Қазір елімізде көпшілікке күлкі сыйлайтын әрі ащы әзілдерімен бүгінгі заман келбетін ашып көрсетуге талпынып жүрген Көңілді тапқырлар клубы көбейіп келеді. Олардың кейбірі жеңіл-желпі ғана сатираны талғажау етіп келсе, енді біреулері көрерменін қазақы қалжыңға қарық қылып, ел ықыласына бөленіп жүр.
Болашағынан үміт күтуге болатын, бұған дейін бірқатар республикалық, халықаралық байқауларда жүлдегер атанып жүрген жас КТК командасының бірі – Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің жанынан құралған «Мұңайма» тапқырлар клубы. Бүгін осы әзілкештер клубын көпшілікке таныстыру мақсатында клубтың бір мүшесі Әбдінұр Сұлтанғалиевпен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.
– Командаларыңыздың құрылғанына қанша болды және оның алғашқы ұйымдастырушысы, идея авторының есімі кім?
– «Мұңайма» командасын 2009 жылы 18 желтоқсанда Шет тілдер және іскерлік карьера университеті журналистика факультетінің жігіттерімен бірге құрдық. Оның ары қарай өсіп-өнуіне университетіміздің тарих факультетінің деканы, белгілі ғалым, өнер жанашыры Тимур ағамыз септігін тигізді. Басында команданың атын қоятын кезде әркім әртүрлі ойларын айтып, алуан пікірлерімен бөлісті, бірақ ешқайсысы көңілімізден шықпады. Күндердің күнінде командамыздың бір мүшесі, Ерлан Сындыбаев «Мұңайма» деген атты алып келді. Бәрімізге бірден ұнады, бір ауыздан осылай қоямыз деп шештік. Жалпы, біз әзілкештер болғандықтан, халыққа мұңаймаңыздар деп, көңілді күй, күлкі сыйлау үшін осындай атауға тоқтадық. Командамыздың капитаны – Нұриман Назымбек деген талантты жігіт. Қалған мүшелері де еліміздің әр өңірінен жиналған. Парасат Иманғалиев, Ұлан Нұрбақытұлы, Ернар Ташкентбаев, Ерлан Сындыбаев сынды өнерпаздарымыз – Алматы мен Тараздың жігіттері.
– Негізінен, көптеген шағын өнер ұжымдары мен топтары құрамын жиі өзгертіп тұрады. Бұл жағы сіздерде қалай?
– Құрамның өзгеруіне түрлі жағдайлар себеп болады. Біздің әзіл әлеміне бет бұрғанымызға көп бола қойған жоқ. Десек те, осы уақыттың ішінде бірнеше өзгеріс болды. Жақында екі ойыншымыздың бірі отбасын құрып, қолы тимей кетсе, екіншісі әскер қатарына шақырылды. Олардың орнына Әлішер Әбдіқадыров және Сырым Әлібеков деген жас қырандарды тарттық.
– «Мұңайма» тобының әзілқойлары, негізінен, қандай тақырыпқа әуес? Қандай аудиторияға сөздеріңіз өтеді?
– Бізге арнайы редактор алдын ала тақырыптар береді. Соған байланысты әзілдерімізді дайындаймыз. Белгілі бір шиырлап шықпай қоятын тақырыбымыз жоқ. Біздің аудитория, көбінесе, жастар қауымы. Арасында өнерімізді тамашалауға әр жақтан ағаларамыз, апаларымыз, ұстаздарымыз келіп тұрады.
– Өзге елдерде болатын жарыстарға жиі қатысасыздар ма және ол елдерде қай тілде өнер көрсетесіздер?
– Көбінесе біз көршілес Қырғызстанда өнер көрсетеміз. Құдай қаласа, жақында тағы да барамыз. Бішкек қаласында «ТАМАШОУ» деген лига бар. Онда қырғыздар ойнайды. Ол жаққа «Мұңайма» деп бармаймыз. Бізді «Қазақстан Түркітілдес» лигасының президенті Әзілхан Ахмет ағамыз апарады. Ол кісі жаңадан «Номадс» деген құрама команда құрған, соның атынан шығамыз. Жаңа топта әр тараптан үздік балаларды жинайды. Ал тілге келетін болсақ, әрине, әзілдерімізді өз ана тілімізде айтамыз.
Әлі де жас команда болған соң ізденіс үстіндеміз. Жалпы, өнердің өзі өмір бойғы ізденістен тұрады емес пе? Әдемі әзіл айту үшін де терең білім керек. Өзге де мықты командалардың ойынын бақылап отырамыз. Осы бетімізден таймай, үлкен додаларға шықсақ деген үмітіміз де жоқ емес.
– Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыстар тілейміз.
Нәзік Тұртайқызы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенті