Бүгін Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған VІІ республикалық Құран жарысының қорытынды рухани кеші өтті.
Дін жанашырлары мен демеушілерінің қаржылай қолдауымен өткен жүлде қоры 17 млн теңгені құрайтын сайысқа республика бойынша 500-ден астам жас қарилар қатысты. Олар төрт бағыт бойынша бақ сынасты: Құранның 10 парасын жатқа оқу, Құранды мәнерлеп оқу, 20 пара Құранды жатқа айту және қасиетті кітапты толық (30 пара) жатқа оқу.
«Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды», – деген. Қарайған жүректерге нұр беруші – Құран ғана», – деп игі іс-шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы жиналған жамағатты жақсылыққа, ізгілікке шақырып, әділ қазы мүшелеріне алғысын жеткізді.
Кеште сөз алған белгілі жазушы Смағұл Елубай мен Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахмет жарысқа қатысқан қариларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Рухани кеште белгілі сазгер Жәкен Омаров арнауын орындап берді. Сондай-ақ, рухани ән-күй шырқалып, Құранның хикметтері жайлы бейнеролик халық назарына ұсынылды.
Дін жанашырлары мен демеушілерінің қаржылай қолдауымен өткен жүлде қоры 17 миллион теңге болған сайысқа республика бойынша 500-ден аса жас қарилар қатысты.
Биылғы өткен VІІ республикалық Құран жарысының жеңімпазына автокөлік табыс етілді.
Қатысушылар төрт бағыт бойынша бақ сынасты: Құранның 10 парасын жатқа оқу (І орын - Кенешбай Қуаныш Нұрланұлы (Алматы өңірі) - 1 миллион теңге; ІІ орын - Сейтқасым Ерқанат Серікұлы (Астана) - 750 мың теңге; ІІІ орын - Мыңжасов Арыстан Қожамбетұлы (Маңғыстау) - 500 мың теңге), Құранды мәнерлеп оқу (І орын - Турдақынұлы Такен (Ақмола) - 500 мың теңге; ІІ орын - Битенов Ерлан Базарбайұлы (Астана) - 300 мың теңге; ІІІ орын - Бектұрғанов Баубек Бердіғалиұлы (Алматы) - 150 мың теңге), 20 пара Құранды жатқа айту (І орын - Хокимов Махмадрахим (СҚО) - 1,5 миллион теңге; ІІ орын - Сатешов Сақи Мұхтарұлы (Маңғыстау) - 1 миллион 250 мың теңге; ІІІ орын - Қартбаев Саламат Алашұлы (Ақтөбе) - 1 миллион теңге) және қасиетті кітапты толық, 30 пара жатқа оқу (Бас жүлде - Нағманов Нағим Серкұлы (Маңғыстау) - Автокөлік; ІІ орын - Хакимов Фазлидин Абдихужаұлы (Астана) - 2 миллион теңге; ІІІ орын - Жахсылыков Еркебұлан Сержанұлы (Жамбыл) - 1,5 иллион теңге).
Қарилар қасиетті кітаптағы сүрелерді әділ қазылардың алдында оқу оңайға соқпағанын айтады.
«Өзімнің балалық шағымнан бар. Кішкене қобалжу. Бірақ Аллаға шүкір 5 сұрақтың төртеуін жақсы жауап бердім. Бір сұрағыма жауап бере алмадым. Енді қобалжып жатырмыз кішкене», - дейді жарысқа қатысушы Бауыржан Есмырзаев (Алматы).
«Құранды, біздің ата-бабамыздың діні исламның кітабы - құранды насихаттау. Осы құранды жаттауды насихаттау. Құранды жаттаған қариларды хафиздарды ынталандыру. Бізде құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша әлемде халықаралық жарыстар өтеді. Сол халықаралық жарыстарға баруға лайықты қариларды, құранды жаттаған мамандарды анықтау үшін өткізіп жатырмыз», - деді Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқай.
Сонымен қатар, әрбір өңірлерден келіп қатысқан жүлделі орындарға ие бола алмаған қариларға арнайы Алғыс хат пен 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды.
Алаш айнасы