Елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, соның көмегімен көптеген шағын және орта дәрежедегі қылмыстық істер, азаматтық, еңбек, отбасылық және өзара құқықтық қатынастарға байланысты жекелеген істер өз шешімін тауып келеді. Шағымданушы азаматтар мен заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінуінің арқасында сот жүйесіне түсетін ауыртпалық жеңілдеп, түрлі деңгейдегі істердің тыңғылықты шешім табатындығы, жұмыс сапасы анағұрлым артатынын осы уақыт аралығындағы тәжірибе де көрсетіп берді.
Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даудың 30-40 пайызы медиация рәсімімен өткізіліп, олардың 85 пайызында тараптардың ризашылығымен оң нәтижелерге қол жеткізілген екен. Қазақстанда «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енгені белгілі. Бұл заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
Қазақстан халқы ассамблеясы қабырғасында өткен «Этносаясат пен этносаралық қатынас мәселелері ғылыми зерттеулер қорытындысына сай ұсыныстар технологиясы» атты семинар-тренингте Қазақстан халқы ассамблеясы қызметі этносаралық мәселелер деңгейін игеріп, бүгінгі таңда қоғамдық келісімді жарастыру идеясын тиянақты жүргізіп отырғанын тілге тиек етті. Қоғамдық келісімнің конституциялық принциптер негізінде пайда болған модераторлық қызмет үлгісі еліміздің сот жүйесіне қолдау болуға әбден лайық.
Алматы қаласындағы Достық үйінен ашылған Медиация кабинеті құрылған күнінен бастап түрлі этномәдени орталықтар, қала мектептері, дін қызметкерлері мен ата-аналар комитеттерімен бірлесе отырып, жастар арасындағы қарым-қатынас және ұлтаралық келісім мен татулық тақырыбында көптеген кездесулер мен семинар-тренингтер өткізіп үлгерді.
Медиация кабинеті жыл басынан бері қалада орналасқан бірнеше мектепте болып, ата-аналармен, оқушылармен кездесті. Қазақстан халқы ассамблеясы Алматы қалалық секретариаты, Қазақстан Президенті жанындағы РММ «Қоғамдық келісім» және қала әкімдігімен бірлесе өткізген түсіндіру шараларында «Жастар арасындағы келіспеушілікті болдырмау және оның алдын алу», «Өзара түсіністік пен бейбіт қатынас салтанат құруы керек», «Ұйымдық келіспеушіліктерді ескерту және болдырмау әдісі», «Оқушылар арасындағы түсініспеушілік мәселелерін шешу жолдары» деген атпен семинар-тренингтер ұйымдастырып, онда мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында кездесетін кейбір келеңсіз қылықтардың алдын алу және болдырмау, кәмелет жасына дейінгі қыз баланың тәрбиесі, ерте есею секілді аса маңызды тақырыптар қозғалып, оқушылармен тікелей жұмыстар атқарылды.
Орта мектептерде өткен жүздесулерге оқушылар зор қызығушылық танытып, білікті мамандармен өздерін мазалайтын мәселелер турасында ашық әңгімелесті. Телеарналар мен ғаламтор беттерінде бала психологиясына кері әсер ететін ақпараттар легі бүгінгі қоғамға тікелей рухани шабуыл жасап тұрған кезде қаладағы Достық үйі жанынан ашылған Медиация кабинетінің қызметі мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан жастар мен оқушыларға рухани қолдау көрсетілгеніне мұғалімдер де, ата-аналар да, оқушылар да дән риза.
Мұндай игілікті шараларды алдағы уақытта да көптеп өткізу жоспарда бар. «Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек, бірлікті ойлау үшін тірлік керек, ағайынға ала көз бола қалсаң – аузыңдағы несібеңді біреу жемек» деп Қаз дауысты Қазбек би айтқандай, еліміздің бірлігі үшін медиация саласы көп еңбек сіңіретініне кәміл сенеміз.
Еркенұр Ерзия