Нұрлан СҮЙІН
22 сәуір күні Орталық Азиядағы ең ауқымды әуесқой спорт мерекесі – Халықаралық қайырымдылық «Алматы марафоны» жетінші рет өтті. Ауқымды салауаттылық іс-шарасын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашық деп жариялап, 14 мыңнан астам әуесқой марафон жолына шықты. Халықаралық қайырымдылық марафонына 38 елден келген әуесқой желаяқтар қатысты.
«Алматы марафонының» негізін қалаушы, «Бірінші болуға батылдық» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов: «Бүгін біз бірге жаңа жолды сынақтан өткіземіз», – деді мыңдаған қатысушыларға алғыс айтып.
Сонымен қоса, шараның салтанатты ашылуына Бас серіктестер – «Kaspі банк» Директорлар кеңсесінің төрағасы Вячеслав Константинович Ким, басқарма төрағасы Миxаил Ломтадзе қатысты.
Дәстүр бойынша трасса 3 шақырым (10–14 жас аралығындағы балалар), 10 шақырым, 21,1 шақырым (жартылай марафон) және 42,2 (марафон) мен скандинавиялық жүруден 10 шақырым қашықтықтарына бөлінді.
– Қаланың спорттық шараларына деген қызығушылық арта түсуде. Биылғы қатысушылардың қатары өткен жылғымен салыстырғанда бір жарым мыңға көп. Тіптен, біз қатысуға ниет білдірушілерді тіркеуді ерте аяқтауға мәжбүр болдық. Қатысушылар шегі тіркеудің ресми жабылуына бір жарым күн қалғанда толды. Біз көпшілікті маусымдық старттарда да көруге қуаныштымыз және спортшыларды тіркеуді соңына дейін қалдырмауға шақырамыз, – дейді «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.
Биыл бастапқы жарна балалар онкологиялық хосписіне және дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған екі мектепке беріледі. Осы бастапқа жарнадан түскен ақшаға спорт алаңдары тұрғызылып, спорт жабдықтары сатып алынады. Бұған қоса, қайырымдылық жарналарына серіктестер бөлетін қаржы да қосылады. Алматы марафонының ресми суы – A’SU бренді жүгіруден ең ауқымды шараға қатысушыларға пластик ыдыстар үшін арнайы жәшіктер дайындап қойды, барлық пластиктер қайта өңдеуге жіберіледі. Биыл әр бөтелкеден түскен 1 теңге ағымдағы қайырымдылық мақсаттарына бағытталады.
Жарысқа спортшылар, үй шаруасындағы әйелдер, кеңсе қызметкерлері, студенттер, бизнесмендер, шоу-бизнес жұлдыздары, топ-менеджерлер, күллі отбасы мүшелері мен корпорациялар қатысты. Алматы марафоны тек спорт сүйер қауым үшін ғана емес, бүкіл бір ұйымдар үшін де көптен күткен елеулі оқиға болып отыр. Экиден командалық эстафетасына биыл рекордтық 99 команда қатысты. Тек Sulpak компаниясының бір өзі 6 командасын қатыстырды. Компания жетекшілері де қалыс қалмай, өз әріптестерімен бірге жүгірді.
Марафонның басталуында сөйлеген сөзінде «Санофи Қазақстан» басқарма төрағасы Ранга Веларатне (Ranga Welaratne) былай деді: «Санофи үшін Алматы марафонына қолдау көрсету дәстүрге айналды. Біз үшін бұл тек маңызды әлеуметтік жоба ғана емес, сонымен бірге үшінші жыл қатарынан қайырымдылық миссиясына үлес қосуымызға берілген мүмкіндік. Биыл Санофи жүгіру командасы 80 адамнан тұрады және олар Empowerіng Lіfe деген ұранмен жарысқа қатысады. Бұл ұран компанияның өмірге ынталандыру, өмірге күш беру философиясымен сәйкес келеді әрі Алматы марафонының жеңістер мен салауатты өмір салтына ынталандыру деген басты идеясымен үндес».
Жарыс мәресі мен марапаттау рәсімі Республика алаңындағы арнайы дайындалған «Сөре-мәре қалашығында» өтті.
«Алматы марафонында» Марафон қашықтығын (42,2 км.) бағындырудан Михаил Красилов және Дана Айдосова абсолюттік чемпиондар атанып, 400 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде алды.
Марафонның барлық қатысушыларына естелік медальдар табысталып, жеңімпаздарға медаль, дипломдар және серіктестердің атынан сыйлықтар берілді. Марапаттаушылар арасында Алматы марафонына ғана емес, барлық маусымдық жүгіру сайыстарына қолдау көрсетіп келе жатқан Орифлейм компаниясы, сонымен бірге «Under Armour» спорттық киімдер бренді және т.б. болды.
Керек дерек
Марафон серіктесі АSU бренді 40 тонна сумен қамтамасыз етті.
«Алматы марафоны» Халықаралық марафондар мен жүгірулер Ассоциациясында (АІМS) тіркеліп, халықаралық марафондар күнтізбесіне енген.
Қайырымдылық марафонынан түскен қаржы Алматыдағы балалар мекемелеріне аударылады.
Аида АБДУЛЛАЕВА, банк қызметкері: Салауаттылық бағдарламаларынан қалмаймыз
21 сәуір – менің туған күнім. «Алматы марафонымен» сәйкес келген жеке мерекеме өзіме салауатты сыйлық жасадым, 21,1 шақырымға жүгірдім.
Халықаралық марафонға алғашқы рет қатыссам да, мәреге топтың ортасында жетіп, медалімен марапатталдым.
Бұдан былай дәстүрлі «Алматы марафонына» отбасымызбен қатыссақ деген ойдамыз.
Алматылық жас отбасы ретінде мегаполис әкімдігінің салауаттылық бастамаларына қолдау көрсетіп, қаладағы спорттық іс-шараларға қатыссақ дейміз. Осы мақсатта жолдасым Досәли екеуміз велосипед те сатып алғанбыз. Енді дәстүрлі велошеруге де тұрақты қатыссақ жақсы болар еді.
Кішкентай ұлымыз Сұлтанәлиді де осы бағытта тәрбиелейміз деп ойлаймын.