«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Алматы технология университетінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақстан халқының шығармашылығы» деп аталатын фестиваль өтті деп хабарлайды газеті.
Фестивальді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, АТУ профессоры, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Рудик Мнацаканян өзінің құттықтауымен ашты.
– Мен әрқашан Қазақстанның азаматы болып еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтатын кісімін. Осы күнге дейін жеткен жетістігіме Арменияда болсам жете алар ма едім деп те кейде ойланам. Мен тек көпұлтты елде ғана емес, көпұлтты үлкен отбасында бақытты өмір сүріп жатырмын. Менің әйелім – өзбек ұлтынан, келінім – шешен, күйеу балам орыс, – дейді Рудик Мнацаканян.
Алматы технология университетінде бірнеше ұлттың өкілі білім алып жатыр. Мерекелі іс-шарада студент-жастар қазақ, орыс, украин, лезгин, армян, т.б. ұлттардың әнін шырқап, биін биледі. Белсенді жастарды Алғыс хатпен марапаттаған АТУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин:
– Алматы технология университетінде бірнеше этностардың өкілі оқиды. Кішігірім ассамблея десек те болады. АТУ – тек білім ордасы ғана емес, бейбітшілік пен келісім мекені, – деді.