Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің аңызға айналған отандасы Геннадий Головкин WBA Super және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы титулдарынан бас тартуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Головкин менің үлкен ағам болғандықтан мен онымен айқаса алмағанымды бәрі біледі. Енді ол барлық белбеуді босатты. Енді мен орта салмақтағы барлық титулды жинай аламын», - деп мәлімдеді Жәнібек Әлімханұлы өзінің Twitter желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ ол WBA және IBF нұсқалары бойынша титулдың болашақ иелерімен біріккен жекпе-жек өткізгісі келетінін жеткізді.
«Барлық болашақ чемпиондарға (WBA, IBF) айтқым келеді: Айқасайық», -деп жазды. Кейінірек Жәнібек Әлімханұлы WBA белбеуінің иегері кубалық Эрисланди Ларамен бірлескен жекпе-жек өткізуге ниетті екенін айтты.
Эрисланди Лара бүгін Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) «суперчемпиондық» титулынан бас тартқаннан кейін дивизиондағы жалғыз WBA әлем чемпионы болып жарияланды. Осыдан кейін Жәнібек Әлімханұлы бірден оны жекпе-жекке шақырды.
«Менің мақсатым 160 фунттағы барлық титулды жинау екенін бәріңіз білесіз. Соның уақыты келген тәрізді. Жәнібек-Лара жекпе-жегін өткізейік», - деп жазды ол Twitter-де.
Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионының негізгі белбеуінің иегері екенін айта кетейік.
Бұған дейін Геннадий Головкин WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулынан ресми бас тартқаны хабарланған болатын. Өткен айда Геннадий Головкин IBF нұсқасы бойынша да чемпиондық титулынан бас тартты. Енді GGG-де негізгі чемпиондық белбеулердің ешқайсысы жоқ. Онда тек IBO-ның екінші дәрежелі титулы ғана қалды.