Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениеттерін дамытуда. Осы орайда 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Бүгінде бұл аталған достық шаңырағы қазақ жерінде тіршілік ететін ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосатын және аз ұлттардың мүддесін қорғайтын мекеме есебінде нәтижелі жұмыс жасауда.
Қазақстандағы аз ұлттардың өкілдерінің мұқтаждығын өтеуге, ұлтаралық қарым-қатынас аясында үйлесім орнатуға барынша жағдай жасалған. Барша ұлттардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарын қорғауға байланысты жүзеге асырылатын шаралар халықаралық стандарттарға сай және осы орайда өзге мемлекеттерге үлгі бола алатынын айта еткен жөн. Осы орайда жақында Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының Бірыңғай күні өтті. Іс-шараға Алматы қаласының Жоғары оқу орындарының жанындағы ҚХА кафедралары мен орталықтарының өкілдері, ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері, «Жаңғыру жолы» Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық жастар қозғалысының, Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Модератор рөлін Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры – Өмірәлі Шақарапұлы Жалаири атқарды. Ол акцияға қатысушыларымен сәлемдесіп, «Жаңа гуманитарлық білім. қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы туралы айтып берді. Өмірәлі Шақарапұлы осы іс-шара қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа кезеніне бастама болғаны туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің сөздерін атап айтты.
Іс-шара аясында филологиялық ғылымдар кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобы төрағасының орынбасары Ананьева Светлана Викторовна, Алматы экономика және статистика академиясының ҚХА орталығы меңгерушісі Божбанбаев Бауыржан Муратбекұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық жастар қозғалысының төрағасы Кураев Ислам сонымен қатар «Тұран» университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, халықаралық бизнес университетінің ҚХА кафедралары өкілдері сөз сөйледі. Іс-шараның соңында Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы ректоры Жалаири Өмірәлі Шақарапұлы барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.