Бокста ауыр салмақтағы алыптар бәсекесінің үнемі жанкүйерлердің делебесін қоздыратыны рас. Үлкен спортқа есімін алтын әріптермен қашап жазған қазақтың нар тұлғалы ұлдарының бірі – Мұхтархан Ділдәбеков. Боксқа кеш келсе де, аз жылдар ішінде керемет жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Одан бері бокстан ауыр салмақта бірде-бір қазақ жасы әлемдік аренада атойлай алмады.
Мұхтарханның соңынан аңыз ереді. Атақты кубалық Рубалкабаны құлаштай ұрып, еденге етпетінен түсіргенін әлі де жыр қылып айтамыз. Сиднейдегі бәсекелерді тамашалап отырған әйгілі кәсіпқой боксшы Эвандер Холифилд қазақ жанкүйерлері отырған трибунаға қарата «Мұхтархандарың мықты екен» депті сонда. Ауылдың шаңдақ топырағында көкпар тартып, кейіннен шаршы алаңда білектің буырқанған күшін көрсетуге келгенін Холифилд қайдан білсін!
Бұрынғы жуанжұдырық боксшы Мұхтархан Қобыланбекұлы бүгінде ОҚО бокстан жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы. Ел сыйлаған азамат. Қайтсе қазақтың аты озар екен деп шырыл қағатын басшымен арнайы сұхбаттасқан едік. Әлемге әйгілі спортшы тарихтан сыр шертіп, бүгінгі қазақ боксы, қызметтегі арман-мақсаттары хақында бүкпесіз сырын ақтарды..
«Ауылдарда бокс секцияларын аштым»
– Спортшы болу бір бөлек, басшы болу бір бөлек. «Баласы атқа мінсе, тақымын қысатын» қазақпыз. Бүгінгі қазақтың жас балғындары бокс өнерін қалай түсініп жүр? Әрбірінің көкейінде қандай ниет барын аңдай алып жүрсіз бе?
– Бұл орынтаққа бірден топ етіп келе қойған жоқпыз. Алдымен қалалық бокс мектебінде тәжірибе жинақтап, ысылдық. Ағаларым жөн сілтеді. Ақыл кеңестеріне құлақ түрдік. Содан облыс спортының басшылары 2008 жылы осы мектепке қолқа салып көріп еді, келісімімді бердім. Спорт залы мен кабинеттегі жұмыс екі бөлек. Келе салып шәкірттерімді жасөспірім, жастар арасында Азия, әлем біріншіліктеріне дайындадық. Сол кездегі жасөспірім боксшылардың барлығы қазір ересектер сапында. Басшы болып шырылдап жүргеніме әне міне дегенше 4-5 жыл өтіпті.
Биылғы меже – Азия ойындары мен жасөспірімдер Олимпиадасы. Инчхонда бақ сынайтын жігіттердің тізіміне ілігуге қабілетті өрендеріміз бар. Біржан мен Қайратқа үміт артамыз. Ел чемпиондары Алмасбек Әлібеков, Закир Сафиуллиннің де жолы түсер, бәлкім. Олардың бәрі де шілдеде Президент кубогіне қатысып, бапкерлердің сынағынан өтеді. Жігіттерге дем беру үшін Алматыға арнайы барып қайтамын өзім.
– Мектебіңізден бүгінге дейін қандай дарындар түлеп ұшты? Мақтанатын шәкірттеріңіз бар ма?
– Бүгінгі ел чемпионы Закир Сафиуллин, жүлдегер Нұрғазы Жүсіпов – біздің мектептің түлектері. Қазіргі жастарымыз келесі жылы ересектер сапына ауысады. Одан бөлек, 4-5 ауыр салмақтағы өзімнің ізбасарларым дайындалып жүр. Олардың көрінуі үшін жылдар керек, алдағы тағдыры белгісіз.
Бәрі де ел спорты үшін. Бүгіндері аудан, ауылдардан бокс секцияларын ашуды қолға алдым. Өзіміз де ауылдан шықтық. Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Ордабасы, Созақ, Қазығұрт аудандарында бокс секциялары жұмысын бастады. Білікті, айтары бар мамандарды да тауып бердім. Мақсат – сол ауылдардан шығатын дарындарды іріктеп, мектепке қабылдау. Жылына екі-үш рет қалаға жинап, тексеріп, мектептің біріншілігін өткіземіз. Әзірге өзім туып-өскен Мақтаарал ғана қалып тұр (күліп). Онда да секция ашып қалармын таяуда.
– Осыдан екі ай бұрын Болгарияда өткен жастар арасында әлем чемпионатынан Шалқар Айқынбай жеңіспен оралды. Сұлтан Зауырбек –күміс жүлдегер. Ол екеуінен келешекте қандай үміт күтесіз?
– Шалқар – осы мектептің түлегі. Екеуі де жеңімпаз болуға лайық жігіттер. Алда әлі уақыт бар. Тынымсыз тер төгіп, еңбек етсе жұлдыздары жанар. Әлемдік аренада өздерін мойындатты. Жәй адамның шаршы алаңда чемпион болғанын көрген жоқпын. Ондай жағдай 18-19 жаста боксқа келген менің спорттық ғұмырымда кездескенін білесіздер. Жасөспірім, жастар дуына қосылмай, бірден ересектер арасына келіп қойып кеткен мен ғана шығармын (күліп).
Жастар Олимпиадасында Шалқардың жүлде алуға қауқары жетеді. Құдай «түйе сұраса, бие береді» дейді ғой. Бәріміз тілекші болайық оған.
– Сұлтан «әлі-ақ екі дүркін Олимпиада чемпионы боламын» дегенді айтқан..
– Ниетіне жетсін! Олар періште ғой әлі.
– Таяуда Түлкібаста өзіңіздің турниріңіз өтті дүркіреп. Алыс-жақын шетелден де келіпті. Турнир жайында аз кем айтып берсеңіз..
– Ол жарысты ұйымдастырып жүрген өзімнің достарым. Соларға рахмет. Алматыда үлкен лауазымды қызмет істейтін Бақтияр деген азамат 2012 жылы бірінші турнирдің тұсауын кесіп берді. Былтыр Сарыағашта өткізді. Биыл міне үшінші турнирді түлкібастық досым, спорт жанашыры Жақсылық Исабек жалғаcтырып әкетті. Мұхтарханның турнирін әр жылы, әр ауданда өткізсек деген ұсыныс айтқан еді былтыр. Сол үдеден шықты өзі. Ресей, Қырғызстан, Дағыстаннан 200-ге жуық жасөспірім боксшы қатысты. Барлық облыстың өрендері болды.
– Келешегі жарысты А санатына кіргізу ойда бар ма?
– Оған көп күш керек. Марқұм Бекзаттың турнирін соған жеткізе алмай жүрген жоқпыз ба? АИБА-дан қолдау керек ол үшін. Ол да келешекте болатын іс. Алдымен Бекзаттың турнирін соған жеткізейік. Одан кейін бізге кезек те келер..
«Хьюстонда түріктен ұтылған жоқпын»
– Енді қазақ боксына келейік. Сіз 1998 жылы Бангкоктегі Азия ойындарында алтын, Пусан, Катарда күміс медальді иемдендіңіз. Биылғы жылдың басты додасы Азия ойындарынан не күтесіз?
– Азия олимпиадасы болғандықтан барлық мықтылардың қатысары айқын. Ауыр салмақта да тәжірибелі мықтылардың келетінін ұмытпайық. Қытай, Иран, Үндістан, Өзбекстанның алыптарымен санасатын болдық осы күні. Бұрынғыдай емес, қазір олардың қатары көбейген. Бұл елде ауыр салмақта ешкім жоқ деп ойласаң, солардан мықтылар шығып жатады.
Былтыр әлем чемпионатында бүкіл дүниежүзінің, Азияның алды болдық. Қазақ жігіттері мықты, дегенмен бокс барлық елде дамып жатқанын да ұмытпауға тиіспіз. Нағыз мықтыларды жинап алсақ, ел күткен нәтижеге жетерміз. Бас жүлдеден де үміт бар. Негізі, өзім алдын ала тон пішкенді ұнатпаймын. Кейде 5-6 алтын деп барасың, 1-2-уі ғана бұйырады. Кейде ойламағаннан көпке қолың жетеді.
– Дычко жайында не айтасыз? Ауыр салмақтағы ізбасарларыңызға көңіліңіз тола ма?
– Менің Дычкодай салмағым болғанмен, ол сияқты бойшаң емес едім. Үнемі бойы ұзын, өзімнен үлкен алыптармен төбелескен қолай еді маған. Дычко жайында не айтамын… Ол – әлі жас. Сәл жылдамдықты арттырса, бәрін түріп шығаруға қабілетті. Бір соққы алдым деп спорттан кете салудың реті жоқ. Оның болашағы үлкен. Еңбекпен ғана көгересің. Негізінен, ауыр салмақтағылар Еуропада көп. Кубадан міндетті түрде шығады. Өйткені, онда бәсекелестік бар. АҚШ-тан да ара-тұра кездесіп қалады. Одан қалса, Азияда да солай. Пенде барлық нәрсеге дайын болуы керек. Осыншама еңбек еттім, енді олимпиаданың бәрін ұтып кете беремін деген спортта заң жоқ. Мен өзім кеш түсінгенімді енді сезіп жатырмын. Бір емес екі Олимпиадаға қатыстым. Қазір қарасам, Олимпиадада халықаралық турнир сияқты жүріппіз (күліп). Енді басыма түсіп отыр. Шәкірттеріңді Олимпиадаға дайындау үшін еңбек, қаражат, ерлік керек екен.
– Біржан Жақыпов – құрамадағы ең егде боксшы. Бір емес екі Олимпиаданың ширек финалында қытайлыққа жол беруін саясатпен байланыстырады көпшілік..
– Рас айтасыз, қазір жігіттердің ағасы болып қалды. Ендігі Олимпиадаға ниеті болса.. Әр нәрсе уақыт сәтімен болады. Өмірде бір мықтыдан кейін тағы бір мықтының шыға беретініндей, ертең басқа біреу шығады. Осыны қаперге алсақ. Ол қытайлық жігіт осал емес еді. Біржан соның кілтін таба алмады. Бір кездескеннен кейін, екіншісінде құлпын ашу керек еді оған. Қарсыласы да ыңғайсыз бокстасады өзі.
Сәпиевті көрдің ғой мәселен. Біріншісінде жолы болмады да, келесі де шашау шығарған жоқ. Адамның ішінен сондай мақсат шығу керек. Айттым ғой, қазір бәріне дайын тұратын уақ. Бокстың ережелері де күн сайын өзгеріп отыр. Мен өзім үш ережені бастан өткердім. Бас киім алынды. Бұрынғы ғасырдың боксына қайтып келе жатырмыз. Не десек те, АИБА-ның ережесіне бағынбасқа шара жоқ..
– Әділбек Ниязымбетов те өзіңіздің ізіңізді қуып келеді. Тек күмістен жүлде теріп..
– Біз де Күмісхан болдық. Еңбекке байланысты ғой бәрі. Жетпей қалған жері бар шығар. Өзімді айтсам, мен Хьюстонда ұтылған жоқ едім. Есепті 4:4 қылып, теңестірді те жеңісті түркиялыққа ұстатты. Сол күні Түркияда жер сілкінді. Салмақ өлшеп жатқанда. Одан бөлек, Түркия құрамасының көшбасшысы Рамазан Палиани алтынға жетпей қалды. Басшылар соны алтынға көздеген ғой. Сөйтті де, төрешілер ауыр салмақтағы соңғы үміт Шинан Шамға мені жығып берді. Ал бізде Болат Жұмаділов чемпион болды. Соны ескерді ме екен. Спортта ондай нәсіп болмай тұрған сәттер болады. Әділбекте де сол шығар.
Құрамадағы жігіттердің бәрінің қадамын аңдап отырамын. Әлімханұлы әлеуетті, Данияр дарынды. Ералиев әлі тәжірибе жинап жатқан бала. Бәрі де жақсы азаматтар.
«Бокстан кейін таза шабандоз да болып кеттім»
– Сізден кейін ауыр салмақта қазақ баласы топ жарып шыға қоймады. Сонда қазақтың алып ұлдары қайда жүр?
– Осы қызметке келгелі, жан жағыма көз салып, қазақтың алып ұлдарын қарайлай жүретін болдым. Бір-екі өзім сияқты шабандоз жігіттерді де тәрбиелеп көрдім. Байқағаным, ауыл баласының қалаға үйренуі қиындау екен. Қалада қызық қуып кететіндері бар. Спортта күнде бір істі істей бергеннен жалығасың. Соның арасында көп баланың шыдамы таусылып, жалығады. Сөйтеді де қаланың ию-қию тірлігіне сүңгіп кетеді. Соны басында бір байқаймын, екі байқаймын. Үшіншісін де күдер үзесің. Сондай азаматтарды жинағанмын. Қазір олар ауылына кетіп, көкпарын шауып жүр (күліп).
Одан кейін жасы кішкентай, салмағы ауыр, бойы ұзын жігіттерге көзім түсті. Басқа өңірлерден де алып келдім. Оларды да баулып көріп едім, ештеңе шықпады. Ең соңында кіші салмақтарды жинадық. Соның арасынан іріктеліп, біраз балалар қалды. Олардың кім екенін әзірге сізге айта алмаймын.
– Өзіңіздің жеке шәкірттеріңіз бе олар?
– Жеке дайындайтын мүмкіндігім жоқ. Тек ақыл-кеңесімді беріп тұратыным болмаса. Жұмыс бабымен ары-бері шапқылап жүретіндіктен, оларға қарайтын бапкерлері бар. Мен бапкерлерді бақылаймын, олар шәкірттерді дайындайды. Түймебай Кенже, Ордабек деген өзім тәрбиелеп жатқан шәкірттерімнің болашағы зор.
Аптаның алты күнінде жаттығу болса, соның үш күнінде өзім қатысамын. Тер сіңген залға барып ащы терімізді шығармасақ маза қашады. Ал күнде қатыссам, қайта боксқа кетіп қалар ма едім (күліп).
– Әуелі елге көкпармен танылдыңыз. Ауылға барсаңыз, көкпарға кіріп кететін сәттер бола ма?
– Болғанда қандай! Бокстан кейін таза шабандоз болып кеттім ғой (күліп). 2-3 жыл аңсарым ауып тұрды. Қанша рет салым да салғанмын. Көліктердің түр-түрін. Кейін өзімді тежеп, қайтардық. Кәдімгі боксты ұмытып, шабандоз болып кетуге сәл қалған. Қазір ғой, салымды азайтып жүргенім.
«Кәсіпқой боксшы да бола жаздадым»
– Өзіңіз екі Олимпиадаға қатыстыңыз. Сидней шаршы алаңында британдық Одли Хариссонның осал тұсын табуға не жетіспеді?
– Не жетіспегенде… Енді көне тарихты қозғайтын болдық қой. Менің табиғатым солай, қандай қарсыласым болсын онымен бір рет айқассам, оны екіншісінде ұтамын. Одли Хариссонмен алдын кездесе алмап едім. Сол бәрібір кесірін тигізді. 1999 жылы Хьюстонда ол бастапқы бәсекелерде-ақ түрікке ұтылып қалды.
Нұрғали ағай екеуміз барлық қарсыласты ой елегінен өткіздік. Тек ағылшын Хариссон ғана ұмыт қалыпты. Алты ай бойы негізгі қарсыластарыммен спаррингке түстім. Қай ел болса да, бәрін адақтап шықтық алты айдың ішінде. Еуропа, Африка, Америкаға барып қайттық. Бәрімен кездесу өткіздік. Бәрін зерттедік.
Сиднейге сол дайындықпен барсақ, біз елемеген Одли Хариссон жүр. Біз оны барады деп ойламадық. Чемпион болу үшін тек Рубалкабадан өту керек болды. Ол қарсыластарының бәрін құлатып келе жатқан. Ширек финалда екеуміздің жолымыз түйіскенде, делегациядан барған кей кісілер «Енді келесі Олимпиадаға дайындала беріңдер. Бұл жолы Мұхтарханның жолы болмады» деген пікір айтты. Біздің ойымыз мүлде басқа. Ер кезегі үшке дейін. Екі рет ұтылып, енді үшіншісін біз ұтамыз деп шықтым. Алла абырой беріп, жеңіп кеттім. Рубалкабаны италиялық Видоз екеумізден басқа ешкім ұта алмаған. Өйткені, бойы – 206 см, салмағы 134 келі тартатын еңгезердей алып еді. Сіңірлі, жылдам қимылдайтын.
Содан Рубалкабаны ұтқаннан кейін Сайдовтан қалай да өту керек. Басқа жол жоқ. Бар күшімді салып, үш раунд бойы бокстастым. Ал финалда да бабым жақсы-ақ еді. Бізде екі алтынды көпсінді ме, қазылар ағылшынның ыңғайына жығылды.
– Афинада ресейлік Поветкин жолыңызды кесті..
– Тағы да солай болды емес пе?! Орыс бапкерлері Поветкинді тығып жүрді. Мен одан ұтылсам да, бір рет айқасуым керек-тұғын. Неміс Себастьян Коберден Тайландта әлем чемпионатында 20:19 болып ұтылған едім. Афинада сыбағасын бердік оның. Дегенмен, Саша мықты жігіт еді. Мен негізі Афинаға Сиднейдегіден де мықты дайындықта бардым. Поветкин мені екі раунд ұтты. Одан кейін кеш қимылдап, ұпаймен қуып жете алмай қалдым. Шаршайтын жігіт еді ол. Онымен мен ғана төрт раунд жұдырық сілтесіппін. Қалғандарын қалпақпен ұрып алды деуге болады.
– Поветкин қазір кәсіпқой бокстың қайнаған ортасында жүр. Сізге де кәсіпқой боксқа «құда түскендер» болып па еді?
– Афина олимпиадасының алдында кәсіпқой боксшы болып шыға келгенімді бүгінде ешкім білмейді. Былай болды. Олимпиадаға жолдама алдым, одан кейін Костя Цзюдің промоутері Влад Австралияға шақырды. Алты жылға келісім-шарт жасастық. Олимпиаданы бітіріп, мұхит асуым керек болған. Еш ойланбастан қол қойып жіберіппін. Үйге келіп, әке-шешеме Олимпиададан кейін кәсіпқой боксшы боламын дедім. Қайдан рұқсат берсін! «Ұлым-ау, сенің осы боксыңа әрең шыдап жүрміз. Бізге денсаулығың қымбат» деп тоқтатты. Әке-шешемді тыңдамай кетіп қалғанымда, бәлкім, бүгінде әлем чемпионы болар ма едім.
Одан кейін канадалық 1-2 промоутер де іздеп келді. АҚШ дейсіз бе. Кәсіпқой бокс маңдайымызға жазылмаған екен.
– Бапкеріңіз Нұрғали аға, бір сұхбатында сізді «Олимпиадаға әлі дайын емес еді» депті.
– Ол рас. Сол кезде бірде жеңіп, бірде жығылып жүрдім. Тәжірибелі болмасам да, бұрын тәжірибе жинағандарды да ұттық. Боксқа алғаш келген кезде салмағым 85, 83 келіге дейін түсіп кетті. Солай бола тұра ауыр салмақтағылармен тайталастық. «Мұхтархан, сенің әлі тәжірибең аз» деп тоқтатқан сонда.
«Рубалкаба» деген гүл өсіріп жатырмын»
– Сиднейден бері Оңтүстікке әлі Олимпиаданың алтыны бұйырмай жүр. Мұны немен байланыстырар едіңіз?
– Ең әуелі адамға табанды мақсат керек дер едім. Бапкерің спортта екінші әкең. Ұстазға құлақ аспай, іс өнбейді. Мен өзім тілалғыш бала болғанмын. Отқа түс десе, отқа түсіп, суға түс десе, суға түстік. Жетістіктерімнің бәрі де алдымен Алланың, одан кейін Нұрғали ағайдың арқасы. Жалпы айтқанда, спорттың жауы тоқмейілсу. Бір жетістікке жетсе, адам өзгеріп шыға келеді. Әркімнің айтақтауына еріп. Жарты жолда айнымай, ерінбей еңбек етсең түптің түбінде мақсатқа жетерсің. АИБА-ға біздің облысқа әр Олимпиада сайын бір алтыннан бөліп қоятындай міндет жүктелмеген шығар..
Алла қаласа, алдымызда алтын күтіп тұр деп ойлай білейік. Әйтпесе, ОҚО бокс федерациясының басшысы Асқар Тұрысбековқолдан келгенін аяп жатқан жоқ. Жалақыларын береді. Асекең – беделді азамат. Барлық жағынан қол ұшын беріп-ақ жүр.
Қыздарымыз да қарымды. Жайна Шекербекова – біздің мектепің шәкірті. Осы қызымыз Азия ойындарына дайындалып жүр қазір. Одан бөлек, Севара Тәжіқұлова, Любовь Хасиеваның да келесі Олимпиадаға қатысатын мүмкіндігі бар.
– Туған жиеніңіз Досжан Оспанов Азия чемпионы болып келді де, спорттан ерте қол үзді..
– Ол боксқа бізге еліктеп келген бала еді. Әлгінде айттым ғой, біреудің шыдамы жетеді. Біреу қолды бір сілтейді. Біреулер мақтау-марапатты көтереді. Көтере алмай қалатындар да бар. Досжан бірінші нөмір болмаса да, біраз жетістікке жетті.
Спортта қанша жыл жүріп Қазақстан чемпионы бола алмағандарды көз көрген. Бұл жігіт өзінің еңбегіне сай несібесін алды. Қазір жеке кәсіппен шұғылданып жүр.
– Ұл-қыздарыңызды спортқа бересіз бе?
– Перзенттерім боксқа баратын жаста емес әлі. Үлкенім 5 жасар. Ұлдарым «мен боксқа қатысамын, бармасам болмайды» десе рұқсатымды беремін.
– Күміс деген қызыңыз бар екенін естігенбіз..
– Үлкен қызым – Жангүлім, екінші қызым – Сұлухан, үшіншісі – Батырхан, төртінші ұлым – Мейірхан. Ал ең кішісі – Күміс. Мұсылмандар күмісті жақсы көреді. Алла маңдайымызға күмісті жазған екен. Соған сай ырымдап қойғанмын. Күмісім қыркүйекте екіге толады.
– Атын «Рубалкаба» деп қойған гүліңізді де көргіміз келген..
– Мынау тұр ғой «Рубалкаба» (Ұзындығы екі метрге жуықтап қалған кактус гүлін көрсетті). Бір жолдас қыз сыйлаған үш жыл бұрын. Өсіп жатыр. Ілияс Жолдас деген азамат кабинетке кіріп келді де «Мынауың Рубалкаба екен ғой» деді. Солай аталып кеткен.
«Құдайға құлшылық жасауды да ұмытпайық»
– Футболдан әлем чемпионаты да ортасынан ауды. Қай команданың жанкүйерісіз?
– Көрмеймін деп кейде қарап қоямын. Аса қызығушылығым жоқ. Дегенмен, кейде тұңғиығына тартып тұрады. Енді кім мықты – соған жанкүйерміз. Жартылай финал мен финалды күтіп жүрмін.
– Қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Айтар тілегіңіз болса..
– Өмірдегі сынақтың үлкені осы. Шіліңгір шілдеге тұспа-тұс келген Оразада барлық мұсылмандарға берекетін тілеймін! Бәрінің ниеттері қабыл болсын! Сабырлық, тыныштық болсын елде! Алла осындай күш-қуат бергеннен кейін, Аллаға шүкір етпесек болмайды. Тамақ жей бермей, құлшылыққа да бір сәт көңіл бөлген жөн. Боксты қойғаннан бері үзбей ауыз бекітіп келемін. Аллаға шүкір.
– Әңгімеңізге рахмет аға!
Әңгімелесен Т.ҚАСЫМ, «Sport»газеті