Абай елін аралап, Абайдың әнін алып қайттым
Роза ӘЛҚОЖА, әнші, сазгер:
– Роза, биылғы жаз маусымында Абай туған топырақты аралап, Ертістегі елге концерт қойған көрінесіз. Ұлы Абай бір кездері «Батысым Шығыс боп кетті десе», сіздің де «Жайығыңыз Ертіс боп кеткендей» ме, қалай? Әрине, әзіл ғой, әйтпесе қазақтың қай даласына ән арнасаңыз да әбден жарасады емес пе? Ендеше, сапар жайын айта отырсаңыз...
– Қазақстанның біраз жерін аралап, концерт беріп жүрсек те, биылғы шығысқа сапар ерекше есте қалып, көңілге түрлі ой салды. Себебін өздеріңіз де білесіздер, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды тұлғалар туған ауыл Қарауылды көру – өзгеше бір сезім, өзгеше бір бақыт. Шынымды айтсам, сондай бір үлкен жауапкершілікпен, бойымды аздап қорқыныш билеп барғанмын. Және концертке халық соншалық көп, тіпті балконға дейін лық тола жиналады деп ойламаппын. Репертуарымда Абайдың тым құрығанда бір әні жоғын сол жолы ойланып, қатты ұялдым. Алайда Абай елі кінәмшіл емес, керісінше кеңпейіл жұрт екен, алғаш «Мен сыйға тартқан орамалдан» бастап керемет қарсы алды. Осыған дейін еліміздің қаласы бар, ауылы бар, он шақты жерінде концерт өткіздім ғой, бірақ соның ішінде ең жоғары деңгейде өткені осы Қарауылдағы концерт болды. Бір әнге үш рет иіліп сәлем беруге тура келді. Өйткені қол шапалақтап тұрып алғаны. Меніңше, бұл – әуелі әнге құрмет, әннің нағыз тыңдармандары ғана сондай құрмет көрсете алады деп ойлаймын мен. Сонан соң тағы бір таңғалғаным, концерт барысында «маған сұрақтарыңыз болса, хат жазып отырыңыздар» дегенбіз, ең сауатты сұрақты осы Қарауылдың тұрғындары берді. Кәдімгі жүйелі, сауатты, салауатты сұрақты оқып, осының иесі бір үлкен кісі болды ғой деп тұруын өтінсең, залдан бір оқушы көтеріледі орнынан. Топырақтың бекер киелі атанбағанын білдім сонда. Қасымда әйгілі әнші Гүлмира Сарина да болған. Осы Қарауылдан соң Семейде, Өскеменде өткіздік. Осы тұста мен өзім куә болған ерекше жағдайға тоқтала кетсем, Қарауылда бізді есімі бүтін елге танымал тұлға, әндерін біршама әншілер орындап жүрген белгілі сазгер Мейрамбек Жанболатов ағамыздың отбасы қонаққа шақырды. Әлгінде «Абайдың бір әні жоқ екен репертуарымда» деп қысылғанымды айттым ғой, ойымды оқып қойғандай, осы үйдегі апамыз «мынау Мейрамбек ағаларыңның Абайдың сөзіне жазған әні еді» деп, Гүлмира екеумізге үлкен сый жасады. Одан бұрын Мейрамбек ағаның өзімен кездесу бізге үлкен әсер қалдырды. Бұрын әндерін ғана естіп, сонау халық әндері секілді тұнық бастаудан нәр алған әндерге сүйсініп жүруші едік, осы жолы өзін де көріп, әнін де алдық. Аталған сапардан алған әсеріміздің күштілігі тағы құштарландырды ма, осы өлкеге араға айлар салып тағы бардық. Бұл жолы Өскемендегі Оралхан Көшеров атындағы байқауға. Оралхан Көшеров – 40-50 шақты ән жазған, ерте марқұм боп кеткен сазгер. Көпшілік осы бір есімді көбіне Жанар Айжанованың орындауындағы «Достарым» әні арқылы таниды. Гүлмира Сарина байқаудың бас жүлдесін иеленді.
Абайға баратын жол жоқ...
– Мен осы жолы бір нәрсеге қарным ашты. Оны айта кетсем, айып болмас па екен?
– «Айтпасаң, сөздің атасы өледі» немесе «тыңдалмаған сөз жетім» демей ме қазақ, ендеше, көкейге келгенді іркіп қалмаңыз...
– Өскемен енді-енді қазақыланып келе жатқан жер ғой, бірақ білдей бір облыстың орталығы емес пе, сөйте тұра бірде-бір мәдениет үйі жоқ. Сенесіз бе? Бұрын болған, қазір жекеменшікке өтіп кетіпті. Осы байқауды өткізу үшін әлгі жекеменшік мәдениет үйін 500 мың теңгеге жалға алыпты. Ондай ақшаға Алматы сахналарының бірін жалдауға болады ғой. Жекеменшікке өтіп, керемет соңғы үлгімен жабдықталып тұрса да жарар еді ғой, жоқ, керісінше құлаудың аз-ақ алдында тұр. Тіпті төбесінде сол баяғы КСРО-ның гербі – балға мен орақтың суреті алынбаған күйде. Өскеменнің Мәдениет департаментінің бастығымен сөйлескенімде, ол кісінің өзі шарасыз халдерін мойындап отыр. Ол жерде ірі шаралар өтпей жатқан жоқ, мысалы, былтыр Ислам Әбіштің демеушілігімен бас жүлдесіне бір миллион теңге тігілген ақындар мүшәйрасы өтті, биыл тағы бір миллион екі жүз тігілген мүшәйра өткізілмекші, соның бәріне бір ошақ керек қой. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қалай насихатталмақ?
– Бұл, расында, үлкен мәселе, әнші ретінде ғана емес, ел мәдениетінің жанашыры ретінде осындай жайттарға көз жұма қарамағаныңыз жөн екен, алайда шығысқа сапардың соңы шабыт сыйлаған да болар?
– Әрине, аталған сапардан кейін «Ертістің жағалауында» деген жаңа ән туды. Осы әнмен «Шығыс жұлдыздары» атты байқауға қатысқалы жатырмын, бұйырса. Өткен жолы асығыс болды деп, жаныма жолдасымды алып, Абай ауылына тағы соқтық. Сондағы проблеманы айтайын сізге. Мысалы, кеше Мұқағали тойында ақын ауылына баратын жолды қандай керемет жасап қойған, қойнаудағы жайлаудың өзіне электр жарығын жеткізгенін көрдік. Әрине, Мұқағали халықтың жақсы көретін ақыны деп жүрміз, алайда Абай қазақтың бас ақыны ғой! Ал енді сол Абай еліне баратын жол жоқ. «Жеткізбейді кезең, өткізбейді өзен» дегендей, Семейден Қарауылға дейінгі 200 шақырымдық жолды жүріп өту мұң болды. Сонда ойға қалдым, «Абайды іздемейтін қазақ жоқ», онда қалай бас ақынды қастерлеп, ауылына апаратын қотыр жолға асфальт төсейтін қазақ табылмайды? Обалы не керек, Жидебай, Бөрілі, Арқат ауылдарындағы елдің пейілінде шек жоқ. Семейліктерден үлгі алатын бір қасиет – дәл олардай жақсысын жарқырата көрсете алатын жұрт жоқ екен. Жай ғана көрсету емес, сайының тасына дейін тарихын сайратып айтып бергенде, көз алдыңа сол кез сурет болып келе қалады. «Еңлік-Кебектің» өзі қандай тарих! Нағыз туризмнің орталығына айналдыратын-ақ жер, бірақ соған сервис жасалса...
Оралхан Бөкей шығармасына кино түсіргендей болдық
– Өз шығармашылығыңызға жаңа леп енгенін, жақында жаңа әнге жақсы бір клип түсіргеніңізді естіп жатырмыз. Қандай ән, қандай клип екеніне тоқтала кетсеңіз?..
– «Жүрек назы» атты жаңа ән жазғанмын, соған Оралхан Бөкейдің «Жылымық» атты әңгімесінің желісі бойынша клип түсірдім. Клип емес, ол бір кино іспетті болды. Өзімнің туындым емес, бейне Оралханның алдындағы парызым сынды әсер етті, сондықтан үлкен жауапкершілікпен кірістім. «Еларнадан» бастап бердік. Қазір қаржыға байланысты клипті басқа да арналардан бере алмай отырмыз.
– Оралхан Бөкей шығармасын таңдап алуыңызға не себеп? Ән әлде сол әңгімені оқыған сәтте, соның әсерінен туып па еді?
– Қазір қазақ клипінде бәрі де бар ғой: атып кету де, ауырып қалу да, тәубаға келу де, басқасы да. Сондықтан өзімше ізденіп, тың жаңалық қосқым келді. Негізі, өзім Оралхан Бөкейді әрдайым оқып, өзіме рухани азық алып тұрамын. Осы әннің сөзін жазған ақын Құралай Омар екеуміз бірде әңгіме барысында оқыған шығармаларымызды талдай отырып, «Жылымық» жайлы айтып кеткенбіз. Бірақ нақты клипке арқау етейік деген ой болған емес еді. Әнге де алғашында басқа сюжетпен актерлер тауып, кіріскелі жатқанбыз. Бірақ әйтеуір белгісіз бір күш біздерді кері шегіндіріп, клиптің түсірілу барысында көңіліміз өз дегенін таппай, мазасыз күй кештік. Кенет Құралайдың «Роза, «Жылымықты» алсақ ше, клипке айналдыруға болмас па?» демесі бар ма? «Мәссаған, идея!» деп әлгі жерде көңілім іздегенін енді тапқандай, тіпті клиптің құрамын түгелімен таратып, басқа құрам іздеуге тура келсе де, бастысы, дегенімнің дөп түскеніне қуанып кеттім. Бұл клип енді оңайға да соққан жоқ, арзанға да түскен жоқ, шаршадық, сабылдық, бірақ енді көрген жұрт бірден-ақ кәсіби сапалы дүние екенін бірден аңғарды. Былайша айтқанда, Оралхан Бөкей шығармасына кино түсіргендей болдық. Менің қорыққаным, Оралхан десе, қазақ зиялылары сынайды ғой деген ой еді. Бірақ жұртшылық жылы қабылдап, бағасын беріп жатыр.
– Роза, меніңше, сіз эстрадаға тың жаңалық әкелгендейсіз. Себебі прозаны эстрада арқылы жарнамалау деген басқа-басқа, қазақ эстрадасында бұрын болмаған жағдай десем орынды шығар...
– Егер халық жаңалық деп қабылдаса, шынында, солай болар. Ал өзім үшін бұл сондай-ақ алғашқы режиссерлік те жұмысым болған секілді. Ресми режиссерлік емес, әрине, бірақ клип сюжетін о бастан ойлап, аяғына дейін алып шығуда өзім сондай үлкен жауапкершілік жүгін сезіндім.
– Тек әнші ғана емес, Роза Әлқожа десе, бүгінде ел-жұртыңыз сазгер, ақын деп те танитындай жөніңіз бар. Ал шығармашылық адамының қашанда жай жүрмей ой құшып, мұң кешіп жүретіні белгілі. Соңғы кезде нендей ой мазалап жүр сізді?
– Бір түсінгенім, адам есейген сайын елін, туған топырағын ерекше сағынады екен. Мен осыны соңғы кездері қатты сезініп жүрмін. Туған жерімнің шекараның арғы бетіндегі Өзбекстан территориясында қалғаны жаныма қатты батады. Балалығымның балғын іздері қалған, атама еріп қой баққан жерлерге бүгінде тіпті визамен де кіргізбейді.