Оңтүстік Кореяның Джеджу қаласында бокстан әйелдер арасындағы VІІІ әлем чемпионаты басталып, алғашқы екі күнгі жекпе-жектерінің нәтижелері белгілі болды. Шаршы алаңға шыққан алты боксшы қызымыздың бесеуі жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды "Алаш айнасы".
Джеджуде жалауын желбіреткен әйелдер арасындағы VІІІ әлем чемпионатына 68 елден 280 боксшы қыздар тіркеліпті. Әйелдер арасындағы бүкіләлемдік біріншілік 24 қарашаға дейін созылады.
Осы әлем чемпионатының қарсаңында AIBA-ның Конгресі өтіп, онда қазақ боксының абыройы асақтап, асығы алшысынан түскен болатын. Серік Қонақбаев Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті болып сайланған-ды. Іле-шала Тимур Құлыбаев AIBA Pro Boxing жобасы жөніндегі Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) вице-президенті болып қайта сайланды.
Осындай жағымды жаңалықтармен басталған әйелдер арасындағы әлем чемпионаты да Қазақстан қыздары үшін жеңіспен басталды. Әлем біріншілігінің бірінші күні шаршы алаңға екі қызымыз шығып, екеуі де жеңіске жетті. 54 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Дина Жоламан 3:0 есебімен Аргентина аруы Лионела Санчестен басым түсті. Ал 64 келідегі Зарина Цолоева тура осындай есеппен неміс қызы Ирина Шонбергерді жолынан тайдырды.
Әлем чемпионатының екінші күні Джеджу төріне керілген рингке төрт қызымыз шығып, үшеуі жеңіске жетті. 51 келі салмақ дәрежесінде бапкерлер құрамы Инчхондағы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған Жайна Шекербековаға демалыс беріп, оның орнына Мерджен Ишангулиеваны апарыпты. Ишангулиева алғашқы сында сенімді ақтап, Румыния қызы Мелинда Пантисті 3:0 есебімен ұтты.
60 келіде бақ сынаған Гүлжайна Үббіниязова алғашқы айналымда Египет қызы Аят Әл-Саидтан басым түсіп, үстемдік танытты. Есеп – 3:0.
69 келіде сынға түскен Дариға Шәкімова моңғол Баянтсетсег Ньямджаргалды үйіне ерте қайтарып, деңгейінің жоғары екендігін көрсете білді. Есеп – 3:0.
Өкінішке қарай, 57 келідегі Оксана Королева Оңтүстік Корея қызы Енджи Охпен кездесіп, 0:3 есебімен ұтылып қалды. Негізі, Оксана, тәжірибесі мол боксшы еді. Бірақ Кореяның қайсар қызына төтеп бере алмаған.
Бүгін шаршы алаңға үш қызымыз шығып, 1/16 финалындағы жекпе-жектерін өткізеді. Олар – Назым Қызайбай (48 келі), Дина Жоламан (54 келі) және Гүлжайна Үббіниязова (60 келі).
Ал Анастасия Рылина (75 кенл), Жұлдыз Маматқұлова (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) сынды боксшы қыздарымыз шаршы алаңға әлі шыққан жоқ.
Боксшы қыздарымыз әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Читайте также
Бақтияр Артаев: Айсұлу Ыбрашова мас болды
Жұлдыздар фабрикасы немесе AIBA қулығы
Азия ойындарында бастан жарақат алған боксшы болған жоқ – AIBA
Геннадий ГОЛОВКИН: Мен не үшін Ресейдің намысын қорғауым керек?
Украиналық Хитров Головкинмен кездесуді көздейді
Қарақозыны былғары қолғап шеберлері еске алды
Последние статьи автора