Алматы қаласының «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалында ұлттық-мәдени орталықтардың және БПҰ мүшелерінің қатысуымен «Бірлігіміз жарасқан» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Өйткені Қазақстан барлық ұлт өкілдерінің даму алаңы сияқты, ынтымақты мекен. Осындай берекелі тіршіліктің, баурымалдықтың, сыйластықтың арқасында барлық ұлттардың мәдени құндылықтары артып келеді.
- Рухани құндылықтар әрбір адамды жақсылыққа және мейірімділікке тәрбиелейді. Әлі күнге дейін негіз ретінде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешімі жүзеге асырылды, ал қазір рухани және жалпыадамзаттық құндылықтарды байыту жолдарына назар аударатын кез келді, - деді «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Нәйля Ордабаева.
Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Кездесу қатысушылары адам өміріндегі ең бастысы – бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүру деген ортақ пікірге келді. Қазақстанда әрқашан тұрақтылық пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуде басымдылық қойылады.
- Бүгін әлемнің әр қиырында түрлі деңгейде ұлтаралық, мемлекетаралық қақтығыстар болып жатыр. Оларға қарап қазіргі біздің өмір салтымызға риза болуымыз тиіс. Еліміздің игілігі үшін жасалатын әрбір қадамды қабылдай білуіміз керек, - деді мемлекет және қоғам қайраткері Асылы Осман.
Өз кезегінде ҰМО басшылары Мемлекет басшысының жобалары халқымыздың санасының өсуінде ерекше қамқорлықтың, рухани бейнесінің көрінісі болатынын атап өтті. Мұндай іс-шаралар мемлекеттілікті, бірлік пен келісімді нығайтады, сондай-ақ жастардағы азаматтық пен патриоттық сезiмдi қалыптастыруда көмектеседі.
Нұрлы Еділов