Биыл Абайдың ұлы Тұрағұлдан сүйген немересі, Абай әндерін бүгінге жеткізген Мәкен (Мағрифа) апаның туғанына 100 жыл толды. Ұлы хакімнің ұрпағы болғаны үшін ғана қиямет қысымға ұшыраған Мәкен апа Абай әндерін ғана емес, ойшыл ақынға қатысты біраз деректерді де бүгінге қалдырып кетті.
Абай әулетінің көзі
Мәкен апа 1912 жылы дүниеге келген. Бұл кезде Абайдың өмірден озғанына әлі 10 жыл да өтпеген. Ақынның өзі туралы, өлеңдері туралы жиі айтылатын кез. Осы жылдарғы атаулы оқиға Абай өлеңдерінің 1909 жылы Петерборда басылып, жарыққа шығуы болатын. Бұл Мәкеннің әкесі Тұрағұлдың Әлихан Бөкейханов және Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абай шығармаларын алғаш жариялауы болатын.
Бірде 1916 жылдың шамасында Тұрағұл жолаушылап шығып кетіп, қайта ауылына келгенде, атынан түсіп жатып жоқтау айтқан дауысты естиді. Өзін қарсы алған адамдардан сұраса, жоқтау айтқан кенже қызы Мәкен болып шығады. Көбейіп кеткен қазаның бірінде айтылған жоқтауды төрт жасында жаттап алған Мәкен соны қайталап айтып жүрген кезі екен. Сөйткен Мәкен бала күнінде Тұрағұлдың інілері Мекайіл мен Ізкайіл скрипка тартқанда, әкесіне қосылып ән айтып отырады екен.
Мәкен апа әжесі, Абайдың Ділдадан кейінгі әйелі Әйгерімді де көрген. Ол жайында «ажарлы, аппақ адам еді» деп отырады екен.
«Мәкен ападан естідім» деп Мұхтар Әуезовтің қызы Мұғамила апа да әкесінің алғаш қалай үйленгені туралы естеліктер айтып отыратын. Мұхтардың жары Райхан келін болып түскенде Мәкен – тұлымшағы желбіреген қыз. Сырқатқа шалдығып, Сұлтанмахмұттан кейін Шыңғыстауда қымызға жатқан кезінде Мұхтардың Райханға үйленуіне себепші болған Мәкеннің әкесі Тұрағұл еді.
Өнер мен әдебиетке, жалпы, сол заманның интеллектуалды ортасында тәрбие алған Мәкен алдымен екі жыл үйде жалданған оқытушы қолынан оқиды. Кейін үш жыл әйелдер гимназиясынан тәлім алады да, бар оқуы осымен түгесіледі. Өйткені қуғын-сүргін басталып, қазақтың баскөтерер азаматтары жаппай дерлік репрессияға түседі.
Әулет тартқан азап
Абайдың Әйгерімнен туған тұңғышы Тұрағұл әкесінің көзі тірісінде халық соты, болыс қызметін атқарады. Оның әкесі туралы жазған естелігі абайтанудағы бірден-бір толық дереккөз болып табылады. Бұл турасында Мұхтар Әуезов те кезінде өзінің ықылас-пікірін білдіріп кеткен болатын.
Жақын-жуық арасында «Тұраш» аталып кеткен Тұрағұлдың тегі кейде Абаев, кейде Ибрагимов болып жазылған. Ақын, аудармашы Тұрағұл «Алашорда» үкіметінің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене атсалысты. Әкесі Абайдың нұсқауымен орыс тілін жетік меңгерген ол әдеби өмірде аудармашылығымен танылды. Тұрағұл аударған Джек Лондонның, Александр Неверовтің, Болеслав Прустың, Максим Горькийдің және т.б. жазушылардың әңгімелерін аударып, оның алды Мәскеуде басылып шығады. Өкінішке қарай, қуғын-сүргінде Тұрағұлдың кейінгі аудармалары қолды болады.
Тұрағұл 1928 жылы қарашада әулетімен оңтүстікке жер аударылады. Мәкен апа тура осы 1928 жылы Мұқаметжанның Ұлықбегіне тұрмысқа шықты. Ұлықбек көзі тірісінде Абаймен жауласып, артынан қажылыққа бара жатып татуласатын Оразбайға жақын атадан болатын. 1917 жылы Ойқұдықта алғаш «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған тойда Мәкеннің апасы Ақила да Оразбайдың немересі Сәниязға ұзатылғаны белгілі. Абай мен Оразбай әулеті кейінгі сындарлы, зобалаң уақытта бір-біріне тірек, сүйеніш бола білді.
Мәкеннің жұбайы Ұлықбек Үржарда заң қызметінде жүргенде бір рет байдың қызын алды деген айыппен тергеуге түседі. Алайда көп ұзамай босап шығады. Бұдан кейін Жамбылда (Меркеде) және Шымкентте (Сарыағашта) қызметте болған Ұлықбек Тұрағұл қайтыс болғаннан кейін Ақтөбеде сот болып жүргенде тағы да түрмеге түседі. Сонда оған «әйелі Шәкерім әндерін айтады» деген айып тағылады. Алайда бұл айыптың да адамды соттауға негізсіздігі дәлелденіп, Ұлықбек босап шығады.
Тұрағұлдың жалғыз ұлы Жебірейіл Томскіде инженерлік оқыды. Ол қуғында жүріп Ташкентте қайтыс болады. Ізкайл 1929 жылы қайтыс болды. Жебірейілден Алыпарыстан қалады. Оны Мәкен тауып алып, Ақылбайдың Әубәкірінің өліп қалған баласының құжатымен «Оспанов» ныспысымен тіркетіп алады.
1931 жылы Шәкерім Шыңғыстауда және Шыңғыстаудан шыққан 70 адам Семей түрмесінде атылады. Сол «жетпістің» арасында Тұрағұлдың інісі Мекайл де бар еді. Мәкеннің апасы Ақиланың күйеуі – Сәнияз, қайынатасы – Медеу және тағы бір қайынағасы да сол «жетпістің» құрамында атылды. Осы аралықта Мәкен қуылып кеткен әкесін қырғыздың Тоқмағынан тауып алып, қолына алады. Әкесі Тұрағұл Ташкентте Мұхтар Әуезовпен кездескен күні Мұхтарды ұстап алып кетеді. Семейден алыста жүрсе де, бұл әулет азаптан құтылмай, небір қиын жағдайды басынан өткереді. Сөйткен Тұрағұл 1934 жылы 6 наурызда кенже қызы Мәкеннің қолында Сарыағашта қайтыс болды. Сол жылы Мәкен Шәкерімнің ұлы Ахатты тауып алады. Айдаудан босаған Ахатты мектепке мұғалімдікке орналастырып, үйлендіреді. Өзі Ахаттан Шәкерім әндерін үйренеді. Осылайша қуғындағы Құнанбай әулетіне Мәкен өз қадірінше қамқорлық көрсетеді.
Алайда Мәкен апаның бір өкініші болды. Ол әкесі Тұрағұлдың қабіріне қараса алмағаны еді. Шымкентте химия зауыты салынған кезде қабір соның аумағында қалып қояды. Бертінде Шымкенттегі Абай саябағына Тұрағұлдың құрметіне жазушы Роллан Сейсенбаев символдық құлпытас қойдыртады.
Абайдың әні
Отызыншы жылдардан беріде Мәкен апа әншілер мен зерттеушілерге Абай, Шәкерім әндерін айтып, нотаға түсуіне себепші болады. Өзі 1936 жылы Қазақ радиосына әнші болып жұмысқа орналасады. Осы жылдары зерттеуші Ахмет Жұбанов Мәкен ападан Абай әндерін жазып алып, нотаға түсірген еді. Мұхтар Әуезов өзі дүниеден озарынан бір жыл бұрын Борис Ерзаковичті ертіп апарып, Мәкеннен Абай әндерін жазғызады. Бұл кезде Мәкен мен Ұлықбек қайтадан Сарыағашқа көшіп келген болатын. Сонда Мәкен апа Ерзаковичке Абай мен Абай шәкірттерінің отыздан астам әнін жаздырған екен. Мәкен ападан Абайдың ғана емес, Абай шәкірттерінің әнін үйренген әншілердің бірі Жүсіпбек Елебеков болатын.
Бертінде әдебиет және өнер институты Абайдың 17 әнін Мәкеннің айтуымен таспаға түсіріп алады. Мұның ішінде алты ән: «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Әбдірахманның әйелі Мағыштың жоқтауы», «Теректің сыйы», «Есіңде бар ма жас күнің?» тұңғыш рет нотаға түсіріледі. Оны ән-күй зерттеушісі Қайролла Жүзбасов жазып алады.
Абайдың музыкалық шығармаларының негізгі шоғырын бүгінге жеткізіп кеткен асылдың сынығы Мәкен Тұрағұлқызы 2001 жылы 89 жасында бақилық болды. Мәкен апа туралы режиссер Сергей Әзімов пен продюсер Светлана Махметова көзі тірісінде деректі фильм түсіргені белгілі.
Таяуда Мәкен апаның ұрпақтары аналарына ас беріп, хатым түсірді. Онда жиналған ел ағалары мен туыстары Мәкен апаның игі қасиеттерін еске алды.
Абайдың асыл ұрпағы
Последние статьи автора