Адамзатқа үлгі болған қазақ батыры
Биыл қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Осы айтулы мерекеге орай, кеше Алматыда «Ақ Орда» республикалық қозғалысының қолдауымен батыр бабамыздың басына құран аяты жазылған тасбелгі қойылып, аруағына құран оқылды. Сәйкестік пе, әлде Алланың қалауы ма, қасиетті Рамазан айының соңғы 29-ы күні қозғалыс өкілдері бабалар басына осымен 29-тасбелгіні қойып отыр.
Соғыс уақытында орыстың екі әскері трибуналға тартылып, өлім жазасына кесілмекші болады. Сонда Бауыржан Момышұлы: «Егер біз екі әскерді өлтіретін болсақ, біріншіден, әскерімізден айырыламыз, екіншіден, оқтарымызды шығынға ұшыратамыз, одан да бұл екеуін жаудың алдына, жауынгерлеріміздің алдыңғы шебіне қоялық, ең болмағанда екі жауымызды жастанып қалсын», – деп, әлгі екі орыс солдатын өлім жазасынан аман алып қалады. Соғыс аяқталғанда сол әскердің біреуі майдан даласында қайтыс болып, екіншісі елге аман оралады. Талай жылдар өтіп, бір күні Баукеңнің есігін бір орыс кісі қағады. Қасында бір кішкентай баласы бар. Таныса келіп Бауыржан батыр әлгі кісі өзі аман алып қалған солдат екенін біледі, ал жанындағы баланы сұрағанда, әлгі орыс кісі: «Бұл – менің балам, атын сіздің құрметіңізге Бауыржан қойдым», – дейді. Міне, батыр бабамыз – тек қазақ халқы үшін емес, жалпы адамзатқа ортақ игі істер жасаған тұлға. Қазақ батырының «Волоколамск тас жолы» кітабын Куба, Израиль елдері әскери жарғымен қатар пайдаланады екен. Қаһарманның тек әскери емес, әдебиетші, тарихшы, шежіреші екенін ұрпақтары жақсы біледі. Белгітас қою рәсіміне «Ақ Орда» қозғалысының өкілдерімен қатар батыр атамыздың артында қалған ұрпақтары, халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері де қатысты. Белгітасты Баукеңнің ұлы, ізін жалғастырушы Бақытжан Бауыржанұлы мен қоғамға белгілі азамат Мүсілім Дайырбеков ашты. Бұдан кейін қозғалыс өкілдері барлық қатысушы азаматтарға арнайы дайындалған сый-сияпаттарды сыйға тартты. Жиыннан соң келген қонақтар мұсылмандық дәстүрмен қой сойып, атамыздың аруағына құран бағыштады.
Қанат МҰСАҒҰЛОВ, «Ақ Орда» қозғалысының төраға орынбасары:
– Бұл құран белгітасының бір жағында қазақша, бір жағында араб тілінде Құран сүресі жазылған. Мұндай белгітас батыста Бекет атаның басынанан бастап, еліміздің солтүстік, шығыс, оңтүстік өңірлеріндегі барлық танымал бабаларға қойылып келеді. Тамыздың 22-сі күні Дінмұхаммед Қонаев атамыздың қайтқан күні екен, осы күні Дінмұхаммед атамыздың басына да осындай белгітас қойдық. Жалпы, Бауыржан Момышұлын Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бабаларымыздың батырлық ісін жалғастырушы тұлға деп айтуға болады. Бауыржан Кеңес Одағы кезінде қазақтың атын әлемге паш еткен азамат, сондықтан атамыздың басына бір белгі орнатуды өзімізге парыз санадық. Рамазан айы Құран Кәрімнің жерге түсе бастаған, пайғамбарымызға пайғамбарлық қона бастаған ай, сондықтан қасиетті айда белгітас қоюымыздың да үлкен маңызы бар деп ойлаймын. Енді атамыздың басына құран оқимын деп келген азаматтар құранға қолын қойып, батысқа қарап атамыздың аруағына ниет етсе болады.
Бақытжан Бауыржанұлы, батырдың ұлы:
– Биыл елімізде үлкен той – әкеміздің 100 жылдығы тойланғалы жатыр. Мен бүгінгі белгітасты орнатуға атсалысқан азаматтарға, әкемізді құрмет тұтып жатқан барша қазақ жұртына тек алғысымды білдіргім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, туыстығымыз арта берсін!