20 сәуір күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде халқымыздың Ұлы мейрамы – Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қадірменді қонақ ретінде арнайы келіп, оқу орнының ұстаз-ғалымдарымен және білім алушы жастарымен кездесті.
Наурыз меркесі елімізде, қаламызда ынтымақ-берекемен халықтық мереке болып тойланып өтті. Десек те ұлы мейрамның қадір-қасиетінің артықтығы, тамырының тереңдігі сондай мерекені қаламыздағы әртүрлі мекемелер мен оқу орындары өз іштерінде жеке-жеке тойлап, ырыс-берекеге толы той әлі жалағасып жатыр. Бұл елімізді, қаламызды мекен еткен халықтардың, ұлттардың барлығының ауызбірлігінің, ынтымағының, достығының бір белгісіндей деуге болады.Қала әкімі мерекелік концертті тамашалап, наурыз дастарханынан дәм татып, университеттің оқу-ғылыми зертханаларын аралап, оқу орны базасындағы «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығы» мен Агротехнологиялық хаб құрамындағы инновациялық орталықтарының жұмысымен танысты.
« – Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың, жаңару мен өркендеудің мейрамы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен татулықтың, тазалық пен ізгіліктің тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлттық мереке.» – деп, ұжымға жүрекжарды ізгі тілегін білдірген қала әкімі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің отандық ауыл шаруашылығы саласында айрықша орны мен зор мәртебесі бар екенін атап өтті.
Мерекелік шара барысында қала басшысы Бауыржан Қыдырғалиұлы университеттің оқу-ғылыми үрдісін заман талабына сай жандандыру мен білім алушы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу жолында атқарып жүрген табысты қызметіне оң баға беріп, оқу орнының барлық бастамаларына қала әкімдігі тарапынан барынша қолдау көрсететінін айтты.
Ұлыстың ұлы күніне арналған салтанатты шараны ұйымдастырушы университет ректоры, академик Тілектес Есполов, бүгінгі күні мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін жаңа бағытта дамытуға ерекше көңіл бөлініп, «Президенттің бас бастамасы» мен «Рухани жаңғыру» идеясы аясында елімізде серпінді жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың тиімді іске асырылып, халықтың әл-ауқатының артып келе жатқанын атап өтті.
Қадірлі қонақтар мен университет ұстаздарына оқу ордасы бас ғимаратының алдында студенттер дайындаған ұлттық ән-күймен көмкерілген сахналық көрініс пен спорттық ойындар және кітап көрмесі ұйымдастырылып, мерекеге арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйлерден наурыз көже ұсынылды.
Алаш айнасы