Абайды тану «Абай жолынан» басталады. Сол арқылы бүкіл қазақ болмысы ашылады. Бірақ біз ұлтымызды әлемге әйгілі еткен Мұхтар Әуезовтің атын ең алдымен осы ұлы шығарма арқылы білгенімізбен, «Абай жолы» роман-эпопеясының құндылығы қаншалықты екендігіне бүгінгі күнде қаншалықты мән беріп жүрміз? Шындығына келгенде, «Абай жолын» оқуды жас ұрпақтың жадына құймас бұрын өзіміз оқыдық па? Осы сұраққа жауап алу мақсатында біз семейліктер арасында сауалнама жүргізген едік.
Айнагүл ТАСБОЛАТОВА, мұғалім, 22 жаста:
– Студент кезiмде оқығанмын. Қазір қайтара оқып жатырмын. «Абай жолы» –сол кездегі қоғам айнасы, қақтығыстар, ұлттық таным, болмысты бейнелейтін жауhар шығарма. Абай ауылына Бiржан салдың келуi арқылы ұлттық өнердiң бағасы артқан. Тоғжан бейнесi арқылы қазақ қыздарын дәрiптеуге жол ашылған. Сонымен бірге ру арасындағы тартыс пен ескi салттардың әсерi адамды бейжай қалдырмайды.
Балғын ЖҰМАБЕКОВ, теміржолшы:
– «Абай жолын» мектепте оқығаным бар. Кейбір оқиғалары ептеп есімде көмескі тартқаны рас. Бірақ Құнанбайдың жер дауы үшін Бөжейге құн орнына Кәмшат деген қызды беріп, қызды көруге барған Абайдың сол шақтағы жай-күйі мені ерекше тебірентті. Одан бөлек табиғат көріністері ғажап баяндалады. Абайдың Тоғжанға келгенде өзеннің тасуы, досы Ерболдың қол ұшын беруге ұмтылуы қызықтыра түседі. Ол кездегі Шыңғыстау мен қазіргі Шыңғыстауды мүлде салыстыра алмайсың. Бүгінгі кейпі полигон кеселінен құрыған сияқты көрінеді маған. Әйтпесе біз «Абай жолындағы» ұлы мекеннің нағыз табиғи келбетін осы уақытқа дейін сақтасақ, шығарма құдіретіне одан сайын бойлай түсер едік қой.
Асхат БӘКІРОВ, сәулетші:
– Абайдың мекенінде жүріп, «Абай жолын» оқудың орайын келтіре алмағаныма қатты ұялып жүретінмін, әрине. Ал жақында оның аудиодискіге жазылған нұсқасын таптым. Сол маған өте жақсы серік болды. Әсіресе жолға шыққанда. Қоссаң болды, диктордың асқан мәнермен оқитыны сондай, тебірене тыңдап келе жатып, Абай дәуірі көз алдыңда дөңгелей жөнеледі. Әлі тыңдап тауысқан жоқпын. Бірақ тіршіліктің қарбаласынан қол қалт еткенде тыңдасам-ақ, жаным рақатқа бөленеді.
Керімхан ЖАНДОСБЕКОВ, құрылысшы:
– «Абай жолын» оқуға мектепте мойным жар бермейтін. Қазір күнкөрістің қамында жүріп ондай үлкен кітап түгіл, балаларымның дәптеріне қарауға уақыт таппаймын. Өйткені дәл қазіргі уақытта мен үшін қымбаты бес баламның оқу жылына ойдағыдай баруы үшін киім-кешек, керек-жарағына жететін ақша табу болып тұр. Ренжіме, айналайын.
Сейітжан ОСПАНОВ, «Достық» білім беру орталығының директоры:
– Мен, негізі, оңтүстіктің тумасымын. «Абай жолын» мектепте оқыдым. Ал биыл мамыр айында Шыңғыстауға, Жидебайға барып келген соң қайтадан қолыма алдым. Бұрынғыдан бүгінгі оқығаным екі бөлек күйге бөледі. Қазір тура Абай заманында бірге жүргендей күйдемін десем, өтірік айтқаным емес. Демек, адам рухани тұрғыдан қарайып қалмас үшін «Абай жолы» эпопеясын қайталап оқып отыруы керек деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген: Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Семей қаласы