Бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы мамыр айында өтетін Азия чемпионаты дайындығын бастады, деп жазады "Алаш айнасы" ҚР бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақында ғана Сербиядан Ұлттар кубогының суперкубогын олжалап қайтқан қыздарымыз жоспарлы оқу-жаттығу жұмысына жиналды. Әрі өздері ғана емес, Әзірбайжан құрамасымен бірлескен жаттығу жиынын өткізіп, тәжірибе алмасады. Күш-қуат толықтыру және арнайы дайындық жаттығулары 14 ақпанға дейін созылады.
Осы ретте, құрама бапкерлерінің бірі Қайрат Манашев мамыр айында өтетін Азия чемпионаты жайлы өз ойын білдіріпті:
– Құрлық біріншілігіндегі басты бәсекелестеріміз белгілі. Олар – құрамдарында қарымды қыздары бар Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан құрамалары. Біздің елдің намысын Назым Қызайбай, Ләззат Күнгейбаева, Дариға Шәкімова, Дина Жоламан, Зарина Цолоева сынды қыздар қорғайды. Бұлардың бәрі де – бірінші нөмірлі боксшыларымыз.
Азия чемпионатынан кейін боксшы қыздарымыз Польшада, Қырғызстанда, Болгарияда және Ресейде өтетін бірнеше халықаралық турнирлерге қатысады. Бұлардың бәрін де қыздарымыздың шеберліктерін шыңдай түсу жоспарланған.
Өйткені әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының ең басты мақсаты – келесі жылы Астанада өтетін әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғау. Сол үшін дайындық жұмыстары қазірден басталып, жүйелі түрде өткізу жоспарланған.