Адамды түсінудің шебері
Қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі мәдениет қайраткері, суреткер жазушы Әлібек Асқаров – Әлібек дос туралы айтқанда менің көңіл жайлауымда тек жазирасы жайқалған, желмен шөбі шайқалған байтақ қазақ даласы көз алдыма келеді. Сол байтақ далаға байырқалап көз тастасам, әнебір жатаған төбенің жантайма беткейінде мамырдың майда самалымен сәл-сәл тербелген сарғалдақты көргендей боламын. Қызыға, қуана қараймын.
Суреткер және суретші
Қазыналы қазақ әдебиетінің ұлан-байтағына осындай сезіммен көз салғанда, сол асқар таудың күнгейінен сарғалдақ өңді қаламгердің сыр мен жырға толы бейнесін көріп, шаршай бастаған социализмнен шапшаң басып, аттап өтіп бара жатқан ақсары балаң жігітті көремін... Оған да, міне, 35 жылға жуықтады.
Досым, марқұм Болат Қанатбаевтың қасынан ең алғаш рет Әлекеңді көргенде оны Болат маған «Әлібек – суретші, «Лениншіл жастың» бетінде талай суреттері шыққан, әсіресе штрих-клишелерді қатырып салады» деп мақтай таныстырған. Оған кейін өзімнің де талай рет көзім жетті. Бұл менің «Лениншіл жас» газетіне қызметке келіп жатқан тұсым болатын. Кейін өзім де талай арнаулы нөмірлерде Әлекеңе қолқа салып, талай штрихтар мен клишелерді, пейзаждар мен шмуцтарды салдырдым. Ол айтылған өтінішті бірден қағып алып, қапысыз түсініп, өзіңнің ойлағаныңнан да артық етіп көркемдеп салатын талантты график-суретші екен.
Кейін Әлекеңмен Болат пен Мерекенің, Дидахмет пен Нұрдәулеттің, Ұлықбек пен Асқардың жанында жүрген жерінен талай жерлерде бас қосып, әңгімеміз жарасып, құшақтасып қауышып, сүйісіп қоштасып жүрдік. Әлекеңнің ерекше бір мінезі – бауырмал, жаңаны жатсынбайды, бөтенді жатырқамайды, қашан көрсең де құшағы ашық, жастықтың көрігі қызған думанды шақтарда достарына елпілдеп, еміреніп жатқаны. Әлі де сол әдеті қалмағанын Астанада жүрген күндерінде де, іссапарда бірге болған шақтарда да көріп, сүйсініп жүремін.
Бұл – кез келген қаламгерге қона бермейтін қасиет. Адамды жақсы көру және жақсы көргенін әрқашан қапысыз білдіру үлкен жүрек пен таза көңілді көрсетеді. Адамға дос, бауыр, жолдас деп қарайтын осынау ізгі де парасатты мінез кейін прозашы Әлібек Асқаровтың қаламгерлік қуаты мен жазушылық жан дүниесін көрсететін негізгі факторға айналды. «Адамды адам түсіну бір ақырет» деп Мұқағали айтпақшы, Әлібек адамды түсінудің шебері деп айтар едім. Адамды түсіну арқылы өз кейіпкерінің ішкі жан дүниесіне жатсынбай еніп, өз кейіпкерінің тағдырына өзі куә болып, жазып отырған шығармасын табиғи жеткізу – оның қаламгерлік стилінің басты көрсеткіші.
Әлібек Асқаров прозасы оқырманды несімен тартады? Қарапайымдылығымен, табиғилығымен, юморымен, ішкі жан шуағымен, өмірдің өзінен туындап жатуымен, адам баласының әр алуан мінез-құлқын қапысыз жеткізуімен, шұрайлы тілімен, арайлы ажарымен, аңдағыш назарымен, психологиялық тереңдігімен, лирикалық нәзіктігімен, қысқасы, Асқаров прозасы қашанда мамырдың май тоңғысыз самалындай жаныңды баурап, жайыңды ұғып, көңіліңді көгілдір арманмен көмкеріп жатады.
«Тайга толғауы»
Бірде (бұл 80-жылдардың соңы еді) «Жалын» баспасы жабық рецензия жазу үшін бір қомақты қолжазбаны маған ұсынды. Алды-артына қарасам, сол кездегі баспаның тәртібі бойынша автордың аты-жөні көрсетілмепті. Повестер мен әңгімелер жинағы. Тайга туралы. Тайга жөнінде мектеп оқулығы мен баспасөзден азды-көпті мағлұмат бар болғанымен, «қазақ әдебиетінде бұл тақырыпты дендеп жазатындай бұл кім болды екен?» деген оймен қолжазбаны қолға алып оқып шықтым.
Оқи бастағаннан өзім де аяғыма керзі етік, үстіме брезент плащ кигендей болып, сақал-мұрты басылмаған, бір қолында дүрбісі, бір қолында мылтығы бар кәнігі орманшылар секілді Алтайдың қалың жынысына кірдім де кеттім. Адасып кетермін деп қорыққан жоқпын, автор мені «енді былай жүр, енді былай бұрыл, мына жерден байқап өт, мына жерден шайқап өт, ал оң жағыңда Мұзтау, маңдайыңда Қатынқарағайдың қалың орманы, қара нөсер келеді, тепсініп аққан Бұқтырманың жағасындағы балқарағай мен тал-теректің арасына кіріп, маздап жанған самырсынның отына жылын» деп ертті де отырды.
Бұл айтылғандар – менің географиялық-әліппелік байқауларым. Ал Әлібек енді тіпті әріге кетті, осы өңірде болған дүрбелеңдер мен дүбірлер, шырғалаңдар мен шатақтар, шындық пен сұмдық, қайғы мен көз жасы, қысқасы, Алтай таулары мен қалың ормандарының арасында, қойнауында болған кешегі 30-жылдардағы нәубет пен зұлмат қолжазбаның ішінен андағайлап өріп шығып, алыс күнге шақырып, оқырман-рецензентті тартты да кетті. Қилы тағдырлар мен сан алуан оқиғалардың арасында қалған мен «Тайга толғауын» жүрегімнің құлағын ашып тыңдап, құрышын қандырдым. Жалпы, Әлібек прозасы – туған жерге тағзым етудің озық үлгісі. Ол – қара сөзбен жырлайтын Оралхан ағасындай қара сөзден қаймақ айырып, Мұзтаудан шекіп тістеп, шайқурайдан қанып ішкен қаламгер.
«Рецензияға берген соң, автор кімге берілгенін біледі, сосын саған келіп өтініш айтып, қинайды, барын беріп сыйлайды» деген сөздерді естіп те жүретінмін. Бұл автор тым-тырыс. «Не де болса әліптің артын баққан біреу болар» деп мен де оны іздеп жатпадым. Бірақ қаламгердің шынайы еңбегіне қылдай қиянат жасаған жоқпын, қазақ прозасының табысы, жаңа қаламгердің шабысы, қазақ әдебиетінің ортақ намысы деп бағалап, тұшынған көңілмен толымды пікір жазып бердім.
Содан бір күні Әлекеңмен бір басқосуда кездесе кеттім, Әлекең мені көрген бойда бас салып сүйіп, құшақтап, бауырына басып барады. Бұрынғы сүйістерінен де етене, ерекше. Мен әлгі рецензияның өтеуі осы болар деп топшылап: «Әлеке, «қолжазбам саған түсіпті» деп бір ауыз айтпадың ба?» – деп жатырмын. Ол: «Айтпаған себебім – жігіттер сені қандай болса да турасын айтады, қиянат жасамайды» дегесін, әліптің артын баққанмын, ойымнан шықтың, адал ниетіңе рақмет», – деді де, тағы да құшақтап сүйіп, бауырына тартты.
Мен содан бері Әлібек достың талай рет көңілінен шыққан сайын, айқара ашқан құшағын көрдім, кірбің түспес көңілін көрдім, бірақ екеумізді дос-жолдас ретінде табыстырған, таныстырған сол сүю әлі күнге менің есімде. Әлібек досымның достық ерні тиген менің оң жақ бетім әлі күнге қуаныштан дуылдап тұрады.
Тал түске дейін қайда әлі?!
Әлібек көп жылдан бері Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкері, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Ол мемлекет қызметінде жүрсе де, әрқашан көпшіл, әр кезде елшіл, қашанда халықшыл. Талай жылдан бері елімізге етене таныс «Мәдени мұра» бағдарламасының одан әрі дендеп, дамуына тікелей үлес қосып келе жатқан, ұлттың рухани мәйегі мен мәдени дәйегіне баладай жүгіріп, барынша адал қызмет көрсетіп келе жатқан азамат. Қашан көрсең де қат-қабат шаруаның қақ ортасында, қашан байқасаң да сабырлы, сарабдал. «Бір дүние» деп қойып, алда атқарылар іс-шараның мән-жайы мен ау-жайын тәптіштеп айтып, толықтыра пысықтап жатқаны. Қызмет бабына орай жиі-жиі телефон шалып, өзіне тән қоңыр үнді тенор дауысы құлаққа жағымды естіліп, «Өтеш, тағы бір дүние, осы жайды Қанекеңнің құлағына салшы» деп көкейтесті мәселені орайын тауып айтып жатқаны. Айта бер, Әлібек дос, айтарың таусылмасын, жазарың сарқылмасын.
Әлібек Асқаров одан кейінгі жылдарда талай кітап шығарды, талай еңбек жазды. Оның бәрін де қазақ оқырманы оң қабылдап, қуана оқыды, жатсынбай қабылдады. Мемлекеттік жауапты қызметтерде, іс басында жүріп, көңілінің күншуағын жоғалтпай, адамға деген асыл сезімін суытпай, дос-жаранға деген кіршіксіз көңіліне қаяу түсірмей, қашан көрсең ақсары жүзіне қызыл рең жүгіріп, шын пейілденгенде алдын ала аузын сүюге дайындап, елгезек, елшіл мінез танытатын Әлібек «алпысқа келіп қалыппын» деп ел-жұртын жинап, дастарқан жайды. Ойдан-қырдан, алыс-жақыннан келген достары мен жолдастары Әлекеңнің сағынған сүюін мемлекеттік марапаттай қабылдап, «жетпіске келгенде де жақсылығыңа жиналайық» деп аттанып кетті.
Сол көптің ішінде мен де болдым, сол кештен кейін көкейіме оралған өлең жолдарын түсіріп едім.
«Алпыс – тал түс» дейді біреулер. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ осы бір тәмсіл Әлібек досыма келе бермейді. Ол үшін алпыс өзінің реңіндей болып, шұғыласы шашырап, алтындай болып арайланып атып келе жатқан таң секілді. Тал түске дейін қайда әлі?!