Қытайдағы қазақ боксшының әділетсіз жеңілісі жанкүйерлердің наразылығын тудырды
Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан XIII кезекті жазғы жалпы қытайлық спартакиадасының бокстан барлық салмақ дәрежесіндегі финалдық бәсекесі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерлер арасындағы 75 кг салмақта Хубэй провинциясының спортшысы Вэн Инхаң және Шыңжаң автономиялық өлкесінің боксшысы, ұлты қазақ Тоқтарбек Таңлатханұлы қолғап түйістірді. Ақтық бәсекені Қытайдың орталық телеарнасы CCTV-5 спорттық каналы тікелей эфирде көрсетті.
5 раундқа созылған жекпе-жекте Тоқтарбек қарсыласына жойқын соққыларын дәл тигізіп, айқын басымдылық көрсеткендігін байқауға болады. Қытайлық коментаторлар Тоқтарбекті «айқын басымдылықпен жеңіске жетті» -, деген қорытынды жасаған тұста, төрешілер жеңісті 5:0 есебімен Вэн Инхаңға берді.
Төрешінің ашық әділетсіздігіне қытайлық бокс жанкүйерлері өз наразылығын білдірді. Олардың басты ұстанымы басқа ұлттардың спорттағы жетістігін қақпайламай, олардың Қытай боксының дамуына қосқан үлестерін бағалау керек екенін айтуда.
Ал шыңжаңдық жанкүйерлер бұл жәйт Шыңжаң спортшылары үшін қалыпты жағдай екенін білдірді.
Айта кетейік, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі ұйғыр, қазақ және басқа 13 ұлттар мекен етіп отырған жер. Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Қанат Ислам осы өңірдің қазақтар шоғырланған Алтай аймағы Қаба ауданында дүниеге келіп, жастайынан Шыңжаң бокс құрамасы сапында өнер көрсеткен. Бүл күнде Шыңжаң боксшылары Қытай атынан халықаралық бәсекелерде және Олимпиада ойындарында топ жарып келеді.