Ұлтаралық келісімнің жаршысы – киелі саз өнері
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихы – көпұлтты еліміздегі барлық этнос өкілдері ынтымақтастығының заманауи жылнамасы. Тәуелсіздік таңы атқан күннен бастап Президент Н.Ә.Назарбаев саяси жүйеде ұлтаралық және дінаралық төзімділік ұстанымдарын мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына айналдырды. Осылайша қоғамымызда бейбітшілік, келісім және тұрақтылық сақталуда. Соңғы жылдары елімізде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар достығының нығая түсуіне Қазақстан халықтары Ассамблеясы мәртебесі де оң әсер етті. Әсіресе қазақ жерінде тұрып жатқан барша халықтың әдебиеті мен мәдениеті терең зерттеліп, түрлі ғылыми мақалалар жарық көрді. Солардың бірі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің «Қазақстан¬дағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық-энциклопедиялық, ғылыми-танымдық еңбегі. Берік Мырзаның айтуынша, бұл музыкалық антологияға Қазақстанда тұратын жүзден астам этностардың әндері мен аспаптық мұраларының таңдаулы үлгілері енген.
Халық музыкасы мәйегіндегі елдік рух, бірлік туын бекем ұстаған көпұлтты Қазақстан халқы мен оның алуан түрлі руханият нұсқаларын бір арнаға тоғыстырып, ортақ тінге айналдыра алған ұлтаралық сипатымен ерекшеленетін басылым отандық ғылымның ұлттық өнертану саласында алғаш рет қолға алынып отыр.
Басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім халық шығармашылығы жанрларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жеткізуінде 100-ден астам этностың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, құрастырылған музыкалық антология көпшілік оқырман мен тыңдарманға арналған.
***
Еліміздің ең басты игілігінің бірі – халықтар достығы. Қазақстандағы жүзден астам этнос өкілдерінің өзара келісімі, бір шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік етуі біздің саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы жетістіктерімізді қамтамасыз етіп, ауқымды реформаларды ырғақты жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Аталған іс-қимылдардың жүзеге асырылуында Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Ұлтаралық бірліктің базалық негізі болып саналатын әрі қоғамдық келісім мәселелері бойынша мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін бұл бірегей қоғамдық-саяси институттың құрылғанына биыл 20 жыл толды.
Қазақстан қоғамының көпұлтты құрылымы – елдің тарихи объективті шындығы. Адами қатынастардың тарихи дәстүрі мен құндылықтары, тіршілік кеңістігі, мәдени ықпалдастық түрлі этностық топтар арасында құрметке пен сенімге негізделген өзара түсіністікті қалыптастырды. Көпұлттылық қашан да мәдени, діни және тілдік кеңістіктің көптүрлілігін туғызады. Осындай жағдайда азаматтардың өз ұлтының тіліне, дәстүріне, мәдениетіне деген сұранымын өтеу, дәстүрді сақтау ұмтылысын қанағаттандыру, соның негізінде өздерін Қазақстанның біртұтас халқы сезінетін сенім қалыптастырудың маңызы айрықша. Елбасының ұзақ мерзімдік саяси жүйеге негіз етіп алған «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» ұстанымы азаматтық фактордың басым рөлін және оның іргетасы – берік этномәдени негізде екендігін білдіреді.
Қазақстан мәдениетінің дамуы – мемлекеттің тұрақтылығы мен гүлденуінің маңызды қағидаттарының бірі. Барлық этникалық топтардың мәдениетін, дәстүрін, тілдерін сақтау және одан әрі өркендету ісі бірте-бірте Қазақстан халқының біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыруы тиіс. Еліміздегі этномәдени орталықтар мен бірлестіктердің, ұлттық мәдениет ошақтарының жұмысы осы бағытта жаңа жетістіктерге қол жеткізуімізге септесуі керек.
Қазақстан халқының мәдени мұрасы бай. Әр этникалық топтың өзіндік музыкалық дәстүрі бар және ұлттық өнер ерекшеліктері барынша сақталып, дамып, ортақ игілігімізге айналып отыр. Осы орайда жарық көріп отырған «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық антология – елімізде ғана емес, дүние жүзі бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отырған баламасы жоқ үлгілік жоба, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға үлес қосатын руханият саласындағы еңбектер шоғырының басы.
Антологияның авторы әрі құрастырушысы белгілі ғалым Берік Жүсіповтің негізгі мақсаты – оқырман мен тыңдаушыны Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралардың халық музыкасы үлгілерімен таныстыру.
Этникалық музыка тақырыбына арналған мұндай жоба бұрын-соңды жасалмағандықтан, бұл ерекше тәжірибе қатарына жататын бастамалы еңбек атап өтуіміз керек. Қазақстан халқының рухани өмір тарихы мен мәдени тыныс-тіршілігін тұтас зерттеп, халық шығармашылығы жанрларын терең талдап, әрбір этностың төл музыкасына қатысты деректерді ғылыми ыждағаттылықпен қамтыған мұндай теориялық, танымдық арқауы кемел энциклопедиялық еңбек ғылыми айналымға алғаш рет түсіп отыр. Басылым көпшілікті этникалық диаспоралардың музыкалық мәдениеті туралы құнды мағлұматтармен қамтамасыз ете отырып, олардың музыкалық үрдістерінің алуандығын, соның ішінде халық музыкасының ерекшеліктерін кеңінен толғайды.
Антология өнертану, фольклортану, әдебиеттану, тарих, этнография секілді бірқатар қабырғалы ғылым салаларының деректерін қамтиды. Посткеңестік кеңістіктен кейін жасалған баламасы жоқ үлгілік жоба ретінде бағаланып, отандық ғылымның ұлттық өнертану саласын ерекше байытып отырған бұл антологияның табиғаты санқырлы. Басылым жоғарыда аталған кәсіби сала мамандарына қоса, қарапайым тыңдарманның да танымын тең таразылай отырып жасалған. Оның ғылыми жаңалығының сонылығы, теориялық арқауының негізділігі, күнделікті практика жүзіндегі қажеттілігі этносаралық мәдени келісімді нығайта түседі.
Негізінен, халық музыкасы жанрларын қамтып, ән, би, аспаптық шығармалардың дәстүрлі жүйесін сақтаған орындаушылардың нұсқаларын топтастырған антологияда қажетіне қарай әр этностың тұрмыс-тарихына қатысты классикалық және заманауи музыка үлгілері де қоса берілген. Белгілі бір шығарма түпнұсқа күйінде сақталмаған болса, сондай-ақ, оның дәстүрлі орындаушысының даусы жазылып алынбаған жағдайда осындай құнды шығарманы өңдеп беру құптарлық әдіс. Бұдан халық музыкасының беделіне нұқсан келіп, дәстүрлі орындаушылық жүйесі өзгере қоймайтыны анық. Керісінше, көпшілік көне мұраның заманауи үлгі-қалыптағы мүлдем жаңа көрінісін тамашалап, икемделгіш, өміршең сипатына куә бола түседі.
Антологияға енген этнос атаулары әліпби тәртібімен орналастырылған. Әр шығарманың атауы үш тілде жазылып, мазмұнына қарай олардың бүгінгі қазақ тіліндегі нақты балама атауы ұсынылған. Шығарманың бұрынғы атауы сақталған жағдайда, автор оны жақша ішінде көрсетіп, орыс, ағылшын тілдеріндегі еркін аудармаларында мазмұнына қатысты толық түсіндірме берген.
Атауы сақталмаған шығармаларға мәтіннен алып, жаңадан атау қою мысалы да кездеседі. Кейбірінің «халықтық» деген атауы өзгеріссіз қалдырылады. Халық шығармаларына жаппай ат қойып, айдар тағу антологияның ұстанымына жатпайтындықтан, ғылымилық үшін қолданылған мұндай амал-тәсілдерді орынды деп білеміз. Сондай-ақ, кейбір таспалардағы шығармалардан дыбыс сапасының ескіргені байқалады. Мұндай мұрағат мүлкіне автор барынша сақтықпен қараған. Бүгінгі техниканың мүмкіндігі қандай да болсын дыбысты мөлдір етіп, тазартып беруге жетеді. Бірақ, қорытындысында қолымызды құрғақ дыбысқа ғана жеткізіп, әуелгі, тұпнұсқадағы орындаушының дауысында ұшырасатын ұлттық әшекейлер мен аспап дыбысындағы бұла бояуды сақтап қалу мүмкін болмай қалады. Біз үшін қымбаты әрі қажеттісі – байырғы, қайталанбас нұсқалар.
Антологияны дайындау барысында автордың анықтағанын¬дай, этникалық мәдениет үлгілерін дамыта түсу, кейбір жоғала бастаған ұлттық дәстүрлердің маржан үлгілерін қалпына келтіру, қазақстандық этномәдени кеңістікті қалыптастыру секілді мәселелер болашақта түбегейлі зерделенуі тиіс. Өкінішке қарай, бұл қай халықтың болсын, көңіл көзінің айнасы – рухани мәдениетінің ең маңызды бөлігі – көпшіліктің көкейіне жақын этномузыкалық өнері көп уақыт бойы көлеңке бетте қалып келгендігінің белгісі болса керек. Жалпы, музыка атаулының ешқандай шекараны білмейтін, жалпыға бірдей түсінікті, ұлтаралық сипаты осы антология мазмұнынан да анық аңғарылады. Адам баласының қай тілде сөйлеп, қандай сенімді тұтынатындығына қарамастан, музыкалық мәдениет атаулының өзегінде адамға ортақ ізгілікке толы ілкі белгілер болады. Әсіресе, оны этностардың дәстүрлі музыкалық мұраларын қатар қойып тыңдағанда анық байқаймыз. Қарапайым тыңдаушының сан түрлі сазды салыстыра тыңдай отырып, ақыр аяғында бір ғана ұлт әуенін естігендей әсер алатындығын басылымның осы ерекшелігіне жатқызамыз.
Этникалық музыка тарихын терең танып, зерделей түсу үшін антологияның теориялық және әдістемелік жетістіктерін іс жүзінде еліміздегі гуманитарлық жоғары оқу орындары жүйесіне ендіру ісін қолға алу қажет. Осылайша, Қазақстан халқының материалдық емес ортақ өкілді мәдени мұрасы мен қазақ сазын әлем мәдениеті аясында зерттеудің өзіндік кілті табылып, дүние жүзі халықтарының музыка антологиясын құрастырудың негізі жасалады.
Ұлтаралық келісімнің жаршысы – киелі саз өнері шаңырақтарыңызға береке-бірлік, достық пен бейбітшілік сыйласын!