Боксшы Жайлауовтың жұлдызы жаңа салмақта жана ма?

Мықтылармен шықса арқаланып кететін боксшылардың бірі – Ғани Жайлауов. Әлем біріншілігінің, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Екі дүркін Олимпиада жеңімпазы Алексей Тищенко, әлем чемпионы Доменико Валентино сынды мықтылардың сағын сындырған кезінде. 2011 жылы Бакудегі әлем чемпионатында бақ жұлдызы жанғаннан кейін, Олимпиада ойындарына қатысып қайтты.

Алайда Лондоннан бері ол өз жолын әлі таба алар емес. Бақтиярдай саңлақ тәрбиелеген Нұрлан Ақүрпеков Ғанидың әлі де сарқыла қоймағанын, бары да, нары да алда екеніне сенеді. Оны Ғанидың өзі биылғы ел чемпионатында дәлелдемек. Өз жерлестері алдында, Әулиеата топырағында.
Шымкентте Қарақозы Әбдәлиевті еске түсіруге арналған турнирде боксшыны жолықтырып қалып, бірден сұхбат беруге қолқа салдық. 64 келіге ауысқанын, Тараз командасы ел біріншілігіне тыңғылықты дайын екенін айтады. «Аллаға шүкір, командамен бірге жан аямай тер төктік. Жаңа салмаққа да төселіп келемін. Енді бағым жансын деп тілеймін» дейді өзі.

Он екі жыл бойы бір салмақта жүріппін

– Жаңа салмаққа ауысу саналы түрде қабылдаған шешіміңіз бе?
– Жеке бапкерім Нұрлан ағамен бірге ақылдасып, солай шештік. Әбдәлиев турниріне дайындығымды пысықтап алу үшін келгенмін. Жастардың талабын байқадым. Өз тәжірибемізбен де бөлісіп дегендей. Биылғы ел чемпионаты — мен үшін көп мәселенің басын ашып берер сынақтың бірі. Сол үшін басты мақсатым да — чемпион болу. Туған туыстарым, жанкүйерлер, спорт басшыларының алдында сенім үдесінен шығып жатсақ, үлкен жеңіс болар еді. Әулиеата жерінде барымызды салмасақ ұят. Құраманы капитан ретінде мен бастап шығамын.
Салмақ қуудың машақатын спортшылар біледі. Спортта денсаулықты ойлауың да шарт. Бұған дейін артық салмақтан арыламын деп зорығып кететінмін. Оның да үшінші раундта кедергісі тиюі мүмкін. Жастар сапында да 60 келіде жұдырықтастым. Бұл салмақта жүргеніме 12 жыл болыпты. Бой да, дене де өседі бір жағынан. Өзімнің нақты салмағым – 66 келі. Жаттығудан кейін 64-63,5 болады. Жаңа салмаққа да бірден үйренісіп кете қоймаспыз. Бұл жағдайды уақытша деп білемін. Тәжірибе бар ғой. Әйтпесе, кейбіреулер салмақ ауыстырғанымды басқаша түсінуі мүмкін. Басы ашық мәселе, қазір біреуден қорқатын жаста емеспін.
– Ақүрпеков «Арландарды» баптап жүр. Жаныңызда үнемі бола бермейді ғой. Бұл жағдай кері әсерін тигізбей ме?
– Бапкерден таршылық көрмейтіннің бірі мен. Нұрлан ағам «бас-көз болып жүреді» деп Көпбосын Сыдығалиевтың жанына қосып қойғанына біраз болды. Студенттер арасындағы әлем чемпионатына осы кісі алып барған. Сол жерде екінші орын алғанымды білесіздер. Қазір де ел чемпионатына осы кісі дайындап жүр. Одан бөлек, Жамбыл облысының аға бапкері Мұхтар Бердімбетов те қарайласып жүр. Әрине, қай сынақ болса да, ұстазым Нұрлан аға телефонда ақыл-кеңесін беріп тұрады. Жас емеспіз. Жеке бапкерім әлі де сол кісі. Құдай қаласа, алтыншы қараша күні Таразға келемін деді. Ел чемпионатына әрі қарай бірге дайындаламыз.

Тараз боксы құлдыраған жоқ

– Ашығын айтқанда, 2012 жылдан бері әуесқой бокста Ғани Жайлауов есімі ұмытылыңқырап бара жатқандай. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Мұныңыз рас енді. Бақ шаппаса қиын ғой, негізі. Өзім де аздап демалайын дедім. Олимпиадаға барып келгеннен кейін арқаны кеңге салып, біраз жүріп қалған да шығармын. Тоқырау деген әр спортышының басынан өтеді. Олимпиадаға, әлем чемпионатына барып, көп жайтты зерделеп қайттым. Қазір қайтадан бұрынғы қалпыма еніп келемін. Алла нәсіп етсе, әлі де биіктерден көрінуге күш-қабілетім жетеді.
Олимпиададан кейін жанкүйерлер Ғани Жайлауовты мүлде жоғалтып алды деуге келмес. «Астана арландары» сапында «Польша салт аттыларына» қарсы бір жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеттім. «Арландардың» қатарында да жарты жыл жүріппін.
Жамбыл облысының құрамасы Қазақстан бокс федерациясы кубогының жартылай финалына шыққанын білетін шығарсыз. Орал қаласында Астана, БҚО, Ақтөбе командаларынан үстем түстік. Ең алғаш 64 келіде осы бәсекеде бағымды сынап көрдім.
– Ересек болған сайын көп нәрсені тереңінен түсіне бастайтынымыз да рас қой.
– Ойымның үстінен дөп түстіңіз. Бұған дейін көп жайттер елеусіздей көрінетін. Әлі де білмейтініміз, көкейге түйетін тұстарымыз да көп. Жастарға үлгі болып, ағалық ақыл кеңесімізді де айтатын біз. Артымнан ерген інілерімнің сүйеніші болдық қой. Өзіміз де солай жүрдік.
– «Тараз боксы тоқырау кезеңінде тұр» деген де пікір айтылып қалып жүр. Соңғы әлем, Азия чемпионаты, Азия ойындарында жамбылдықтардың тізімге ілінбегендігінен шығар бұл.
– Бұл пікірмен келіспеймін. Былтыр Қазақстан чемпионатында Сағадат Рахманқұловтың жеңімпаз болғанын қайда қоямыз? Желкілдеп өсіп келе жатқан басқа да жастар бар. Рас, Азия ойындарына, әлем чемпионатына қатыспадық. Мұның бәрі бізге — сабақ. Бұл да уақытша деп білемін. Ниязымбетов, Ыбырайымов, Жұмаділов, Артаев шыққан өңірден дарындар шықпайды дегенге өз басым сене қоймаймын. Тараз боксының қайтадан өр мінезін көрсетер күні жақын. Бізде буын алмасу үрдісі жүріп жатқандай. Ел чемпионатында құрамадағы жігіттердің бәрі де топ жаруды көздеп отыр.
Бұл аламанда осал қарсыластың болмайтынын білем. «Астана арландары» клубынан да бір команда қосылады. Азия чемпионы Айдар Әмірзақов, ел чемпионы Алмасбек Әлібеков сынды мықтылар бар. Кімнің үздік шығатынын білетін сәт те алыс емес.
– Куба маманы Мануэль Элизондо Тараз боксына не берді?
– Өзім ештеңе айта алмаймын. Сол орынға лайық қазақ бапкерлері жоқ емес, бар. Элизондоның не бітіргенін өзгелер айтсын. Кубалық та бір жылдан кейін еліне тартып тұрды. Қазір оның орнына тағайындалған Мұхтар Бердімбетовтің басшы болып жүргеніне алты айға жуықтады.

«Қолда тұрған Олимпиада жүлдесінен қағылдым»

– Өткенді бір шолып өтсек. Бір сұхбатыңызда Миланнан да медаль алуым мүмкін еді деген едіңіз...
– Иә, ол кезде жеребе бірден Кубаның жас перісімен жолықтырды. Идел Торренте қолды-аяққа тұрмайтын жылдам боксшы еді. Сол сәтсіздігімнен қорытынды шығарып, келесі әлем чемпионатында жүлде алдым. Онда да жолымды Кубаның тағы бір мықтысы Ясниэр Толедо кесті.
– Бір жылдан кейін Олимпиадада жолыңызды тағы да сол Толедо кеспеді ме? Зерттеп үлгермегенсіз ғой..
– Бапкерім екеуміз құрған тактика бойынша оны тек жылдам қимылдап ұтуға болады дедік. Әттең, бағым жанбай, Толедоның қарқынына тойтарыс бере алмадым. Кінә өзімнен. Кезінде Бақтияр, Бақыт ағаларым Куба қабыландарын қалай тұқыртты әйтпесе? Алғашқы Олимпиада сабақ болды маған.
– Әуелде тайлық Сайлом Ардиден айналып өттіңіз. Олимпиада ойындарында Таиланд боксшысын жеңген әзірге тек сіз екенсіз..
– Ол жекпе-жек те әлі көз алдымнан кетпейді. Тайлықтар өзгеге қолайсыз тактиканы құп көреді. Бірінші раундта-ақ баспен соғып, мұрнымды сындырды. Оның да кедергісін көрдік. Сонда да жеңіп кеттім. Болат Жұмаділов, Серік Сәпиев секілді ағаларым да осы тайлықтардан көрді ғой қиянатты. Анығында, қай дода болса да, олар — өте ыңғайсыз қарсыластар. Келесі кездесуде жолыққан үндістандық Жай Бхагванмен үшінші рет айқасуым еді. Біріншісінде мен жеңіп, екіншісінде оның бағы жанған. Үшіншісінде таразы басы тағы маған ауды. Әзірге, есеп – 2:1.
Әлі де күшім сарқыла қойған жоқ. Алла берген күш-қайратымды әлі де қазақ боксының дамуына жұмсауым керек. Қазіргі ең бірінші жоспарым – Қазақстан чемпионатында топ жару. Мырза ағаның командасы сапына қайта қосылуды көздеп отырмын. Олимпиада жолдамасы – одан кейінгі мәселе. Рио де Жанейро ойындары да менің соңғы Олимпиадам болып қалар.
– Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановпен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Өте жақсы. Ондай мамандар жүз жылда бір туады ғой. Аллаға шүкір, қазақ боксына осындай мамандар керек. Тәртіп бар жерде жеңіс те, ауызбіршілік те болатыны анық. Бас бапкерді Азия ойындарындағы жарқын жеңісімен құттықтадым. Азия ойындарындағы нәтижені Олимпиадада қайталай алсақ, қандай ғажап болар еді. «Қазақстан боксы – әлемдегі нөмірі бірінші бокс державасы» деген пікірге мен де қосыламын. Келесі Олимпиадада алтындар саны әлдеқайда көбеюі тиіс. Жігіттердің дайындығына байланысты ғой бәрі. Олимпиада – спорттың ең биік шыңы. Онда саясат та жүреді. Бірақ біз «арық айтып, семіз шығатын» жұртпыз.
– Әлем чемпионатында төрт, Азия ойындарында алты алтын алдық. Сынақтың басы Катардағы әлем чемпионаты болар біз үшін?
– Рас айтасыз. Ол да мүмкін. Дегенмен қазақ боксын күллі әлем мойындап отыр бүгінде. Араб топырағында да жақсы нәтиже көрсетуге шамамыз жетеді.
– Азия ойындарын көрдіңіз бе?
– Бастан-аяқ көз алмай тамашаладық. 60 келіде Азия ойындарының жеңімпазы болған моңғолиялық Доржиямбу Отгондолай — менің көзтаныс қарсыласым. Жақсы білемін. Студенттер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалында сыбағасын беріп едім. Берікті қапы қалдырған Иордания өрені де мықты жігіт. Ол бәсекеде Берікті ұтылды деп айту қисынға келмейді. Екеуінің де дайындығы жақсы еді. Бақ шаппаса қиын.
Жаңадан ауысқан салмағым 64 келіде де жүлдесіз қалдық. Айдарға да қатысты айтарым осы. Өзімнің бұрынғы қарсыласым. Бокстың маңайында жүргендер біледі ғой.

«Кәсіпқой боксқа ауыспаймын»

– Қазір әлем боксшыларының деңгейі өскен бе?
– Соңғы жылдары күрт өсті. Бұрын Қытай, Үндістанда бокс жоқ еді. Олармен қазір санасатын жағдайға жеттік. Тек олар ғана емес, барлық елдің боксшысына дайын болу керек.
– Алексей Тищенко, Доменико Валентино сынды мықтылардың жолына бөгет болған едіңіз бір кездері..
– Бала кезден сондай мықтылармен төбелесуді көксейтінмін. Қызығы сол, жеребе кілең мықтылармен жолықтыратыны да бар. Бір жағынан, ондай мықтылармен шыққанның пайдасы да көп. Көп жағдайды ұғынасың. Тәжірибең толысады.
– Әуесқой бокста барлық белесті бағындырған Василий Ломаченкомен жолыңыз түйісіп пе еді? Украина мақтанышы кәсіпқой бокстың да шаңын шығарып жүр..
– Украинадағы Макар Мазай турнирінің финалында жолығып, есе жіберіп алғанмын. Кейін жақсы қарым-қатынаста болдық. Бір сұхбатында мен туралы жылы пікір айтыпты. Доменикомен де көрген жерде сәлемдесіп тұрамыз. Бәріміз ардагерміз (күліп). Бұрынғы қарсыластар ыстық көрінеді көзге.
– Кәсіпқой боксқа ауысқыңыз келмей ме?
– Әуесқой бокста көздеген мақсатыма жетсем, одан кейін боксты қоямын. Дипломым қалтада. Елдегі спорт саласының дамуына үлес қосқым келеді. Үйренген жұмысым.
Спорттан азды-көпті несібемізді алдық. Осы жеткен жеріме де қанағат деймін. Дегенмен, Лондон ойындарында ширек финалда ұтылуым өкініш болып қалды. Бөлмеде жатып қалған кездерім де болды. Сол жекпе-жектен кейін екі күндей торығып жүрдім. Бапкеріме де оңай соққан жоқ. Ширек финалдағы айқас кезінде Тараздағы алаңда басшылар, бапкерлер жиналып, қолдап, қуат берген екен. Міне, сол кісілердің сенімін ақтай алмағаным әлі де жанымды жай таптырмайды.
– Отбасыңыз қалай?
– Бар көз қуанышым солар. Алла бір ұл, бір қыз сыйлады. Балапандарым өсіп жатыр. Қызым екі жарым жаста, ұлымның дүниеге келгеніне бес ай болды.
«Sport» газеті

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста