Ассамблея тарихы – ел тұрақтылығының тарихы
100-ден аса ұлт өкілі пана тауып, өсіп-өркендеп, өрісін кеңейтіп отыр. бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы туының астында бiрiккен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы дүниеге келген бұл қоғамдық институт ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде бейбіт қоғамның бөлінбес бөлшегіне айналды.
Тағдырдың жазуымен тарих табыстырған ұлттарды бір шаңырақтың астына біріктіретін Ассамблея сияқты ұйымды құру туралы ойын Елбасы алғаш рет 1992 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында білдірген еді. Кейіннен Қазақстан Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында аталған қоғамдық институт құрылып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші органға айналды. Міне, сол уақыттан бері Ассамблея өзара сенімділік пен түсіністіктің діңгегіне айналып, ауызбіршілікті сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді.
Ассамблея қызметiнiң негiзгi бағыттары көпқырлы. Мемлекеттiк ұлттық саясатты әзiрлеуге және iске асыруға жәрдемдесiп, мемлекеттiк тiлдi және Қазақстан халқының басқа да тiлдерiн дамытуды көздейдi. Этносаралық саладағы өңiрлiк саясатты жетiлдiруге атсалысып қана қоймай, демография және көшi-қон саласындағы жоспарлар мен iс-шараларды әзiрлеуге, елiмiз бен шет мемлекеттерде этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң қазақстандық моделiн насихаттауға, мемлекеттiң ұлттық саясат мәселелерi жөнiндегi заң жобаларына қоғамдық-саяси сараптама жасауға белсене қатысуды үрдiске енгiздi.
Елбасы бір сөзінде «Ассамблеяның тарихы – бұл біздің тұрақтылығымыздың тарихы. Қоғамдық келісімнің кепілі болған Ассамблея еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды. Өзара сенімге негізделген түсіністік пен толеранттылық – тәуелсіздікпен тұтас ұғымдар. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық.
Ассамблея назарынан шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы да сырт қалған емес. Олардың өз ана тiлiн, мәдениетi мен ұлттық дәстүрiн сақтауға және дамытуға бағытталған кешендi iс-шараларды қолға алып, Атамекенiмен тығыз байланыс орнатуына қолдау көрсетіп келеді. Ынтымақ болған жерде ғана ырыс болады. Осынау қағидатты берiк ұстанған Ассамблея мүшелерi этносаралық қатынастар саласындағы келiспеушiлiктер мен дауларды реттеуге, қақтығысты жағдайларды болғызбау мақсатында ұсынымдар әзiрлеп, практикалық шараларды iске асыруға белсене араласып жатқан жайы бар.
Ассамблеяның мiндетi – халық бiрлiгiн нығайту, қазақстандық қоғамның негiзiн қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келiсiмдi қолдау және дамыту, сондай-ақ, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнiң көрiнiстерi мен адамның құқығына, бостандығына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттiк органдарға жәрдемдесу. Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізді мекендеген әрбір этносқа да пайдасы көп болды. Дархан даланың дара қасиетін бойына сіңірген қонақжай қазақ ешкімді де жатырқаған жоқ. Өздеріне босып келгендерді де, жосып келгендерді де бауырына тартып, бір үзім нанды бөліп жеді. Өзге ұлт өкілдері қең пейіл қазақ даласында этномәдени бірлестіктерін құрып, өзінің тілін, ділін, салт-дәстүрін дамытып отыр. Тіпті Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне депутаттардың да сайлануы – бұл институттың елімізде қаншалықты рөл атқаратынын аңғартса керек. Этникалық тілдер мен мәдениетті мемлекеттік қолдау тиімді жүргізіліп жатқанын да атап өту қажет. Бұған дәлел, бүгінде 88 мектепте сабақ өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі; 100-ден астам мектепте 22 этностың тілі өзіндік пән ретінде оқытылады. Бұған қоса, этностың тілін оқытатын лингвистикалық орталықтар жұмыс істеп, өзге тілдегі басылымдар жарық көріп тұр. Сондай-ақ, телеарналардың бетінде 11 тілде бағдарлама, орыс, өзбек және ТМД елдері бойынша жалғыз ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс істейді. Міне, өзге этносқа деген өзгеше көзқарас пен құрмет біздің елде ғана бар екенінің дәлелі осы болса керек.