп барып, оныкін шешеді. Бірақ, түсіністік табылмайды. Нарша алғаш рет кіжініп тұрып, қайратына мініп сөйледі. «Сен бүгін менің жанымда қаласың» деді. Бос бесікті тербетіп тұрып айтты. Бесіктің қазақ үшін қаншалықты символдық мәні барын дәл осы жерде айтып жату артық шығар. Бесікпен бірге Наршаның бойындағы мейірім, адал неке, тазалыққа деген құштарлықтың бәрін оқисыз. «Сен қаламаған болсаң не істей алам? Мен қайтейін, жерге кірейін бе?» дейді, сүйкімсіз күйеу рөлі өзіне лайық еместігін білетін Нарша. «Сіздің есер де ессіз қара күштің иесі емес, осы адалдығыңыз бен ақ көңіліңіз қинайды-ау мені». Бұл — Қарагөз. Ақылмен түсініп тұрса да, жүрек қалауына ие бола алмаған Қарагөз. «Құдайым-ау, жынданғаннан саумысың, Қарагөз?!». Мұхитдин-Наршаның бұл жанайқайынан Қарагөзге деген күллі іңкәрлігін естисіз.
Ал Дархан Сүлейменов алғашқы көріністерде рөлінің тереңіне жете алмағандай сезілді. Бедірең, бетпақ, ызасы бетіне шығып, лепіріп сөйлейді. «Торға түскен ақтотым… Келші күнім!» дегенінің бәрі – нашар мағынасындағы пафос. «Қарагөздің Сырымнан артық жары болушы ма еді?!» дегенде де Қарагөзден гөрі өзіне ғашық, тойынған адамды көрдік. Келесі бір көріністе «Қарның тойса, құрбыңды аңдып, қайғы көрмей өскен жер» деп әндетеді. Міне, осы жерде Сырымның домбыра сілтесінің өзінде протест бар. Мөржанмен диалогында дөрекілік те байқалады. Расында, қарап отырсақ, осы уақытқа дейін биязылықпен айтылып келгені болмаса, Әуезов жазған Сырымның әр сөзінде қарсылық бар екен. Теменовте Наршаның өзі іздеп келетін көрініс бар ғой. «Иә, Нарша, бұл не жүріс?» дейді ол кейісті үнмен. Өзін кінәлі сезіну жоқ, қайта Нарша мұның тиістісін тартып алған ұры сияқты.
Спектакльдегі төртінші маңызды бейне – Мөржан. Мөржанды Гүлжамал Қазақбаева ойнамағанда кім ойнасын. Жастар театрында одан гөрі толысқан актриса жоқ шығар. Бұл рөл — ол үшін үлкен табыс, сәттілік болды деуге болады. «Ол күйіктің азабын маған тарттырма! Осы естіген сұмдығым да жетер!». Осы сөздердің бәрі соншалықты дауылды екпінмен айтылады. Қарагөз түгілі, көш бастаған азаматтың өзі төтеп бере алмайтындай. Нарша ауылындағы Ақбаламен диалогта әр сөзін созып сөйлеуі… ел «тойбастар…» деп жатқанда ойлы кейіппен кетіп бара жатуы… бәрі нағыз суреткердің жұмысы. Кейбір трактовкаларда Мөржан деспот сияқты көрінетін еді ғой, Гүлжамал Қазақбаеваның сомдауындағы Мөржан ең алдымен Ана, оның бойынан ең алдымен мейірім және ар шуағы төгіліп тұрады.
Бұл қойылымда басқаша шешілген тағы бір образ — Наршаның әкесі. Наршаның өзі сондай зиялы болғанда, әкесі қандай парасатты болу керек? Бірақ, «Ай Қарагөз» бұл образды да тосын шешуге болатынын көрсетті. Актер Кәдірбек Демесін оны күлдіргі, босбелбеу, салмақсыз етіп шығарады. Сөйтсек, мәтіннің өзі сондай мүмкіндік береді екен. Мысалы, «Шымылдықтың ішінде болса, Сырымның да бетін ашыңдар» деген сөзі бар. Осыны шамырқанып, шамданып, ащы күліп айтуға да болады. Кәдірбекше де жеткізуге болады.
Не керек, «Мен бұл спектакльден үлкен кино режиссері мен үлкен драматургия кездескенін көрдім. Көрерменді осы уақытқа дейін жартылай шешімдер, жартылай сезімдер мазалай беретін. Ал сіздер толық, бас-аяғы жұмыр ғашықтық ақиқатқа жеткен екенсіздер!» – деді Мұрат Әуезов премьерадан кейін.
Расында, Теменовті театрға кино әдістерін әкелді дейміз. Бірақ, ол неден көрініс табады? Мысалы, «Ай Қарагөздегі» Асанның «беташар» айтқан сәті… Баяулатылған қимылдар. Олар ғана бірін-бірі көріп тұр. Камераның көмегімен ғана беруге болатын эффект. Теменов осыны театрға әкелді. Жарық арқылы, көпшілік сахнасындағы актерлер арқылы. Анау жақта Асан ақ тер, көк терге түсіп беташар айтып жатыр. Қарагөз өксіп тұр. Сырым таңқалып тұр. «Шынымен айрылғаным ба?»…
Елуінші минутта көгілдір сағым арасынан кішкентай Қарагөз бен Сырым шығады сахнаға. «Бұлттар сөйлейді» — «Қалай?» — «Тек ұзақ қара» — «Рас па?» — «Рас»… Спектакльдің ең соңында соқырлар кетіп барады. Брейгель. Тағы да кішкентай Сырым мен Қарагөз. «Бұлар кімдер?» — «Соқырлар» — «Сонда олар мүлде көрмей ме?» — «Иә, атам айтқан, бұл өмірде махаббатты, сұлулықты, жақсылықты көрмейтіндер — соқырлар деп»… Қарагөздің махаббатының табиғатын енді түсінгендей болдық. Қарагөз үшін Сырым өмірді танытқан ұстаз, жетелеп жүрген жұлдыз екен. Олардың Нарша болмай тұрып, келмей тұрып табысуына Наршаның жазығы жоқ. Ол Наршаның кінәраты емес екен. Өмірде ылғи да әр нәрсенің қиюы келе бермейді ғой. Бұрынғы «Қарагөздерде» Сырым — Қарагөз махаббаты факті болатын, ал Теменов сол сезімнің себептері мен салдарына үңілді. Қойылым сонысымен де қымбат.
Екінің бірін мақтай бермейтін профессор Тұрсынбек Кәкішев те: «Мұндай қойылым қою — абырой», – деді. Жоғарыда Теменов шығармашылығын ептеп шолып өттік. Қазір режиссердің нағыз толысқан шағы. Ендеше, «Ай Қарагөз» Талғат Теменовті жаңа белес-терге бастайтынына сеніміміз кәміл. Оны әлемдік классика, әлемдік классикамен бірге қазақ драматургиясының белесті шығармалары, абыройлы туындылар күтіп тұрғаны анық.
Abai.kz сайтынан алынған