Алматы мен Ренн — бауырлас қалалар
Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында білім саласында жағымды жаңалықтар көбейіп, қазіргі таңда оңтайлы жүзеге асырылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлылығы» жобасын кезең-кезеңмен іске асыру тапсырылған болатын. Осы жобаның аясында мектеп бағдарламасына бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі, бастауыш сыныптарға неміс, француз тілдері енгізілген.
Тілдерді меңгеру саясатында көрші мемлекеттермен дипломатиялық және мәдени қарым-қатынас барынша даму үстінде. Біздің білім ордамыз білім беру жүйесіндегі болып жатқан жаңалықтардан қалыс қалмай келеді. Биылғы жылы Қазақстан мен Франция қарым қатынасына 25 жыл толды. Осыған орай, мектебіміздің 10-сынып оқушылары Құрбанжан Нигара мен Бектенова Әлия «Қазақстан мен Франция арасындағы тарихи мәдени мұралардың байланысының рөлі» тақырыбында қалалық сайыста ғылыми жобадан 3-орынды иеленді. Ғылыми жоба жетекшісі француз тілінің мұғалімі А.Қасымбекова. Жобада екі елдің жан-жақты байланысын зерттеп, соның ішінде Алматы мен Ренн қаласының мәдени тарихи байланысына кеңінен тоқталған. 2016 жылдың 14-қазанында Ренн қаласының орталығына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші қойылған. Ашылу салтанатынан соң еліміздің «Сазген сазы» атты фольклорлық ансамблі қазақтың дәстүрлі әндерінен ашық аспан астында концерт өткізді. Екі елдің арасындағы мәдени байланыс қазіргі таңда нығаю үстінде. ХІХ ғасырда француз сәулетшісі Поль Гурде Алматы қаласының көркеюіне, бірқатар құрылыс ғимараттарының бой көтеруіне зор үлес қосып, тарихта маңызды ізі қалса, қазіргі таңда Қазақстандағы осындай ғимаратта «Сарбонна» университеті орналасқан. Алматы мен Ренн қалалары экономикалық даму жағынан бір-біріне ұқсас.
2018 жылдың басында біздің білім ошағымызға Франциядағы Мұстафа Шоқай атындағы қордың президенті жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, Франциядан әкелінген арнайы оқулықтар мен сыйлықтар үлестіріп, оқушыларға екі елдің арасындағы байланыс жөнінде біршама мәліметтерін, ақпараттарын берді.
Бұл біздің мектептің жеткен жетістіктерінің бір үзіндісі ғана. Мектеп ішіндегі игі істердің атқарылуында мектеп жанындағы Әуежай мекемесі демеушілік етіп отырады. Әр мерекелерде оқушыларға сый-сияпаттар үлестіріп, аз қамтылған отбасылардың балаларына материалдық көмек береді. Биылғы оқу жылында мектебіміздің ауласына асфальт төсеп, қомақты жәрдем берді. Әуежай басшылығына мектеп ұжымының атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.
Жансая ӘБДІРАМАНОВА,
№ 44 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Алматы ақшамы