Әдебиетке ғылыми көзқарас
Ақтауда «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар контексінде» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференцияда Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев шығармалары туралы бірнеше баяндама тыңдалып, оларға жан-жақты талдау жасалды.
Жиында бас қосқан ғалымдар Әбіш Кекілбайұлы шығармаларының әдеби, тілдік, тарихи, психологиялық, тәрбиелік және этнографиялық ерекшеліктері зерделенген ғылыми-теориялық зерттеулер төңірегінде ой қозғады. Жалпы, бұл жиын бүгінгі әдебиетке ғылыми көзқарастың қалыптаса бастағанын тағы бір дәлелдей түскендей болды.
Ғылыми басқосуда сондай-ақ жаратылыстану және гуманитарлық саладағы басқа да ғылыми мәселелер талқыланды.
Конференцияны ұйымдастыруға атсалысқан ғалымның бірі, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың айтуынша, ғылыми-теориялық конференцияға алдын ала 82 баяндама келіп түскен.
Олардың ішінде шетелдік ғалымдардың зерттеулері де бар. Аталған еңбектер сұрыпталып, жинақталып, конференцияға қатысушыларға таратылған. Халықаралық шара одан әрі «Әдебиет және ұлттық рух», «Тіл білімінің теориялық мәселелері», «Тарих және тағылым» атты бөлімдермен жалғасты. Алдағы уақыттарда конференция материалдары арнайы жинақ ретінде жарық көрмек. Ол студент жастар, әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар мен жалпы оқырман қауымға арналатын болады.