Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында көзіне түскен боксшыларды атады. Ұлттық құраманың бұрынғы бапкерінің сөзінше, алтын алмаған жүлдегерлерде де көшбасшы болуға мүмкіндік бар.
- Чемпионаттағы жастарды біз ересектер арасында чемпион болатын боксшылар ретінде қарастырып отырмыз. Маған 49 келідегі Санжар Тәшкенбай қатты ұнады. Сосын Диас Молжігітов те. Ол қола жүлде иеленді, дегенмен әлеуеті бар. Қайрат Сатжанов өзін жақсы көрсетті.
- Ал қарсыластардан, сізді кім таңдандырды?
- Үндістан боксшылары жақсы дайындалыпты - қыздар арасында жеті чемпион және жігіттерден біреу. Турнирде жарқ етті. Ресей мен Өзбекстан командалары жақсы дайындықпен келген. Куба - сәл нашарлау. Ресейліктер өздерін көрсете алды, біздің бәсекелестер. Әлбетте Өзбекстан да.
- Ал жігіттерден кімді бірінші орынға қояр едіңіз?
- Санжар Тәшкенбайды. Техника, агрессия және алға қойған қолымен жұмыс істей алады. Қарсыластары жылдам болды, алайда, бәрін жеңіп шықты. Ал финалда айқын басымдық көрсетті.