Алматы қаласында Татуласу орталығы ашылды. Татаулық, адамдардың бір-бірін түсінуі өмірдегі ең ізгі қасиеттердің бірі. Тіршілікте неше түрлі түйткілді мәселелер болып жатады. Соның бәрінде адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, түсінісуге тырысса, шешілмейтін мәселе жоқ. Енді, еңбек дауларының шешімін сотқа жеткізбей-ақ табуға болады. Татуласу орталығында екі жақты даулы мәселелер бітімгершілік арқылы шешіледі.
Алматы қалалық Кәсіподақ орталығының базасындағы еңбек дауын талқылайтын жаңа Татуласу Орталығының ашылу салтанатына Алматы қалалық сотының төрағасы Н.Әбдіқанов, аудандық соттардың татуластырушы-судьялары, Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Н.Байқұлов, қалалық Кәсіподақ орталығының төрағасы З.Умирбаева, медиаторлар мен Мемлекеттік еңбек және көші-қон инспекциясының, сонымен қатар, қалалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қалалық соты төрағасының айтуына қарағанда, соттан тыс татуласу орталығы қоғамдағы жанжалдарды азайтуға көмектеседі. Өйткені, қалада еңбек және шаруашылыққа қатысты көптеген даулы мәселелер жиі туындап жатады екен.
«Татуласу орталығының ашылуы болашақта судьялардың жұмысын жеңілдетіп және сот жұмысының жақсаруына ықпал етеді деп ойлаймын. Сонда судьялардың ұсақ-түйек даулардан басқа да істерді жіті қарап, жан-жақты тексеруге уақыттары мен мүмкіндіктері арта түседі», - дейді Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов.
Алматы қаласы Кәсподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева, сөз кезегінде барлық деңгейдегі кәсіподақтың басты міндеті – жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау екендігіне тоқталды. Бұл міндет болашақта Татуласу орталығымен жүзеге асады. Бітімгершілік орындары Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығында жұмыс істейді.
Нұрлы Еділов