Алматыдағы Достық үйінде күрдтердің Қазақстанға келгеніне 80 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі күрдтердің рухани жаңғыруы» атты шара өткізілді. «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шара шымылдығы «Қазақстан күрдтерінің өмірі» деректі фильмімен ашылды.
Фильмде күрд халқының 1937 жылы алғаш депортацияланған кезеңінен бастап, бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы өмірі қамтылған. Сондай-ақ фильмде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, өнер мен Ішкі істер қызметі салаларында айтулы жетістіктерге жеткен күрд халқының өкілдері таныстырылды. Жиынды «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының президенті Князь Мирзоев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. «80 жыл бұрын бізді қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Міне, қазір Қазақстан атты үлкен шаңырақ астында тату-тәтті өмір кешіп жатырмыз» деп қазақ халқына алғысы шексіз екенін жасырмады.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев: «Күрд этносының Қазақстанға қоныстанғанына – 80 жыл. Осынау айтулы күнмен құттықтаймын. Осыдан 80 жыл бұрын сталиндік саясат салдарынан қаншама ұлт өкілі қазақ жеріне депортацияланды. Әрине, бұл – әр ұлт үшін үлкен трагедия. Бірақ 80 жыл ішінде күрд этносы интеграцияланып, Елбасымыз бастаған бейбіт және келісімді өмір сүру моделін қолдап келеді. Тәуелсіздік алған жылдан бастап барша Қазақстан халқы татулық пен бірлікті басты құндылық етті. Елімізде 100-ден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір кешуде. Алматы қаласы да – осындай бірліктің ордасы. Шаһарымызда жеті мыңнан астам күрд халқы тұрады. Елімізде 80 мыңнан астам күрд өмір сүреді. Еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар қатарында күрд халқының да өкілдері бар», – деп А.Қырықбаев Алматы қаласының әкімдігі атынан құттықтауын жеткізді.
А.Қырықбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, Алматыдағы күрдтер қауымдастығының жұмысын атап өтті. Ол еліміздің экономикасы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан «Хоум кредит» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нарина Надироваға «Бірлік» төсбелгісін тапсырды. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы Әбілфас Хамедов сөз алып, күрд халқының Қазақстандағы этносаралық бірлікті нығайтудағы рөлін баса айтты. Ол Елбасының идеясымен құрылған әлемде теңдесі жоқ ұйым – ассамблеяның халық ынтымағын көркейтудегі рөліне тоқталды. Содан кейін 1937 жылдардың куәгері, ҰҒА-ның академигі, «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының құрметті президенті Надир Надиров өз баяндамасында сол зұлмат жылдарды еске алды. «Сол зұлмат жылдарда жүздеген адамдар аштықты, аязды еңсерді. Бұл өте ауыр кезең еді. Бәрі көз алдымызда. Сол кездегі қазақ халқының құшақ жайып қарсы алғанын ешқашан ұмытпаймыз» деді ол.
Елімізде 12 этномәдени орталығы мен күрдтердің республикалық «Барбанг» қауымдастығы жұмыс істейді.Қазақстанда тұрып жатқан күрдтер өздерінің дәстүрі мен мәдениетінің ерекшеліктерін сақтай отырып, барлық этностар өкілдерінің арасындағы достық, бірлік пен түсіністік саясатын қолдайды.Экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының алғашқы президенті Зия Азиз 1944 жылғы соғыс кезіндегі жағдайды еске түсірді. Саяси ғылымдардың докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сорбонна-Қазақстан институтының Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Жомарт Симтиков күрд халқының мәдениеті, даму жолы хақында ой өрбітті. «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Латиф Айдаров: негізгі депортацияланған күрдтер Жамбыл облысына қоныстанғанын айтып, облыстағы атқарылған жұмыстарды таныстырды. Сонымен бірге, 1937 жылғы оқиғаның куәгері, Қазақстанның құрметті ұстазы Нажмаддин Чатуев, Ақбастау селосы орта мектебінің мұғалімі Лиана Абдуллаева өз лебіздерін білдірді. Шара соңында ардагерлер, қауымдастық белсенділері Қазақстан халқы ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Шара «Курдистан» және «Медия» топтарының ән-шашуына ұласқан концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Еркенұр Ерзия