Ынтымақ — берекелі болашақ негізі
Дана халқымыз айтқандай: «Бірлік бар жерде — тірлік бар». Ауызбірлік, түсіністік пен сыйластық үстемдік құрған мекенде қашан да істердің нәтижелі, тіршіліктің берекелі болары хақ. Қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Бұл туралы ел бірлігіне арналған Алматы ақшамы газетінің кезекті санының мақаласынан оқи аласыздар.
Ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ол 1995 жылдың наурызында құрылды. Бүгінде Ассамблея – Қазақстанда шынайы достық негізін сақтап келеді. Елімізде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, сондай-ақ, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелер қатарында ерекше көрсетіліп кеткен бағыттың бірі — Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін нығайтуға байланысты «Қоғамдық келісімді және тұрақтылықты әрі қарай нығайту үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін арттыру» мәселесі. Жолдауда атап көрсетілгендей, «қоғамдық келісімді әрі қарай нығайту еліміздің қалыпты дамуы мен әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру тәрізді үстеме міндеттерді шешудің негізі болып табылады». Еліміз этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып қана қоймай, сонымен қатар, толеранттылық және мәдениетаралық диалог мәселелерін халықаралық деңгейге шығара білді. Мемлекетіміздің қарыштап дамуына да, ең алдымен, ұлтаралық саясаттағы аталмыш қағидаттың ықпалы зор болды. Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты — ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету. Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісім, қазіргі таңда елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепіліне айналып отыр. Әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған, ұлы далада орныққан ел бірлігін мерекеге ұластыру, достық пен келісімді паш ету, халықтар арасындағы тұтастықты одан сайын нығыздай түсуде. «Ассамблеяның ең басты міндеті — еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек», — деп атап өткен Елбасымыз, бүкіл ел болып осы татулықтың ұйытқысын одан әрі мықтап, күллі әлемге, келешек ұрпаққа үлкен серпіліс жасауымызға жол сілтеуде. Осылайша 1 Мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы халқымыздың ертеңінің берекелі болуына жол ашатынына сенеміз.
Мейіргүл Жетпісбаева,
ҚР БҒМ ҒК РМКҚ Философия,
саясаттану және дінтану институтының
аға ғылыми қызметкері,
философия ғылымының кандидаты.