Кеше Алматыда Қала күні қарсаңында халықаралық «АRТBAT fest» өнер фестивалі басталды. Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған заманауи өнер фестивалінің биылғы тақырыбы – «Су тасқыны». Биылғы шарада отандық қылқалам шеберлерінің, сондай-ақ, Франция, Италия, Германия, Словения, Ұлыбритания және Жапония секілді елдердің суретшілерінің туындылары көрермен назарына ұсынылады. Өнер фестиваліне Франция елінен келген сәулетші Симон Жакмин мен словениялық суретші Мартин Брицель Барага жетекшілік етеді.
Жалпы, «ARTBAT FEST» фестивалі дәстүр бойынша төрт бөлімнен тұрады. Олар: қоғамдық кеңістіктегі паблик-арт жобалары, көрмелік және білімдік бағдарламалар, сондай-ақ, арнайы жобалар. Әрбір бөлімнің өз мақсаты, міндеті бар және аудиториясы да әрқалай.
Қала әкімдігінің қолдауымен Есентай өзенінің жағалауында бір ай бойы өтетін шараны «Еуразиялық Мәдени Альянс» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.
– Өткен жылы Симон екеуіміз Алматыға бірінші рет келген кезде бұл қаланың ерекше екенін байқадық. Және сол ерекшелікті түсінуге тырыстық. Нәтижесінде алып мегаполистің тұрмыс-тіршілігі үшін аса маңызды элемент –су екенін түсіндік. Қаланың ішіндегі арықтардың желісі, таудағы селге қарсы қоршаулар, тау өзендері – бәрі Алматыны өзге қалалардан дара етіп тұрғандай. Сол себепті, біздегі барлық инсталляциялар сумен байланысты болады. Тіпті, тек судың көмегімен жұмыс істейтін нәрселерді көруге болады, – дейді арт-жобаның жетекшісі Мартин Брикель Барага.
Расымен, аталған фестивальде адамның ойына келмеген нәрселерді, жарамсыз заттардан жасалған түрлі композицияларды тамашалауға мүмкіндік болады. Халық назарына ұсынылған өнертапқыштардың туындылары шынымен де ерекше болмақ. Осылайша Сәтбаев көшесінен бастап Құрманғазы көшесіне дейін, Есентай өзенінің бойында Қазақстан, Словения, Италияның суретшілерінің он инсталляциясы орнатылады. Сондай-ақ, екі туындыны арт-жобаның жетекшілері ұсынады.
– Словениядан келген «BrіdA» арт-тобы интерактивті көпір салады. Итальяндық суретші Марко Баротти «Аққулар» атты музыкалық кинетикалық инсталляциясын құрады. Ал қазақстандық сәулетші Әсел Есжанова өз инсталляциясын Арал теңізі маңындағы жағдаймен байланыстырады. Сонымен қатар, былтырғы венециялық биенналенің қатысушылары, атақты қазақстандық суретшілер Елена мен Виктор Воробьевтар да өз жобаларын ұсынатын болады, – деп мәлімдеді «ARTBAT FEST» фестивалінің директоры Ольга Веселова.
«ARTBAT FEST – 2018» фестивалі 24 тамыздан 29 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазақстандық және халықаралық шығармашылық қауымдастықтар арасындағы мәдени байланыс алаңына айналу мақсатында ұйымдастырылған бұл шара ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.
Мәншүк БЕКБОСЫН
«Алматы ақашамы»