Тағдыр табыстырған жүзден астам ұлттың ордасы болған Алматы тұрғындары үшін «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесінің маңызы зор. Өйткені оңстүстік астанадағы бір атаның баласындай болып өмір сүріп келе жатқан ұлттар мен ұлыстар аштықты да, аласапыранды да, тартысты да бірге көрді, небір қиын күндерді бастан өткерді. Алматыға өткен ғасырдың сонау 20-жылдары келіп қоныстанған шағын ұлттардың бірі – гректер. Бүгінде өсіп-өніп, еліміздің жергілікті халқына айналған гректертердің Алматыда және басқа да облыстарда мәдени орталықтары бар. Мәдени орталықтың қасында жексенбілік мектеп жұмыс жасайды. Онда үлкендер мен балалар жаңа грек тілін үйреніп, өздерінің тарихи отанының рухани мәдениетімен танысады. Бұл мектепте тек қана этникалық гректер ғана емес, Элладаның рухани мәдениетін біліп, грекше сөйлеп, оқып, жазуға тырысатын басқа халықтардың өкілдері орыстар, қазақтар, немістер, украиндықтар да оқиды.
Гректердің Қазақстанға келу тарихы Сталин репрессиясы кезінде күштеп жер аударылуға тап болған басқа да көптеген халықтардың тарихы тәрізді қасіретті. Құбылмалы тағдырдан сенімді қорған табу үшін грек босқындары әр жылдарда Түркиядан Ресейге көшіп отырған. Олардың соңғы легі ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Түркиядан қашып келген. Үй жайын, дүние мүлкін, малы мен жерін, ата-бабалары мен туыс-туғандарының моласын тастап олар негізінен Ресейдің оңтүстік аймақтарына қоныстанды (Солтүстік Кавказ, Қырым, Грузия, Армения, Краснодар өлкесі т. б). Аяқтарынан тік тұрып, қайтадан қалпына келу үшін оларға небары 20 жылдан сәл астам ғана уақыт қажет болды. Әуелде әлдеқалай болар екен деп, күдіктене келген елді бұлар шынайы жақсы көріп кетті. Бірақ, қатты өкінішке орай, қайта дәуірлеген халықтың кеудесіндегі үміт оты кенеттен өрт сөндіргендей сеп болды. 1941 жылы қас қағым сәтте олардың оңала бастаған тірлігі тып-типыл болып, жылы қоныстарынан ондаған жылдар бойына жер аударылған қатаң сүргін басталды. Сөйтіп Ресейде бұлардың көрген күні Түркиядағыдан да бетер қараң болды. Жиналуға екі-үш сағат қана уақыт беріп, қайда баратынын, не себептен жер ауларылатынын айтпастан адамдарды жүк таситын вагондарға тиеп, белгісіз бағытқа жөнелтіп қоя берді. Олардың көбі Қазақстан, Орта Азия және Сібірге жер аударылды. иОсылайша гректер кейіннен олардың Отанына айналған Қазақстанның кең байтақ қиян даласына тап болды. Көптеген отбасыларға жер аудару сұмдық трагедия болды, олардың көбі әйелдер мен балалар, жасы жеткен қариялар болғандықтан жол бойында ауырып, ажал құшты.
Қазақстанда 20-шы жылдардың ортасында 157 грек болған. Олардың саны 40-шы жылдары депортацияға байланысты күрт өскен. 70-ші жылдары республикадағы бұл этностардың азаюы басталған. 1999 жылғы халық санағының мәліметі бойынша қазақстандық грек диаспорасының саны 12703 адам болған екен. Қиын-қыстау жылдарда жергілікті тұрғындар гректерге қол ұшын беріп, көп көмек жасады. Тап қазір Қазақстанда тұратын гректердің арасынан сол кездерде қазақтардың қонақжайлығы мен қамқорлығын көрмеген бір де бір грек жоқ шығар. Адамгершіліктері биік эллиндер жақсылықты ешқашан ұмытпайды.
Гректер негізінен республиканың оңтүстігінде – Алматы қ., Жамбыл, Алматы, Оңтүстік-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Қарағанды облысында (Осакаровка қыстағы) өмір сүреді. Республикада «Филия» Қазақстандағы грек қауымы ассоциациясына кіретін 17 грек қоғамдары жұмыс жасайды («Филия» - грек тілінен аударылғанда «достық» дегенді білдіреді).
Қазақстандық гректердің арасында білімді, дарынды жандар өте көп. Солардың бірі белгілі әнші, ұстаз Лаки Кесоглу. Ол Грузияның Батуми қаласында туған. Ұлты – грек. Әнші он жасына дейін Батумиде тұрыпты. Қазақстанға 1949 жылы түрлі ұлт өкілдерін жер аудара бастаған кезде ол да отбасымен біздің елге келеді.
«Батумиде негізінен гректер қоныстанған көше бар-тын. Көше тұрғындары көшуге мәжбүр болатынын алдын ала білген сияқты, аяқ астынан ең керекті заттарын жинай бастады. Түнгі сағат 3-4 шамасында бізді көлікке мінгізіп, вокзалға апарды. Ұзақ жол жүріп, қазақ жеріне келдік. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Темір стансасына түсірді. Келе салысымен жан-жаққа бөле бастады. 10-15 грек отбасымен бірге бізді Сүлі-Кесік ауылына жіберді. Не едені, не пеші жоқ кішкене үйлерге орналастық. Ауыз су да тапшы екен. Алғашында арықтың суын іштік. Кейін арамыздағы ересектер құдық қазып, су шығарды. Сол құдықтың суын ұзақ жыл пайдаландық» деп еске алады бабалық шағын Лаки мырза.
Лаки Кесоглудың әкесі Константин он саусағынан өнер тамған шебер адам болған. Ол Қазақстанға келген соң, зауытта жұмыс істеді. «Аздап гректің ұлттық аспаптарында ойнайтын өнері бар еді. Музыканы керемет жақсы көретін. Екеуміз түннің бір уағына дейін радиоқабылдағыштан ән тыңдайтынбыз. Анам Панаила Исаакқызы да әнді жақсы айтушы еді. Әкем аспаппен сүйемелдеп, анам ән айтып, талай той-томалақтың көркі де болған» дейді әнші.
Лаки Кесоглу, әнші, педагог. – Гректер – жақсы халық. Ол жер мәдениеттің, өнердің отаны десем де болады. Біз қолданып жүрген демократия, культура деген сөздер сол гректердікі. Грекияның ежелгі тарихы өте бай. Әдемі ел. Ол жақтан белгілі философтар, әскери қолбасшылар шыққан. Олар – адамгершілігі мол, көңілді халық. Қалжыңдағанды жақсы көреді. Көп көңіл көтеріп, аз жұмыс істегендіктен шығар, дағдарысқа көп ұшыраған (күлді). Момын және биші халық. Ұлттық аспаптары – кеменджидің дауысын естігенде кәрі, жасына қарамай, таң атқанша билеуге бар.
Алайда мен қазақ жерінде адам ретінде, тұлға ретінде, музыкант ретінде қалыптастым. Осы жерде білім алдым. Қазақтар мені өте қатты жақсы көреді. Менің өзімді, шығармашылығымды қабылдаған қазақтарға алғысым шексіз. Бұл жерде мені құрметтеп, жақсы көретін көрермендерім, тыңдармандарым бар. Демек, мен осы жерге керек адаммын. Иә, мен балаларды атажұртымызға жібердім. Басында, қиналғандары рас, қазір жағдайлары жаман емес. Ең бастысы, істейтін жұмыстары бар. Әрине, олардың алыста болғаны әйелім екеумізге қиын. Дегенмен, әр жыл сайын барып тұрамыз. Оған қоса, демалып қайтамыз. Әйелім – музыкант, пианиношы. Көп уақыт бойы Чайковский атындағы колледжде жұмыс істеді. Үш перзентім бар. Тұңғышым – ұл және екі қызым бар. Қыздарымның екеуінің де музыкалық білімі бар. Алайда, өсе келе музыканы емес, өзге мамандықты таңдады. Ұлым дәрігер болып жұмыс істейді.
Қазақстан халықтарының бірлігі күні – сан ғасырлар бойы қазақтың кең-байтақ даласын мекен еткен бірнеше ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын мереке. Бізде ешкімді нәсіліне, діні мен тіліне және ата дәстүр-ұстанымына бөліп жармастан, достық пен бірліктің нағыз үлгісі көрсетіліп келеді. Сондықтан, ынтымағымыз жараса берсін дегім келеді.