Айыппұл мөлшері несиенің 10 пайызынан аспауы тиіс

Айыппұл мөлшері несиенің 10 пайызынан аспауы тиіс

Төлемі кешіктірілгені үшін белгіленетін айыппұл мөлшері несиенің 10 пайызынан, ал жылдық эффективті ставка 56 пайыздан аспауы тиіс. Үкімет қарауына тапсырылған «Ипотекалық несиелеу, қаржылық қызмет тұтынушылары және инвесторлар құқығын қорғау мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осындай баптар қарастырылған. Біз осы заң жобасын ұсынған Қаржылық қадағалау агенттігі төрағасы орынбасары Мұрат Байсынов мырзамен сұхбаттастық.

– Мұрат Байсынұлы, заң жобасында қарызгерлерді қорғауға байланысты қандай шаралар қарастырдыңыздар?
– ҚҚА мамандары әзірлеген заң жобасында өзіңіз айтып өткен шаралардың бірқатары ескерілген. Біріншіден, төлемі кешіктірілген несиелердің өсімпұлы мен айыппұлы несиенің өзінен асып кетуіне байланысты, қалай болғанда да, өсім-айыппұл кредиттің 10 пайызынан аспауы тиіс деген шектеу қойдық.
Маңызды шараның бірі – қарызгерден келіспеу туралы хат келгенде, банктің кепілде тұрған мүлікті шартта белгілеген сотсыз әдіспен сатуына тыйым салынады. Осымен қатар келесі шаралар қарастырылды:
– теңгеге шаққанда шетел валюта курсы өскенде несиені өтейтін төлемдердің индексацияға байланысты көтерілуіне тыйым салу;
– кепілде тұрған мүлікті сату үшін тәуелсіз бағалау компаниясының қызметін қолдану;
– қарызгер/кепіл берушінің кепілде тұрған мүлікті сату кезінде сатып алушыны табу құқығын бекіту;
– банктердің несие шарттары талаптарын біржақты өзгерту құқығына тыйым салу;
– банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микрокредиттік ұйымдар, кредиттік серіктестер берген несиелердің сыйақы ставкалары пайызы шегін бекіту;
– несие өтеу үшін келісімшартта белгіленген акцептсіз ұстау мөлшері қарызгердің айлығынан 50 %-дан аспау. 
 – Алайда кепілдегі пәтерді сот шешімінсіз сатып жіберу кейбір азаматтарға тиімді ғой. «Ипотекалық мүлік туралы» Заңның 37-бабында «кепілге қойылған мүлік сатылғанда қарызгердің қаржы ұйымы алдындағы борышы түгел жойылады» делінген. Кейбір заңгерлер «қарызгер пәтерді сатуға келісімін берсе, банк несиенің бүкіл сомасын өндіріп алу үшін тағы сотқа шағым түсіре алады» дейді. Одан да кезінде 150 мың долларға алынған пәтерден де 300 000 долларлық борыштан да құтылған тиімді емес пе?
– Иә, «Ипотекалық мүлік туралы» Заңда жоғарыда аталған бап бар. Алайда бұл жағдай несие шартында өзге кепіл белгіленбеген жағдайда мүмкін. Көп жағдайда несие шартында бірнеше кепіл қойылғандықтан, кепілдер несие мен оның өсімін өтегенше бірінен соң бірі сатылуы мүмкін.
Кезінде қарызгер 150 000 долларлық пәтерді алу үшін 30 мың долларды өзінен шығарып, 120 мың долларлық кредит алды делік. Осы несиенің жалғыз кепілі болған пәтер 100 000 долларға сатылса, банк қалған 20 000 долларды және өсімін борышкер мойнына іліп қоюға құқығы жоқ.
Бірақ дәл қазір үй-жай өтімсіз болып тұрғандықтан, банктер кепілдегі мүліктерді сот шешімінсіз аукционға шығарып жатқан жоқ. Аукцион өткіземіз деп газеттерге хабарландыру бергенімен, оған қатысуға ниет білдірушілер табылмайды. Дәл қазіргі жағдайда қарызгерлерді пәтерінен шығарып немесе пәтерді арзанға өткізіп, жағдайды ушықтырғылары келмейді.
– Қымбатқа пәтер алған азаматтардың қиындығын қалай шешуге болады деп ойлайсыз? Мүмкін, борыш мөлшерін пәтердің қазіргі нарықтық құнына сай төмендету қажет шығар. Тісқаққан сарапшылары бар банктер желкеуектің түбі жарыларын білмеді емес, білді ғой.
– Заемшылар мен банктер арасындағы қатынастар азаматтық-құқықтық сипатта жүргізілетіндігін атап өткен жөн. Осыған орай шартпен қабылданған міндеттемелер тиісті түрде орындалуы қажет. Бұл ҚР Азаматтық кодексінің 272-бабымен қарастырылған.
Мемлекеттiк реттеудiң және қадағалаудың басымды мақсаттарының бірі қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтастай қаржы жүйесiне деген сенiмдi қолдау болып табылады.
Сондықтан заемшылар төлемдері мөлшерін төмендету бойынша заемды қайта құру рәсімдері банктің жоспарлаған түсімдер көлемі азаюына әкелетінін, шекті деңгейден асып және орнын басатын табыс көздері болмаған жағдайда банктің кредиторлар, оның ішінде, депозиторлар алдындағы борышын өтеуіне, өз клиенттерінің ағымдағы төлемдерін жүзеге асыру міндеттеріне кері әсер ететінін ескеру қажет.
Сонымен бірге банктер заңнамамен бекітілген пруденциалды және басқа да нормативтер мен лимиттерді үнемі орындап тұруы қажет.
Осыған байланысты сыйақы ставкалары не қарыз сомасының мөлшерін төмендету мәселелерін ҚР «ҚР банк және банк қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – заң) негізінде банктер өз құзырында қарастырады және мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары осы мәселе бойынша банктің қызметіне араласуға құқығы жоқ.
Заңның 35-бабына сай несиелердiң қайтарымдылығы кепiл, айыпақы, кепiлдiк, кепiлдеме және заңдармен немесе шартпен көзделген басқа әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Демек, банктің несиеге кепіл алу мақсаты – заемшы несиені қайтармау тәуекелін жою.
Қорыта келе, банктердің заемдарды қайта құруға байланысты шешімдері атап өткен факторлармен тығыз байланысты.
– Жылдық эффективті ставканың мәнін және шегін неліктен 56 пайызбен белгіленгенін түсіндірсеңіз
– Жылдық эффективті салыстырмалы ставка несиенің шынайы құнын білдіреді. Мұны түсіну үшін әр банктің несие құнын есептеуде әртүрлі әдіс пен формула қолданатынын ескеру қажет. Бұл ставкаларды бір-бірімен салыстыруға болмайды.
Банктер қарызгерлерді қызықтыру үшін несие ставкасын мейлінше төмен етіп көрсетуге тырысады, ал жеме-жемге келгенде несие комитетінің комиссиясы, қолма-қол ақша алу ақысы, несиені рәсімдеу сынды түрлі жанама төлемдер шыға келеді де, қарызгер төлейтін төлемдер артып кетеді. Борышкер төлейтін ақының барлығы жылдық эффективті ставка бойына сіңірілуі тиіс. Сонда бірнеше банк несиесінің қайсысы арзан екендігін тек осы ставка арқылы салыстырып анықтауға болады. Бұл ставканың енгізілгеніне төрт жылдай уақыт болды.
Мысалы, жарнамада 19 пайыз деп көрсетілген кепілсіз несиенің эффективті ставкасы 64 пайыз болып шығатын. Ал ипотекалық несиелердің шынайы құны 45-48 пайызға тең еді. Шетелдердің көбінде өсімқорлықты шектеу мақсатында несиенің жоғарғы шегі белгіленеді. Біз бұл ставканы Ұлттық банктің есеп ставкасының (қазір 7 пайыз) 8 еселенген көрсеткіші ретінде белгілеуді ұсынып отырмыз. 
 – Қарызгерлер қандай шағымдар түсірді?
– 2009 жылы агенттікке жеке тұлғалардан төрт мыңға жуық арыз-шағым түсті, жартысы банктерге және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, оның ішінде ипотекалық компанияларға қатысты. Осы шағымдардың барлығы қарастырылып, зерттелгенде, тек 10 пайызына жуығы негізді екені анықталды.
Өйткені, өкінішке қарай, несие алғанда қарызгерлер келісімшарт мәтінін оқуды, ондағы шарттарда өз міндеттемелері мен тәуекелдерін бағалауды осы уақытқа дейін әдетке айналдырмаған.
– Жоғарыдағы өзгерістер бұдан бұрын алынған несиелерге қатысты ма?
– Әзірге заң жобасы енді берілетін несиелерге қатысты, қазір заң жобасында бұдан бұрынғы несиелерді де қамту жайы қарастырылып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста