«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші елімізде зейнеткер қарияларға, ардагерлерге барлық жағдай жасалған. Қарттардың әлеуметтік мәселелерін шешумен қатар әр түрлі іс-шараға қатысып уақыттарын, демалыстарын көңілді де мағыналы өткізуді ұйымдастыру үшін Алматы қаласы бойынша және әр аудандарында «Ардагерлер ұйымы» жұмыс істейді. Ұйым қоғамдық жұмыстарға, мерекелік шараларға байланысты әртүрлі жиындарды жиі өткізіп тұрады. Осы ретте Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы ұйымның атқарып отырған жұмысын ерекше айтып өткен жөн.
Өткен аптада қалалық Түрксіб ауданындағы Әуежай мәдениет үйінде «Россиянка» орыс әндерінің шығармашылық хор ұжымы мен «Подруги» вокалдық тобының және аудандық өнерпаздардан құрылған музыкалық ұжымның қорытынды концерті өтті.
Өнерпаздардың шырқаған әндері жүрек қылын шертіп, өмірдің сырлы сәттерін еске түсіреді. Өмірдің талай белесін артта қалдырып, небір қиын сәттер мен қуанышты кездердің барлығын көрген ардагерлерге орындалған әндер ерекше әсер етті. Сағынышқа толы сазды әндер мен рэтро тақырыбында әскери әндер шырқалды. Мерекелік шарада негізінен Қазақстан туралы патриоттық әндер көп орындалды.
Аталмыш шараға келіп, әсем ән тыңдап, өнерпаздардың өнерін тамашалаған ардагерлер қауымы өтіп жатқан концертке ризалықтарын білдіріп отырды. Концерттік бағдарламаға «Кардинал» балалар би тобы да қатысып өз өнерлерін жиналған қауымға ұсынды. Балалардың өнерлері де қариялардың көңілінен шықты. Әр ән мен би орындалған сайын ду қол шапалақтап әнші-бишілер өнеріне қолдауын аямады.
Шара соңында Аудан әкімі мен Ардагерлер кеңесінің атынан ұйымның төрайымы Ғ.А. Байғутдинова хор ұжымын «Ардагерлер ұйымы» орталық ардагерлер бірлестігінің дипломымен марапаттады. Сонымен қатар, хор ұжымдарын құттықтап, еңбектеріне табыс және әрі қарай да өнерлерінің өркендей беруіне тілектестігін білдірді.
Нұрлы Еділов