Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейінде «Бір шаңырақ астында»аттымузейлік сабақтар ұйымдастырылды.
Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айт күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деп атап өтті.
Аталған мейрам бейбітшілік пен келісім күні, елімізде тұратын түрлі этностардың бір-біріне деген құрметі мен сенімінің белгісі. Сонымен қатар Қазақстанға түрлі тарихи кезеңдерде келген этностарды өз жерінде қабылдап, көмек көрсеткен қонақжай қазақ халқына үлкен алғысы ретінде тойланады.
Алғыс айту күніне орай музейде өткен сабаққа қаламыздың бірнеше мектептерінің оқушылары қатысты. Сабақ барысында балалар аталған мейрамның қалыптасу тарихымен, елімізде тұратын түрлі этностардың дәстүрлі мәдениетімен және олардың қазақ жеріне келу себептерімен танысты. Сонымен қатар ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты жылдары қазақ даласына келген түрлі этностардың қиын тағдыры туралы музейлік экспозициялар негізінде тарихи мәліметтермен танысты. Музейге келгендер қоныс аударған этностарға қазақ халқының көрсеткен қонақжайлылығы мен көмектері жайлы да көп дерек біле алады. Музейдің «Қазақстан диаспорасы мәдениеті» экспозициясында қойылған қызықты материалдар – фотоқұжаттар, әртүрлі этностардың мәдениетімен, тұрмыс тіршілігімен таныстыратын жәдігерлер, тағы басқа көрнекті құралдар келушілерді қызықтырды.
Сабақ барысында балалар мазмұнды экскурсия тыңдап қана қоймай, топтарға бөлініп ойын-жарыстарға қатысты, әртүрлі тақырып бойынша білімдерін тереңдетіп, сабақтан тамаша әсер алды. Мазмұнына қарай музейлік сабақ «шаңырақ» астында өтті. Сабақ барысында оқушылар бірнеше тапсырмалар орындады: ол – сөзжұмбақ шешу, мақал-мәтелдер жарысы. Көрермендер назарына бейнефильмдер де ұсынылды. Музейдегі өскелең ұрпақтың патриотық сезімдерін оятуға, қоғамдағы этносаралық қарым-қатынасты құрметтеуге бағытталған осындай іс-шаралар көпшіліктің көңілінен шығып жақсы баға алды.
Тарихи тағлымы мол мұндай музейлік сабақтар өсіп келе жатқан ұрпақтың өз ата-бабаларының ғана емес, сонымен бірге, Қазақстанда тұратын басқа халықтардың да ескі дәстүрлері мен тарихының ортақтасуына, мәдениеттердің өзара түсіністігіне септігін тигізеді. Аталған сабақ өскелең ұрпақ жадына еліміздегі мейрамдардың шығу тарихын, оны тойлау дәстүрін, жалпы өмірімізде мейрамдардың алатын орны туралы түсініктерін кеңейтеді.
Бибіфатима БАҒДАУЛЕТОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің қызметкері