Абылай ханға бір көшесін қимаған Қызылжарда Лениннің 83 көшесі бар

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақстандағы көптеген елді мекендер кеңестік дәуірден қалған ескілікті атаулардан арыла алар емес. Ал сол ауыл-аймақтың көшелеріне көз жүгіртсеңіз, одан да сорақысын көресіз. Қызылжар өңірінде пролетариат көсемі – Лениннің атында 83 көше бар екен. Киров, Карл Маркс, Пугачев, Калининдер де әлі тұғырынан түсе қойған жоқ, әрқайсысының атымен кемінде 20-дан 40-қа дейін көше аталыпты. Ал қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай ханға тым құрығанда бір қиылыс та бұйырмады, 350 жылдығын тойлағалы отырған Қожаберген жыраудың есімі де бір даңғылға сұранып-ақ тұр.
Көше – әрбір елді мекеннің кел­беті. Ал сол күнделікті ары-бері жү­ре­тін көшелеріміз кім көрінгеннің атымен аталып жүр. Тарихи атауын қайтара алмай жүрген Қызылжар қаласының ішкі жағдайы мүлдем мүшкіл. 300-ден астам ұзынды-қыс­қалы көшелердің тек 16 пайызы ғана қазақша аталған екен. Ал қал­ғандары кеңестік саясаттың сар­қын­шақ­тары десе де болады. Қызыл­жар­лықтар Тәуелсіздіктің нышаны түгіл, иісі де сезілмейтін Пролетар, Труд, Кошевой, Безымянный, Ермак деген көше­лерде әлі тұрып жатыр.
Алтынай Сыздықова, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді да­мыту бөлімінің бас маманы:
 – Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қалада 47 көшенің атауы ауыс­­ты­рыл­ды. Олардың 72 пайы­­зына қазақ­­ша, 21 пайы­зы­на орысша атау берілді, ал 7 пайы­зы – бейтарап атау. Сондай-ақ жаңадан салынған Шы­ғыс, Орман, Борки шағынаудан­дарында пайда болған көше­лерге Ша­пағат, Көкжиек, Нұрлы жол сын­ды қазақы атаулар қойыл­ды. Тәуел­сіз елдің бүгінгі саяси ұс­танымына сай келмейтін атау­лар­ды ауыстыру жұ­мыстары ары қарай да жалғаса бер­мекші.

Соңғы үш жылда ономастикалық комиссияға шаһардағы көшелерге елімізге белгілі тұлғалардың есім­дерін беру туралы 20-дан астам өті­ніш түсіпті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы үш жүздің ханы Абы­лайдың атына көше беруді ұсынып хат жолдаған екен. Осыдан бес жыл бұрын Қызылжарда Абылай ханға арналып салынған үй қалпына кел­ті­ріліп, бүгінде мұражай қызметін атқарып тұрғаны белгілі. Қалаға кел­­ген әрбір қонақ бас сұқпай кет­пейтін, сол мәдени ошақ ре­во­лю­цио­­нер Сүтішев деген татардың атын­­дағы көшеде тұрғаны қын­жыл­тады. Қала билігі сол көшені Абылай­ ханға алып бере алмай отыр.
350 жылдығы республикалық деңгейде тойланып жатқан Қожа­бер­ген жырауға да бір көше бұйыр­май, «Асыл мұра» орталығының ұсы­нысы да аяқсыз қалайын деп тұр.
Таңат Сүгірбаев, облыстық ономас­ти­ка­лық комиссияның мүшесі, «Асыл мұра» қо­ғамдық орталығының жетекшісі:
– Қожаберген – Абылай хан тұсын­да­ғы қол бастаған үлкен тұлға. Әрі жырау, әрі батыр болған адам. Сондай тұлғаның атымен қаламыздағы әскери институтты атау туралы Мәжіліс депу­та­ты Абай Тасболатов депутаттық сауал жолдаған. Бірақ сол ұсыныс ескерусіз қалды, заң бойынша бір елді мекенде бір адамның атымен екі нысанды атауға болмайды-мыс. Қожаберген атында мек­теп бар деп бермей тастаған сыңай­лы. Біз көше сұрадық, ол да жауапсыз қалды. Енді батырдың туған ауылына қарай баратын автожолды атау туралы ұсыныс жасаудамыз.

Біздің елдің заңы қызық. Әйтеуір, қазақ­тың тұлғаларына келгенде түрлі сыл­тау­лар көбейеді. Көбіне «Тіл туралы» Заң­ның 25-бабындағы «бір әкімшілік-ау­мақ­тық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру» дегенді алға тартады. Ал егер бұл бап бойынша әрекет ететін болсақ, облыс, тіпті бір ауданның құрамдас бөліктері болып табылатын ауыл­дардың қос-қостан Ленин, Калинин, Маркс атауларын арқалап жүргенін қалай түсіндіреміз? Заңға қайшы деп неге ауыс­тырмасқа?
Біреуге өтірік, біреуге шын, Қызылжар өңіріндегі елді мекендерде Лениннің атында 83 көше бар екен. Бұл ақпаратты облыстық тілдерді дамыту басқармасы беріп отыр. Абылай мен Қожаберген сын­ды батыр бабаларымызға қимаған кө­ше­лер кімнің есімімен аталып жүргенін енді аңғарған боларсыз. Жалпы, Қызылжарды Лениннің елесі әлі де кезіп жүргендей әсер­де қаласыз, ауылдардың көбінде пролетариат көсемінің тас мүсіндері әлі тапжылмай тұр. Жылда көктемде мектеп оқушылары сырлап қояды. Ал облыс орта­лығында бір емес, екі бірдей мүсіні менмұндалайды. Біреуі орталық саябақ ішін­де орналасқан, екіншісі шаһар шетіндегі көшеде тұрушы еді, оны намыс көргендей қала әкімі орталыққа алдыртып, жұмыспен қамту бөлімі ғимаратының алдына орнат­тырып қойды.
Өзгертуді қажет ететін атаулардың тізімі Ленинмен ғана шектелмейді. Облыста Комсомол деп аталатын 72 көше бар екен. Әлде­қашан құрдымға кеткен бұл ұйымды ұмыта алмай жүргендер тым көп-ау, сірә. Октябрь деп аталатын көшелер де аз емес – 45. Бұл атауды алып тастау үшін дәл сол Қазан төңкерісіндей бір төңкеріс қажет сияқты. Әйтпесе жақын болашақта ауыса қоюы неғайбыл. Киров, Карл Маркс, Пуга­чев, Калинин дегендердің де жағдайлары жа­ман емес. Ең нашарының атында – 22, ал ең мықтысында 40 көше бар.
Еліміз Тәуелсіздік алып, өзіндік сараб­дал саясатын жүргізіп келе жатқанына биыл 22 жыл болады. Бірақ сол саясатты түсінбей, коммунизм елесімен жүргендер де арамызда бар сияқты. Егер келмеске кеткен империяны, қияли саясатты аңса­ма­ғанда, 27 көшенің Коммунистік деген атауын әлдеқашан алып тастауға болар еді ғой. Өкінішке қарай, жоғарыда көшелерін тізіп шыққан елді мекендердің тұрғындары да, сол ауыл-аймақты басқарып отырған әкімдер де ешбір әрекет еткісі жоқ.

Маман пікірі
Ернияз СҰЛТАНОВ, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің бастығы:
– 2010 жылға дейін бірнеше ауыл­дың тарихи атауын қайтарып, кей­бі­рінің транскрипциясын түзеткен бо­ла­тынбыз. Алайда атауларды ауыс­ты­руға мораторий тұсау болды. Тек осы көк­темде ғана кейбір заңдарға оно­мас­ти­ка мәселелері бойынша өзгерістер енгізіліп, мораторий күшін жойды. Үш жыл бойы бірде-бір атау ауыстыра ал­мадық, бірақ соншама уақыт бойы қарап жатпадық. Ғылыми-зерттеу жұ­мыстары жүргізілді, аймақ­тың атау­ла­ры кітабын шығардық, бала­лар ара­сын­да өзі тұрып жатқан елді мекенінің атауын зерттеуге байланысты байқау ұйымдастырылды. Біраз ұсыныстар да қордаланып қал­ды, мысалы Қызыл­жар қаласындағы көшелерге жаңа атау­лар беру туралы 20-дан астам өтініш түсті. Облыстық ономастикалық комиссия қайта құрылды. Енді білек сы­бана іске кірісеміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста