Әділ бәйге жалғасын таппақ
Әдебиет саласында әртүрлі тақырыптағы бәйгелер мен мүшәйралардың өтіп тұратынын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Мерейтойлар мен басқа да шараларға байланысты өткізілетін мүшәйралардан бөлек, тұрақты түрде өтіп тұратын бәйгелер бар. Соның бірі де бірегейі – халықаралық «Дарабоз» бәйгесі.
Биылғы жылы тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған бәйге еліміздің рухани-мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналып үлгерді. Жылма-жыл өткізіліп тұратын бәйгенің имиджі жақсы қалыптасты. Өйткені қандай да бір бәйгелер өтісімен, артынша көптеген сөздер айтылады. Бәйгенің әділ өтпегендігі жайында көңілі қалған адамдардың наразы пікірлері жиі айтылады. Соның салдарынан ол мүшәйралардың соңы құрдымға кетіп жатады. «Дарабоздың» тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанына осы әділдігі себеп болса керек. Осы орайда бәйгенің ұйымдастырушысы Шәкен Күмісбайұлына қаламгерлердің айтар алғысы шексіз. Ал бәйгенің сыйлық қорына, бәйге алған шығармалардың кітап болып жарық көруіне, оның таралуына кететін шығынды тоғыз жыл бойына көтеріп, демеушілік жасап, қомақты қаржы бөліп келе жатқан «Жер-Су» өндірістік-инвестициялық корпорациясының басшысы Бауыржан Оспановқа қаламгерлер мен оқырмандардың алғыстан басқа айтары жоқ. Былтырғы жылы жүлде алған шығармалардың «Баянжүрек» баспасынан «Кәусар бұлақ» сериясымен қазақ және орыс тілдерінде жарық көргенін хабарлай отырып, бәйгенің биылғы жылғы шарттарын жариялап отырмыз.
«ДАРАБОЗДАН» ДАРА ШЫҚ!
Бәйгеге балабақша тәрбиеленушілері мен 1-8-сынып оқушыларына арналған прозалық, поэзиялық және сахналық шығармалар қабылданады. Повестер – 20-25 беттен, әңгімелер, ертегілер – 10 беттен, өлеңдер, балладалар, ертегі-өлеңдер, шағын поэмалар, сахналық қойылымдар 5-10 беттен аспауы шарт. Бәйгеге балабақша бүлдіршіндеріне арналған қысқа әңгімелерден, топтама өлеңдерден басқа, тек бір ғана шығарма жіберілуі тиіс.
Ұйымдастыру комитетінің талаптары бойынша шығармалар компьютерлік стандартқа сай 14 кегельмен (аралық 1,5) теріліп, үш дана етіп басылып, беттелуі қатаң талап етіледі. Бәйге жабық бәйге түрінде өтетіндіктен, автордың бүркеншік атының анықтамасы, аты-жөні, мекенжайы, байланыс телефоны жазылған парақ, кіші конвертке салынып желімделіп, сыртына тек бүркеншік аты ғана жазылады. Кіші конверт салынған үлкен конвертке үш дана шығарма салынып, бүркеншік аты жазылып, желімделіп, сыртына мекенжайы; бүркеншік аты немесе басқа бір есім, фамилия жазылғаны жөн.
Байқау шартына сай емес, бұрын жарық көрген, мерзімінен кешігіп келген және басқа тілдегі шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Бәйгеге түскен шығармалар мына мекенжай бойынша қабылданады: 050008, Алматы қаласы, «Дарабоз» бәйгесіне, №01005705 куәлік иесіне.
Шығармалар 2014 жылдың 20 сәуіріне дейін қабылданып, бәйге қорытындысы халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында жарияланады.
Үздік шығармаларға төмендегі бәйгелер беріледі:
Есенқұлқажы Маманов атындағы бас бәйге – 1 миллион теңге;
Бірінші бәйге (екеу) – 380 мың теңге;
Екінші бәйге (екеу) – 175 мың теңге;
Үшінші бәйге (үшеу) – 110 мың теңге;
Ынталандыру бәйгесі (төртеу) 80 мың теңгеден.
Бәйге әділқазыларының шешімі тексерілуге жатпайды. Бәйге қорытындысы Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде шығарылып, оқырман алдында беріледі. (Салтанатты марапаттау жиынында өнер иелерінің концерті мен дастарқан дәмі ұсынылады).
Байқау қорытындысында жүлде алған туындылар арнайы жинаққа топтастырылып, балабақшаға, мектеп кітапханаларына тегін таратылады. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді.