Қазақстан Жазушылар одағында Әзербайжан елінің жазушыларымен шығармашылық ынтымақтастықты арттыру мақсатында Акбар Гошалы, Ильгар Түркоглы және Ильмаз Окуглылармен арнайы қабылдау болды деп хабарлайды Алматы ақшамы газеті.
Жуырда ғана Астана қаласында «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен үшінші мәрте өткен халықаралық көрмеде бұл ақындар «Жаңа заман әзербайжан поэзиясының антологиясы» кітабының тұсаукесеріне қатысқан болатын. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, орынбасарлары Мереке Құлкен мен Бауыржан Жақып қазақ пен әзербайжан ақын-жазушыларының достық және шығармашылық байланыстары, Жазушылар одағындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. «Жаңа заман әзербайжан поэзиясының антологиясы» жыр жинағында қазіргі әзербайжан елі жаңа буын ақындарының өлеңдері қазақ ақындарының көркем аудармасымен оқырманға жол тартқан еді. Жыр жинағы екі елдің арасына тартылған әдеби алтын көпір тәрізді. Түбі бір, тамыры бір түрік халықтарына ортақ ой, ұғым мен танымды қазақы қалпында жырлаған ақындар аудармасы оқырманның қызығушылығын тудырып отыр. Өткен жылы 57 қазақ ақынының жаңа өлеңдері әзербайжан тіліне аударылып, «Жаңа қазақ ақындары антологиясы» деген атпен Бакуден жарық көрген болатын. Бұл жетістікті бауырлас елдердің рухани жақындасуы деп айтуымызға әбден болады. Астана мен Баку арасында рухани алтын көпір салынып, қос халық ақындарының шығармаларымен жақын танысуы әдебиеттің жаңа кезеңінің басталған сәті болып отыр.
Дүниежүзілік жас түркі Жазушылар одағы мәслихат кеңесінің төрағасы, Әзербайжан елі президентінің жарлығымен «Терегги» медалімен марапатталған, Президент сыйлығының иегері Акбар Гошалы Қазақстанға келген сапарларының мақсаты, қазақ жазушыларымен ынтымақтастық пен шығармашылық байланысты нығайту туралы ойларымен бөлісті. Онымен бірге келген Ильгар Түркоглы Әзербайжан және Түркия Жазушылар одақтарының, Ирак түркімендері Жазушылар одағының және Түркия әдеби және ғылыми туындылар иегерлері ассоциациясының мүшесі, «Қоштасу гүлдерінің жазығы болмас» жыр жинағымен оқырманға жақсы таныс. Сондай-ақ, Иылмаз Окуглы да кейінгі әзербайжан ақындарының талантты өкілдерінің бірі, көптеген жыр жинақтарымен өзінің елінде кеңінен танылған жас ақын. Жазушылар одағында өткен кездесуде әзербайжан елінен келген ақындарға сый-сыяпат көрсетіліп, алдағы кезде де екі ел жазушыларының шығармашылық байланысын арттыра беруге тілек білдірді.