Алматы – Бішкек арасы
Оңтүстік астанада қалалық мәслихат пен Бішкек қалалық кенеші меморандумға қол қойды
Тамыз айының басында Алматы қалалық мәслихатына Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласының делегациясы іссапармен келді. Қырғыз делегациясын Бішкек Кенешінің төрағасы Алмас Кененбаев бастап келіпті. Делегация құрамында қалалық Кенештің депутаттары, Бішкек қаласы басшысының орынбасарлары бар.
Бауырлас ел делегациясын Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Қалдыбай Қазанбаев бастаған мәслихаттың тұрақты комиссия төрағалары қарсы алды. Мәслихат хатшысы Қ.Қазанбаев қырғыз әріптестеріне «Қош келдіңіздер!» деп, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағаларымен таныстырды. Қонақтарға Қазақстанның қаржы-бизнес, спорт-мәдени, туристік орталығы – Алматы қаласы мен мегаполистің басқару жүйесінің бір тармағы – қалалық мәслихат жайлы бейнетаныстырылым жасалды.
Қонақтар тарапынан Бішкек қалалық Кенешінің төрағасы, Бішкек мэрінің орынбасары сөз алса, біздің тараптан мәслихат хатшысы Қ.Қазанбаев, депутаттар Болат Садықов, Сергей Козлов сөз алды.
Кездесу соңына тараптар арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Меморандумды Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Қалдыбай Омарұлы Қазанбаев пен Бішкек қалалық Кенеші төрағасы Алмаз Мұханұлы Кененбаев бекітті.
Биліктің бір тармағы
Бішкек қалалық Кенеші – бекітілген заңға сәйкес қалалық қоғамдастықтың тікелей сайлауымен сайланатын жергілікті өзін-өзі басқарудың алқалы түрде жұмыс істейтін өкілетті органы, қалалық Кенеш пропорционалды жүйе арқылы 4 жылға сайланатын 45 депутаттан тұрады.
Бішкек қалалық Кенеші Парламенттік басқарудағы Қырғыз Республикасының жергілікті билігінің бір тармағы.
Алматыға іссапармен келген Бішкек делегациясы «Алматы тазалық», «Алматы Көлік Холдингі» және Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінде болды.
Кездесу барысында ынтымақтастық келісіміне қол қойған қалалық мәслихат хатшысы мен қалалық Кенеші төрағасы Алматы–Бішкек арасында үзіліңкіреп қалған байланыс қайта жаңғыратынына сенімділік танытты.
Алмаз Кененбаев, Бішкек қалалық Кенешінің төрағасы:
– Бүгін Алматы қалалық мәслихаты мен Бішкек қалалық Кенеші тарихи құжатқа қол қойды. Бұл – Қырғыз Республикасының астанасы мен Қазақстанның ең үлкен мегаполисі, Қаржы-бизнес орталығы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум.
Бүгінгі кездесу шын мәнінде тарихи деуге келеді. Сан жылдар бойы бауырлас халықтардың астанасы болып келген қос шаһардың арасындағы іскерлік байланыс соңғы оншақты жылда аздап бәсеңдеген еді. Енді екі жақ «қалалық парламенттері» арасында қатынас қайта жаңғыратын болды. Бішкектің бүгінде қарқынды дамып отырған бауырлас Алматыдан алары көп. Біздің қалалық Кенешті де қалалық мәслихаттың тәжірибесі қызықтырады. Біз іс-сапар барысында қалалық муниципалдық қызметтерде болып, жасалып жатқан қыруар жұмыстардың куәсі болдық. Алматы шын мәнінде «қайта түлеп» жатыр екен.
Қалдыбай Қазанбаев, Алматы қалалық мәслихатының хатшысы:
– Мен бішкектік әріптесімді толықтай қолдаймын. Алматы мен Бішкек ежелден бауырлас, тілі де, ділі де бір, тарихы тағдырлас екі халықтың бірінші кезекте рухани орталықтары. Әрине, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолындағы соңғы 10–15 жылда тұрақты байланыстың үзіліп қалған кездері де болған. Дегенмен, тағы да айтарым, біз салт-дәстүр, асханамыздан бастап менталитетімізге дейін бірдей бауырлас елміз. Тіпті, бүгінгі таңда қалалық деңгейдегі муниципалдық мәселелері де ұқсас. Себебі, бізді, қос қаланы тарих қоңсы қондырған. Сондықтан да бүгінгі кездесу, бүгінгі келісім құжаты тарихи деп айтуға толық болады.
Осы құжат арқылы екі шаһардың халқы бір-бірімен ашық байланыста, іскерлік байланыста болады деп ойлаймын. Онсыз да жүздеген жылдардан бері араласып жатқан ел емеспіз бе. Алматыда Ыстықкөлді білмейтін, Бішкекте «Медеуді» білмейтін адам жоқ.
Алмаз Мұханұлы әріптесім айтқандай, біздің, «қалалық парламенттердің» міндетіміз – екі шаһардағы ұқсас мәселелерді шешіп, бізді сайлаған халыққа қызмет ету.
Бішкекте де, Алматыда да бізді «халық қалаулылары» деп айтады ғой. Біздің міндет – сол халықтың үдесінен шығу.