«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» Бұл өзін көк түріктің ұрпағымын деп есептейтін кез келген қазақтың жүрегіне жақын сөз. Себебі бұл жерде қазақ мемлекетінің негізі қаланып, анталаған дұшпанға сес көрсетудің алғышарттары жасалды. Осы жерде халқымыз өз хандарын ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Сол Ұлытауда ата қоныс жер үшін атқа мініп, ел аманатын арқалаған даңқты ханымыз Абылайдың 300 жылдығы тойланып, еңселі ескерткіші бой көтерді. Айтулы мерейтой қарсаңында Жезқазған қаласы әкімінің бастамасымен журналистерге саяхат-тур ұйымдастырылып, Ұлытаудағы тарихи орындарды аралап қайттық.
Жезқазғандағы алғашқы күн
Беташар сапарымыз ең алдымен Жезқазған қаласындағы Абылай ханның ескерткішін ашу салтанатымен басталды. Жезқазған төрінде даңқты ханымыздың граниттен жасалған еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатына халық көп жиналды. «Нұр Отан» ХДП-сының хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша, Абылай ханды ұлттық рухқа айналдырар шақ туды. «Ұлытау – әр қазақ үшін қасиетті де киелі жер. Ол – бар қазақтың байлығы. Бірлік пен ынтымақтың мәйегі жарасқан өлке. Осында Алаша, Едіге, Жошы хандарымыз ордаларын тігіп, билер мен батырларымыз елдік мәселелер шешіп отырды. Ұлытау сол бірліктің символы», – деп атап өтсе, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан: «Осының бәрі Абылайдан қалған айлалы әрі сарабдал саясатты бүгінгі ұрпақтың жеткілікті дәрежеде жүргізе алып отырғанының көрінісі», – деді тебірене. Ел-жұрт Алаш баласының бірлігінің ұйытқысы болатын мұндай шаралар еліміздің басқа да аймақтарында өтсе игі болар еді деген тілек білдірді.
Жалпы, Жезқазған – Ұлытау өңірі – Қазақ мемлекетінің ежелгі астанасы. Ата-бабаларымыз осы жерде кеңес құрып, ел азаттығы үшін алысып өтті. Елді бірлікке шақырды. Тұтастыққа ұйытты. Қазақтың даласын арашалап қалды. Сондай әйгілі тұлғалардың бірі – Абылай хан.
Тарихшы Сағындық Қожамсейітов ағамыздың айтуынша, Абылай хан Ұлытауда сегіз мәрте болған екен. Абылай хан алғаш «Сабалақ» деген атынан осы Ұлытаудың баурайында құтылып, қалмақ батыры Шарыштың басын алып, батыр атанғаны белгілі. Қазақтың хан ордасы болған да – осы Ұлытау өңірі. Алғашқы мемлекетіміз де осы Ұлытау жерінде жарияланды. Осы жерде Абылай да үш жүздің ханы болып, ақ киізге отырды.
Түстен кейін Абылайдың 300 жылдығына арналған «Абылай хан және қазақ рухы» атты ғылыми-практикалық конференция басталды. Серке Қожамқұлов атындағы еңселі театрдың атшаптырым залында отырмыз. Айтпақшы, Алашқа аты мәшһүр Абылай туралы жаңа деректер табылыпты. Оны ғылыми конференцияда тарихшы ғалым Бақыт Еженханұлы жалпақ жұртқа жария етті. Көп жылдар бойғы еңбегінің нәтижесінде Қытайдың мұрағатында жатқан құжаттарға қол жеткізіпті. Абылай хан алғаш рет 1757 жылы Қытайға дипломатиялық миссия жібергенін білеміз. Сондағы Абылай ханның жіберген хатын Қытайдың орда тарихшылары қасақана бұрмалап, өз саясатына ыңғайлап, қазақтар «бодандық сұрап отыр» деп өзгертіп алады. Бақыт ағамыз болса, осы хаттың моңғол және мәнжу тіліндегі қос нұсқасын тауып, мұның жай ғана дипломатиялық хат болғанын дәлелдеді. Сөйтсек, базбіреулер айтып жүргендей, еліміз қысық көзді қытайдың боданы болмапты. Абылай хан оларға «бізді бодан ет» демеген. Тату көршілік жағдайда өмір сүрейік деген мағынада жіберген екен. «Ең өкініштісі, моңғол тілінде жазылған бұл хат басқаша аударылып, бүтіндей бір ел «қытайдың боданы» болып шыға келген. Екі аударма – біреуі мәнжүр тіліндегі аударма нұсқасы болса, екіншісі – қалмақ тіліндегі көшірме нұсқа. Өйткені түпнұсқасы қалмақ тілінде болған екен. Сонда екі нұсқаны дәстүрлі қытай тіліндегі нұсқамен салыстырғанда, Абылай ханның хаты дипломатиялық тату көрші болайық деген мәндегі хат болып шықты», – дейді Бақыт Еженханұлы. Ал жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай «Мәңгі билік идеясы және Абылай хан» тақырыбында кеңінен көсіліп, Ұлытау жеріндегі ұлы ерліктерді қайта тізіп берді.
Ең өкініштісі, сондай баһадүр басшы, дарынды дипломат, бір сөзбен айтқанда, Алаш үшін ғұмыры ат үстінде өткен ардақты хан Абылайдың 300 жылдығы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында ұмыт қалып отыр. Белгілі саясаткер Ерлан Қарин мен Жезқазғанның әкімі Берік Әбдіғали қолға алмағанда, бәлкім, мерейтойлы дата мүлде елеусіз қалар ма еді, кім білсін!
Жезді өлке түрленіп келеді
Бірнеше күндік сапарымыз барысында Жезқазған өңірінде біршама істің атқарылғанына куә болдық. «Облыс мәртебесінен айрылғалы келетін қонақтардың қарасы сиреп, қоңылтақсып қалып едік. Жаңа басшы келгелі өңір біраз түледі. «Ұлытау – қазақтың хан ордасы» деген атқа лайық болсын деген оймен аудандағы ауыл мектептеріне хандардың аты беріліп жатыр. Мысалы, Қоскөлдегі мектепке Тәуке хан аты берілді. Кезінде Әбілқайырдың қолбасшылығымен Қарсақбай, Байқоңыр жерінде қалмақтарға қарсы жойқын соғыс болған. Бұл туралы ұмытылып кетіп еді. Берік баламыз осыны қайта жаңғыртып, Байқоңыр ауылындағы мектепке Әбілқайыр ханның атын бергізді», – дейді қала тұрғындарының бірі Айбатыр ақсақал.
Мұндай игі бастамалар қаланың өзінде де қолға алынып жатыр екен. Жезқазған қалалық мектептеріне Алаш арыстарының есімі беріліпті. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Қайрат Рысқұлбеков есімдерін мектептерге беру ісі де қолға алынып жатқанын естіп білдік. Көшелердің аты да ұлт жолында өмірін сарп еткен тұлғалар есімімен аталып жатыр. Жаңадан ашылған Абылай ханның ескерткіші осы көшенің бойында орналасқан. Қазақтың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллиннің сәтсіз жасалған ескерткіші алынып, орнына ақынға арналған еңселі ескерткішке байқау жарияланыпты. «Ол Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында қаланың әсем жерлерінің біріне қойылады», – дейді қала әкімі.
Ұлытау тарихының бір беті – Жезді кенті
Іссапардың екінші күні. Біз мінген автобус баяу сырғып Сәтбаев қаласына жақын жердегі Жезді кентіне келіп кірді. Сонау соғыс жылдары неміс армиясы брон, гильза жасайтын, мырыш шығаратын зауыттарды басып алғанда, Қаныш Сәтбаев бабамыздың араласуымен 1941 жылы бар-жоғы 41 күнде үлкен зауыт тұрғызылған екен. Жезді кенті осы шахтаның жанында орналасқан. Сөз арасында жолсеріктеріміздің бірі «Жездінің жанындағы Қарсақбай кентінде жасырын түрде миналардың корпусы құйылған екен» деген дерек бере кетті.
Қойнауы тарихқа толы, шежірелі жерлерді аралау сапарымыз осы Жезді кентінен басталды. Осы жерде қазақтың соңғы ханы Кенесарының тас мүсініне тәу еттік. Бұл Астанадағы Хан Кенеге орнатылған тас белгіден кейінгі еліміздегі екінші ескерткіш екен. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, бұрын бұл жерде Ленин көсемнің ескерткіші тұрған. Кейін оның орнына Кенесары ханның бюсті қойылған. Ескерткіш ретінде осы жерді таңдау себебін қала әкімінің өзі түсіндіре кетті. «Осы жерде «Хан төбе» деген төбе бар. Аңыз бойынша осы жерде 1841 жылы Кенесары хан болып сайланды. Биыл қазақтың соңғы хандығына 170 жыл толғалы отыр. Сол себепті осы жерге ескерткіш қойдық. Кенесары бабамыздың ескерткіші қай жерде тұрса да жарасады», – дейді Берік Әбдіғали.
Хан бабамыз ұлт-азаттық жолындағы көтерілісінің 10 жылын осы жерде өткізген екен.
Сапарымыз бұдан әрі мұражаймен жалғасты. Жезді кентінде, жалпы, металлургия саласына арналған «Тау-кен балқыту ісі тарихы мұражайы» орналасыпты. Мұндай мұражай ТМД елдерінде екі жерде ғана бар екен. Бірі Ресейде болса, екіншісі – осы Жезді өлкесіндегі мұражай. Жезқазған қалалық мұрағатының директоры Бағыт Байжантаевтың айтуынша, тікелей облысқа бағынатын бұл мұражайды кезінде ұлтжанды азамат Мәкен Төрегелдин ашыпты. «Мәкен Төрегелдин деген азамат осындағы экспонаттардың барлығын өз қолымен жинап, облыстық мәртебедегі мұражайды жасақтаған. Мұражайда сақтардың мыс қорыту пешінен бастап ХІХ ғасырда ағылшындар келген отарбаға дейін қойылған», – дейді ол.
Расында, мұражайдан қола дәуірінен бастап күні бүгінге дейінгі мыс өндіру ісі түгел қамтылғанын көріп таңғалдық. Мұражайдың басты ерекшелігі – экспонаттарының 70 пайызы ашық аспан астында тұр. Мұражай ісін бүгінде Мәкеннің ұлы Рүстем жалғастырып келеді екен.
Ұлытау – ұлттар ұясы немесе Ұлытау ұлағаты
Басында бұл жердің Қазақ хандығының іргетасы қаланып, талай оқиғаға куә болған киелі жер екендігін айтып өттік. Бүгінде бұл мекен тарихшылар ғана емес, туристердің де назарына түсіп отыр. Ауданда қазір туризмді дамыту шаралары қолға алынып жатыр екен. Осы мақсатта тау баурайында ағаштан қиып жасалған демалыс үйі мен 12 киіз үйден тұратын Этноауыл жобасы жүзеге асып жатқанын естіп білдік.
Таңбалы таста. Сенбі күні кешкісін Ұлытау селосындағы «Таңбалы тас» ескерткішінің ашылуына қатысып, нағыз қазақи бірліктің мәнін түсінгендей болдық. Сол жерде кісі бойынан биік қазақтың барлық тайпаларының таңбалары қашалған төрт метрдей ескерткіш тастың ашылуы болды. Салтанатты шара қала әкімі Берік Әбдіғалидың сөзімен ашылды. «Қазақтың ұлы болуының бір белгісі – «Таңбалы тас». Ұлытау жері балбалтасқа бай еді. Өкінішке қарай, олардың көбі жоғалып кетті. Сол себепті осы жерге балбалтастардың көшірмесін жасап, арнайы «Таңбалы тас» саябағын ашып отырмыз», – дейді ол.
Осы «Таңбалы тас» саябағында қазір тоғыз балбалдың көшірмесі қойылып, туристерді тартуға барлық жағдай жасалып отыр. Атақты ғалым Әлкей Марғұланның жазбаларынан бұл өлкеде кезінде үш мыңға жуық балбалтастың болғанын білеміз.
Сол күні қазақ хандарының құрметіне қойылған хан ордасы мемориалы мен Қыземшек тауының бөктеріндегі Асан қайғыға салынып жатқан алып ескерткіштің тұғырын көріп қайттық. Қайтар жолда Берік Әбдіғали: «Бұл құрылыс біте қалса, Рио-де-Жанейродағы Иса пайғамбардың ескерткішінен кем болмайтын алып бейне болады. Ол Ұлытауға қарап батасын беріп тұрған абыздың бейнесінде жасалады», – деп құпиясын ашып қойды.
Ұлытаудың киелі бұлағынан су ішіп, биші қайыңдарын біраз аралап, қолы ашық мекенге қонақ болған соң, Жезқазғанға қарай жол тарттық. Ертең Домбауыл, Жошы хан мен Алаша хан мазарларын аралау сапары күтіп тұр.
Бабалар ізімен
Сапарымыздың үшінші күні. Автобусымыз көз жетпес сахараны қақ тіліп келеді. Алда – Алаштың атақты хандары мен абыздары жатқан киелі өлке. Іштей абыржу бар. Сан ғасырлық тарихы бар мазарлар мен арыстарымызға мәңгілік тұрақ болып қалған қасиетті мекенді көруге келе жатып қалай толқымассың?!
Осындай оймен Жошы ұлысының негізін қалаған Жошы хан кесенесіне келгенімізді байқамай қалдық. ХІІ-ХІІІ ғасырда бой көтерген алып кесене әлі сыр бермепті. Әлкей Марғұлан қазба жұмыстарын жүргізгеннен кейін біраз қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Сол реставрациядан кейін мазар еш өзгертілген жоқ. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының осы жерде жерленуі кездейсоқ болмаса керек. Кейін бұл аумақ «Жошы ұлысы» аталды. «Оны негізінен балталы-бағаналы наймандар құраған» дейді дерек көздері.
Осы ретпен киіз үй формасында тұрғызылған Домбауыл кесенесі мен Алаша хан мазарын аралап шықтық. Жұрт арасында «Домбауыл – Шыңғыс ханның мергені, қолбасшысының бірі екен деген аңыз бар. Жошыны құлан тарпып өлтірген соң, қос атқа кезек мініп, Сарыарқадағы құландарды қынадай қырыпты» деседі. Бәлкім, бұл ақиқат та шығар. Себебі Домбауылдың құпияға толы тас кесенесі Жошының жанында жатыр. Дегенмен кесенеге қатысты ортақ түйін әлі жоқ.
Ал Кеңгір өзені бойында жатқан Алаша ханның мазары талайдың таңдайын қақтырып келеді. Сейсмикалық жағынан әлемнің кез келген құрылымымен бәсекеге түсе алатын бұл құрылыстың қабырғасының ортасында бір адам емін-еркін сыятын қуыс бар екен. Сол қуыстағы баспалдақ арқылы кесененің ең басына шығып, маңайға көз салдық. Әр жерде үйілген төмпешік қорымдар. Бәлкім, мұнда да ел қорыған батырлар жатқан болар деген оймен бет сипап, аруақтарға құран бағыштадық.
Қимай кетіп барамыз
Сапарымыздың соңғы күні Жезақазғаннан біраз шалғай жерде жатқан Теректі әулиеге табан тіредік. Бұл жерде Әзірет Әлінің аяғының ізі деп айтылатын тастағы із бен ежелгі петроглифтерді көзбен көріп, емдік қасиеті жоғары Арасан суынан ауыз тидік. Бұл жер де – Алаш жұрты өз хандарын ақ киізге отырғызған өлке. Ежелгі хандардың инаугурациясы өткен өлке бүгінде талай сырды ішіне бүгіп жатыр.
Осылайша біздің Ұлытау жеріндегі үш-төрт күндік пресс-тур сапарымыз аяқталды. Көкейге көп дүние түйдік. Көңілде аздап қобалжу бар. Іштей қуаныш сыйлаған Ұлытау өлкесіне деген қимастық тағы бар. Көп ұзамай шағын автобусымызға отырдық. Орнынан баяу қозғалған көлігіміз Астанаға қарай бет алды. Артымызда қарт Жезқазған даласы қалып бара жатты.