"Мүмкіндігі жоқ". Сарапшы маман Головкин мен "Канелоны" салыстырды
Америкалық WorldBoxingNews сайтының редакторы Фил Джей Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Геннадий Головкиннің канадалық Стив Роллсқа қарсы жекпе-жегі жайлы ойын айтып, мексикалық Сауль Альвареспен кездесуі жайлы пікірін бөлісті.
Жекпе-жек 9 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткен. Головкин қарсыласын төртінші раундта нокаутқа түсірген болатын.
"Бұл Головкин үшін оңай жекпе-жек болды. Қарсыласынан барлық жағынан басым көрінді. Жеңіс оған сенімділік пен алдағы жекпе-жектеріне қуат сыйлады. Бір жағынан, тактикалық және техникалық өзгерістерді байқап үлгермедім. Жаңалық бар деп ойламаймын.
Головкин сабырлы бола түскен. Жекпе-жекті жүйелі стратегиямен өткізу әдісіне оралған. Бұл жаман емес, бірақ әлі де көп қозғалмайды. Мұндай Головкинге қарап, "Канелоның" қандай екенін байқауға болады. Дәл қазір "Канелоға" қарсы Головкинде мүмкіндік те жоқ. Головкинге көп тұсын жетілдіру керек деп ойлаймын", - деді Джей.
Роллсқа қарсы кездесуден кейін GGG "Канелоны" жекпе-жекке шақырып, қыркүйекте үшінші рет жұдырықтасуға дайын екенін айтқан болатын.
Боксшылардың алғашқы жекпе-жегі тең аяқталса, кейін мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.