Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық Фараби оқулары форумы болды. Биылғы «V Халықаралық Фараби оқулары» «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты тақырыпта өтті, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Шарада әлемнің әр түкпірінен келген фарабитанушылар бас қосты. Форум аясында көптеген ғылыми конференция өтіп, жүзден астам ғылыми баяндама жасалды. Онда әл-Фараби заманы мен қазіргі заманды байланыстыратын өрке¬ниеттер сабақтастығы мен даму кезеңдері жайында айтылды.
Осындай игі шараның студенттерге берер пайдасы өте көп. Сонымен қатар халықтар достығын тереңдетіп, ұлтаралық қарым-қатынастың нығая түсуіне ықпал етері сөзсіз.
Тағы бір атап өтерлік жайт V Халықаралық Фараби оқулары аясында халықаралық фитнес конгресі өтті. FitnessPRO мектебі және ҚазҰУ-дың медициналық факультетінің ұйымдастыруымен өткен конгреске Польша, Испания, Ресей және басқа да елдерден келген білікті фитнес-тренерлер қатысты.
Конгресте фитнестің әртүрлі «CycleSchwinn», «Fitness конвенция», «Dance конвенция», «Aqua конвенция» және басқа да бағыттары бойынша білікті тренерлер семинарлар мен шеберлік сабақтарын көрсетті.
Сонымен қатар осы шарада университет ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы да шығарылды.
Жасалған жұмыстарды қорытындылағанда, «Web of Science» және «Scopus» дерекқорларында индекстелетін халықаралық басылымдардағы жарияланымдар саны жылдан жылға өсіп келе жатқандығы айтылды. Бұл ең алдымен ғылыми зерттеулер сапасының артуы мен әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ыңтықмастықтың арқасы.
Мысалы, халықаралық зерттеу топтарында жұмыс істеген ҚазҰУ ғалымдары К.Куратов пен В. Зайберттің екі мақаласы «Nature» және «Science» атты ең жоғары импакт-фактор көрсеткіштеріне ие беделді ғылыми журналдарында басылып шықты. Айта кету керек, жоғары рейтингілік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық мақала – ҚазҰУ ғалымдарының үлесі екен.
Форумға қазақстандық және шетелдік қоғам қайраткерлері мен белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері: Әбсаттар қажы Дербісәлі (Қазақстан), Бекір Қарлыға мен Абдулла Қызылжық (Түркия), Чарльз Уеллер (АҚШ), Карл Стеркенс (Нидерланды), Султонзода Соки Аслон (Тәжікстан), Ғалия Құрманғалиева (Қазақстан) және басқа да шетелдік ғалымдар қонақтар, еліміздің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары мен докторанттары, магистранттар мен студенттер қатысты.
Ғұламаның бай мұрасын зерттеуде «Фараби оқулары» атты үлкен іс-шараның маңызы зор деуге болады. Сонымен қатр ұлы ойшылдың кітаптары жарық көріп, мұражайы ашылды, сондай-ақ «Al-Farabi university smart sity» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ендігі мақсат әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидың 2020 жылы 1150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту.
Алаш айнасы