Абай – мәңгілік тақырып. Абайды тану – Алашты тану. Біз хакім Абайды неғұрлым таныған сайын ол соғұрлым тұңғиығына бойлатпай, одан әрмен тереңдей түсері анық. Соған қарамастан, алып тұлғаның үлгіге толы өмірі мен асыл мұрасын танып-білуге тағы бір сәтті қадам жасалды. Бұл – «Қазақстан» телерадио корпорациясының тапсырысымен «Қазығұрт» киностудиясы түсірген «Абай» деректі драмасы. Алматыдағы Жазушылар одағында тұсауы кесілген деректі фильмнің бас продюсері – Сәбит Әбдіхалықов, сценарий авторы – Ерлан Төлеутай, қоюшы-режиссері – Нұргелді Садығұлов, қоюшы-операторы – Ренат Қосай, қоюшы-суретшісі – Қуат Тілеубай. Ешкімді бет қаратпайтын Құнанбайдың рөлін белгілі әртіс Бауыржан Қаптағай шебер сомдаса, Зерені Майра Смағұлова ойнады. Абайдың сом тұлғасын – Жалғас Толғанбай, жас Абайдың бейнесін Айбек Молдабеков жұртшылыққа нанымды етіп бере білгендей.
«Абай» деректі драмасының басты ерекшелігі – көркем фильм және деректі фильм жанрларының элементтері қатар көрініс табады. Абайтанушы ғалымдардың дәйекті сөздері әртістердің ойнауындағы көркем көріністермен, нақты деректі кадрлармен астасып, көрермен қауымға ой салады, тіпті кейбір тұстары тебірентпей, толқытпай қоймайды. Әсіресе Құнанбайдың Абайға Қазыбек бидің шөбересі, Алшынбай бидің немересі Ділданы айттыруы – тектілікке айрықша назар аударатын дала дәстүрінің бір нышаны. Деректі драма Ділданың образын ашып көрсеткенін атап өткен жөн. Абайдың Ділдадан туған Әбдірахман мен Мағауиядай ұлдарының елден ерек болып өсуінде өз жұртынан да, нағашыларынан да дарыған арғы аталарының қасиеті жатпады деп кім айта алады?! Фильм Абайдың айналасындағы Құнанбай, Зере, Ұлжан, Ділда, Әйгерім, Оспан, Оразбай тәрізді тұлғалар ғана емес, тұтастай сол дәуірдің сұлбасын көз алдымызға әкелгендей болды. Деректі драмада жаңаша көзқарастар тоғысы мен тың мәліметтер молынан ұшырасады.
Айта кетелік, Сәбит Әбдіхалықов құрған «Қазығұрт» киностудиясы бұған дейін «Қанталапай», «Несиеге махаббат» фильмдерін, «Дипломмен – ауылға!» сериалын түсірген. 2011 жылы шыққан «Несиеге махаббат» комедиясы – Сәбит Әбдіхалықовтың алғашқы режиссерлік жұмысы.
Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, «Абай» деректі драмасының бас продюсері:
– Әртістерді таңдау, оларға қажетті киім табу тағы басқа сол сияқты жұмыстар оңайға соққан жоқ. Солардың ішіндегі ең қиыны сценарист таңдау болды. «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантайға барып едім, ол маған әнші-композитор, сценарист Ерлан Төлеутайды ұсынды. Ерланмен 15 минут сөйлескеннен кейін-ақ екеуміз қол алысып, келістік. Деректі фильмді аз уақыттың ішінде өткізуіміз керек болды. Сондықтан Абайдың жалпы өміріне шолу жасадық. Қарапайым жұртшылыққа түсінікті дүние туды. 100 мың доллардың төңірегіндегі қаржыға осы фильмді толық аяқтап, халыққа ұсынып отырмыз. Төрт айға созылған түсірілім жұмысына 100-ге тарта адам атсалысты. Түсірілім жұмыстары Алматы, Астана, Қызылжар қалаларында, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында жүргізілді. Бекмұхамбет Исабай, Төкен Ибрагимов, Тұрсын Жұртбай, Мұрат Әуезов, Зарқын Тайшыбай, Жәлел Омар тәрізді ғалымдар Абай туралы сүбелі ойларымен бөлісті.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, «Мәдениет» журналының бас редакторы:
– Фильмнен ерекше әсер алып шықтым. Мұны қазақ кино өнеріндегі бір жаңалық деп айтуымызға болады. Фильмде біз естімеген фактілер кездеседі. Меніңше, осы фильмді оқушылар арасына көп таратып, хрестоматиялық оқу құралы ретінде ұсынатын болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Кітап оқымайтын жастардың Абайды тануға көп септігі тиеді деп ойлаймын. Абайдың айналасындағы тұлғаларды әртістердің ойыны арқылы беру тәсілі де жақсы ойластырылған. Екінші планда жүретін әртістер осы фильмде бірінші планға шығып, жақсы ойнай біліпті. Әсіресе Оразбайды сомдаған Жақсыбектің шеберлігі қатты ұнады. Әртістер Құнанбай мен Абай образдарын аша түскен.
Нұртілеу ИМАНҒАЛИ, «Қазақстан» РТРК басқарма төрайымының кеңесшісі, журналист:
– XXI ғасыр техникасының күшімен кенже өнер – кино саласында Абайдай тұлғаларымызды насихаттауға арналған жұмысқа қол соғып, қошемет көрсетпеске шарамыз жоқ. Бір-бірімізді танымақ түгіл, өзімізді танымай бара жатқан заманда өз-өзімізге қайта үңілдіретін, жастарды өткен тарихымен қоса, болашағына көз жүгіртуге шақыратын «Абай» деректі драмасы тәрізді дүниелер ғой деп есептеймін.
Дидар АМАНТАЙ, жазушы, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы:
– Қазақтың бағына біткен Абай қай заманда болсын еліміз үшін маңызды тұлға болып қала бермек. Абай әр сөзін баппен, он ойланып, мың толғанып айтқандықтан, оның сөздерінен ешқандай селкеулік таппайсыз. Ол – қазақтың ой-өрісінің негізін қалаған тұлға. Оның философиясының тереңдігі де – сонда. Абайды әр оқыған сайын жаңа қырынан танылады. Атаулы деректі фильм түсірілу, сюжеттік желі, мәліметтерінің жүйеленуі тұрғысынан сәтті шыққан деп ойлаймын. Бұл «Қазығұрт» киностудиясының директоры Сәбит Әбдіхалықовтың, сценарист Ерлан Төлеутайдың, режиссер Нұргелді Садығұловтың еңбегінің жемісі деп білемін.