«Қазақшаңыз қалай?» атты байқау өттi
ҚР Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi Алматы қаласының 2017–2019 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында қалалық Бiлiм басқармасының қолдауымен тағы да бiр тiлге құрмет көрсетудiң үлгiсiн көрсеткен iс-шара болып өттi. Бұл туралы Алматы ақшамы газетінің кезекті санынан оқуға болады.
Жетiсу ауданындағы №57 жалпы бiлiм беретiн мектепте қала мектептерiнiң 10- сыныбында оқитын өзге ұлт өкiлдерi арасында «Қазақшаңыз қалай?» атты танымдық-зияткерлiк 4 кезеңнен тұратын байқау өткен едi. Байқаудың салтанатты ашылуында мектеп басшысы Ботагөз Жайлыбаева сөз кезегiн алып, барлық мемлекеттiк тiлге құрмет көрсетiп отырған қатысушыларға ризашылығын бiлдiрдi. Аталмыш байқаудың ұйымдастырушысы №57 мектептiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi Гүлбану Тәуекелова iс-шараны тартымды етiп жүргiзе бiлдi.
Қашаннан сәлемсiз iс бастамайтын халық емеспiз бе? Қатысушы үмiткерлер, ең алдымен, қазақ тiлiнде өздерiн таныстырып, жұртшылықпен амандасу рәсiмiн жасады. Осыдан соң үмiткерлер 16 ұяшықтың бiрiн таңдай отырып, байқаудың екiншi тапсырмасы «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғыру негiзi» атты кезең бойынша, үш сұраққа жауап бердi. Мұндағы берiлген тапсырма қазақ тiлi мен әдебиетi, тарихы, мәдениетi, елтану, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер мен тұрақты тiркестердiң мағынасын ашып көрсету болды. «Туған жердiң көрiктi жерлерi» атты кезең де өте тартысты әрi қызықты болды. Үмiткерлер кез-келген ұяшықтың бiрiн таңдай отырып, ондағы географиялық суретке сипаттама бердi.
Қазақстанның көрiктi жерлерiне саяхат жасай отырып, өздерiнiң бiлiм көкжиектерiн кеңейттi. Мәселен, тарихи-археоло гиялық ескерткiштер мен кесенелер, ұлттық саябақтар мен қорықтар қай жерде, қай өңiрде орналасқан деген сауал төңiрегiнде бiраз ойлануларына тура келдi. Байқаудың соңғы шартына сай әрбiр қатысушы бiр ән немесе өлең оқулары тиiс болды. Қазақтың кең пейiлi, сары даласы, ана тiлi мен Отан туралы шығармаларды да өзге ұлт өкiлдерi тамылжыта орындап шықты.
Байқау қорытындысы бойынша, бiрiншi орынды Әуезов ауданындағы №153 мектептiң 10-сынып оқушысы Мәлика Василова (жетекшiсi М.Сиқымбаева), екiншi орынды Бостандық ауданындағы №105 гимназияның 10-сынып оқушысы Тимур Ким (жетекшiсi Н.Нүсiпқожаева) мен Жетiсу ауданындағы №110 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Гүлзара Баширова (жетекшiсi Г.Чегеубекова), үшiншi орынды Алатау ауданындағы №160 мектептiң 10-сынып оқушысы Назгум Ахметова (жетекшiсi И.Жетенова), Бостандық ауданындағы №94 мектептiң 10-сынып оқушысы Алина Рощина (жетекшiсi Д.Абдрахманова) мен Түрксiб ауданындағы №78 мектеп оқушысы Жасмин Құштарбекқызы жеңiп алды.
Қалған қатысушы үмiткерлерге Алғыс хаттар табыс етiлдi.