Абайдың асыл ұрпағы

Абайдың асыл ұрпағы

Биыл Абайдың ұлы Тұрағұлдан сүйген немересі, Абай әндерін бүгінге жеткізген Мәкен (Мағрифа) апаның туғанына 100 жыл толды. Ұлы хакімнің ұрпағы болғаны үшін ғана қиямет қысымға ұшыраған Мәкен апа Абай әндерін ғана емес, ойшыл ақынға қатысты біраз деректерді де бүгінге қалдырып кетті.

Абай әулетінің көзі
Мәкен апа 1912 жылы дүниеге келген. Бұл кезде Абайдың өмірден озғанына әлі 10 жыл да өтпеген. Ақынның өзі туралы, өлеңдері туралы жиі айтылатын кез. Осы жылдарғы атаулы оқиға Абай өлеңдерінің 1909 жылы Петерборда басылып, жарық­қа шығуы болатын. Бұл Мәкеннің әкесі Тұ­ра­ғұлдың Әлихан Бөкейханов және Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абай шығармаларын алғаш жариялауы болатын.
Бірде 1916 жылдың шамасында Тұра­ғұл жолаушылап шығып кетіп, қайта ауы­лы­на келгенде, атынан түсіп жатып жоқтау айт­қан дауысты естиді. Өзін қарсы алған адам­дардан сұраса, жоқтау айтқан кенже қызы Мәкен болып шығады. Көбейіп кеткен қазаның бірінде айтылған жоқтауды төрт жасында жаттап алған  Мәкен соны қайталап айтып жүрген кезі екен. Сөйткен Мәкен бала күнінде Тұрағұлдың інілері Мекайіл мен Ізкайіл скрипка тартқанда, әкесіне қосылып ән айтып отырады екен.
Мәкен апа әжесі, Абайдың Ділдадан кейінгі әйелі Әйгерімді де көрген. Ол жайында «ажарлы, аппақ адам еді» деп отырады екен. 
«Мәкен ападан естідім» деп Мұхтар Әуе­зовтің қызы Мұғамила апа да әкесінің алғаш қалай үйленгені туралы естеліктер айтып отыратын. Мұхтардың жары Райхан келін болып түскенде Мәкен – тұлымшағы желбіреген қыз. Сырқатқа шалдығып, Сұлтанмахмұттан кейін Шыңғыстауда қы­мыз­ға жатқан кезінде Мұхтардың Райханға үйленуіне себепші болған Мәкеннің әкесі Тұрағұл еді.
Өнер мен әдебиетке, жалпы, сол за­ман­ның интеллектуалды ортасында тәрбие алған Мәкен алдымен екі жыл үйде жал­данған оқытушы қолынан оқиды. Кейін үш жыл әйелдер гимназиясынан тәлім алады да, бар оқуы осымен түгесіледі. Өйткені қуғын-сүргін басталып, қазақтың баскө­терер азаматтары жаппай дерлік репрес­сияға түседі.
Әулет тартқан азап
Абайдың Әйгерімнен туған тұңғышы Тұрағұл әкесінің көзі тірісінде халық соты, болыс қызметін атқарады. Оның әкесі ту­ра­лы жазған естелігі  абайтанудағы бірден-бір толық дереккөз болып табылады. Бұл турасында Мұхтар Әуезов те кезінде өзінің ықылас-пікірін білдіріп кеткен болатын.
Жақын-жуық арасында «Тұраш» аталып кеткен Тұрағұлдың тегі  кейде  Абаев, кейде Ибрагимов болып жазылған. Ақын, аудар­машы Тұрағұл «Алашорда» үкіметінің мү­ше­сі ретінде оның жұмысына белсене атсалысты. Әкесі Абайдың нұсқауымен орыс тілін жетік меңгерген ол әдеби өмірде аудармашылығымен танылды. Тұрағұл ау­дарған Джек Лондонның, Александр Неве­­ров­тің, Болеслав Прустың, Максим Горький­дің және т.б. жазушылардың әңгі­мелерін аударып, оның алды Мәскеуде басы­лып шығады. Өкінішке қарай, қуғын-сүргінде Тұрағұлдың кейінгі аудармалары қолды болады. 
Тұрағұл 1928 жылы қарашада әулеті­мен оңтүстікке жер аударылады. Мәкен апа тура осы 1928 жылы Мұқаметжанның Ұлықбегіне тұрмысқа шықты. Ұлықбек көзі тірісінде Абаймен жауласып, артынан қа­жы­лыққа бара жатып татуласатын Ораз­бай­ға жақын атадан болатын. 1917 жылы Ойқұдықта алғаш «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған тойда Мәкеннің апасы Ақила да Оразбайдың немересі Сәниязға ұзатылға­ны белгілі. Абай мен Оразбай әулеті кейінгі сындарлы, зобалаң уақытта бір-біріне тірек, сүйеніш бола білді. 
Мәкеннің жұбайы Ұлықбек Үржарда заң қызметінде жүргенде бір рет байдың қызын алды деген айыппен тергеуге түседі. Алайда көп ұзамай босап шығады. Бұдан кейін Жамбылда (Меркеде) және Шым­кент­те (Сарыағашта) қызметте болған Ұлық­бек Тұрағұл қайтыс болғаннан кейін Ақтөбеде сот болып жүргенде тағы да түр­меге түседі. Сонда оған «әйелі Шәкерім әндерін айтады» деген айып тағылады. Алайда бұл айыптың да адамды соттауға негізсіздігі дәлелденіп, Ұлықбек босап шы­ғады.
Тұрағұлдың жалғыз ұлы Жебі­рейіл Томс­кіде инженерлік оқы­ды. Ол қуғында жүріп Ташкентте қайтыс болады. Ізкайл 1929 жы­лы қайтыс болды. Жебірейілден Алы­парыстан қалады. Оны Мәкен тауып алып, Ақылбайдың Әубәкі­рі­нің өліп қалған баласының құ­жа­тымен «Оспанов» ныспы­сымен тіркетіп алады.
1931 жылы Шәкерім Шыңғыс­тауда және Шыңғыстаудан шық­қан 70 адам Семей түрмесінде атыла­ды. Сол «жетпістің» арасын­да Тұрағұлдың інісі Мекайл де бар еді. Мәкеннің апасы Ақила­ның күйеуі – Сәнияз, қайынатасы – Медеу және тағы бір қайына­ғасы да сол «жетпістің» құра­мын­да атылды. Осы аралықта Мәкен қуы­лып кеткен әкесін қырғыздың Тоқмағынан тауып алып, қолына алады. Әкесі Тұрағұл Ташкентте Мұхтар Әуезовпен кездескен күні Мұхтарды ұстап алып кетеді. Семейден алыста жүрсе де, бұл әулет азаптан құтыл­май, небір қиын жағдайды басынан өткереді. Сөйткен Тұрағұл 1934 жылы 6 наурызда кенже қызы Мәкеннің қолында Сарыағашта қайтыс болды. Сол жылы Мә­кен Шәкерім­нің ұлы Ахатты тауып алады. Айдаудан босаған Ахатты мектепке мұға­лім­дікке орналастырып, үйлендіреді. Өзі Ахаттан Шәкерім әндерін үйренеді. Осы­лайша қуғындағы Құнанбай әулетіне Мә­кен өз қадірінше қамқорлық көрсетеді.
Алайда Мәкен апаның бір өкініші бол­ды. Ол әкесі Тұрағұлдың қабіріне қара­са алмағаны еді. Шымкентте химия зауыты салынған кезде қабір соның аумағында қалып қояды. Бертінде Шымкенттегі Абай саябағына Тұрағұлдың құрметіне жазушы Роллан Сейсенбаев символдық құлпытас қойдыртады.  
Абайдың әні
Отызыншы жылдардан беріде Мәкен апа әншілер мен зерттеушілерге Абай, Шәкерім әндерін айтып, нотаға түсуіне се­беп­ші болады. Өзі  1936 жылы Қазақ ра­дио­сына әнші болып жұмысқа орнала­са­ды. Осы жылдары зерттеуші Ахмет Жұба­­нов Мәкен ападан Абай әндерін жазып алып, нотаға түсірген еді. Мұхтар Әуезов өзі дүниеден озарынан бір жыл бұрын Борис Ерзаковичті ертіп апарып, Мәкеннен Абай әндерін жазғызады. Бұл кезде Мәкен мен Ұлықбек қайтадан Сарыағашқа көшіп келген болатын. Сонда Мәкен апа Ерзако­вич­ке Абай мен Абай шәкірттерінің отыздан астам әнін жаздырған екен. Мәкен ападан Абайдың ғана емес, Абай шәкірттерінің әнін үйренген әншілердің бірі  Жүсіпбек Елебеков болатын.
Бертінде әдебиет және өнер институты Абайдың 17 әнін Мәкеннің айтуымен тас­па­ға түсіріп алады. Мұның ішінде алты ән: «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Әбдірахманның әйелі Мағыш­тың жоқтауы», «Теректің сыйы», «Есіңде бар ма жас күнің?» тұңғыш  рет нотаға тү­сірі­леді. Оны ән-күй зерттеушісі Қайролла Жүзбасов жазып алады.
Абайдың музыкалық шығармаларының негізгі шоғырын бүгінге жеткізіп кеткен асылдың сынығы Мәкен Тұрағұлқызы 2001 жылы 89 жасында бақилық болды. Мәкен апа туралы режиссер Сергей Әзімов пен продюсер Светлана Махметова көзі тірісінде деректі фильм түсіргені белгілі.
Таяуда Мәкен апаның ұрпақтары ана­ла­рына ас беріп, хатым түсірді. Онда жи­нал­ған ел ағалары мен туыстары Мәкен апаның игі қасиеттерін еске алды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста