Жастық шақта таңдалған мамандық әртүрлі себептермен көңілден шықпауы мүмкін. Кейде ата-ананың қысымымен мамандық таңдағандар уақыт өте келе басқа бағытта білім алуды жөн көреді. Немесе он жыл бұрын оқыған мамандық сұранысқа ие болмай, заман ағымына сай жаңа кәсіпке бет бұру қажеттілігі туындайды. Жақында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов үлкен жастағы студенттер оқу оқып жүріп, сол уақытта жұмыс істейтінін, нәтижесінде сабаққа қатыспайтынын айтқан еді. Шенеуніктің ойынша, мұндай студенттер университетке білім алу үшін келмейді. Stan.kz тілшісі 30 жастан асқан білім алушылармен сөйлесіп, осыған қатысты пікірін, не мақсатта оқып жүргендерін сұрады.
Вице-министр білім алатындарға жас шектеуі жоқ екенін, бірақ қанша жаста білім алса да оқу маңызды екенін айтты.
 
"Шындығында, 30 жастағы адамдар да, үлкендер де өз біліктіліктерін арттыра алады, оқи алады. Университеттерде күндізгі бөлімде оқып, тұрақты жұмыс істейтін, тұрақты зейнетақы жарналары бар студенттер бар", - деді Дәуленов ОКҚ брифингінде.
Айтуынша, мұндай тәжірибелер университет үшін қауіпті арттырады.
 
Білім вице-министрі тарапынан мұндай сөздер шығуы қисынсыз
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да PhD дәрежесі бойынша білім алып жатқан екі баланың анасы 30 жастағы Назым Балпанова қандай жаста болмасын оқу кеш емес, керісінше, оның өз алдына артықшылықтары бар екенін айтады.
Назым 21 жасында "Нархоз университетінің" бакалавр дәрежесін бітірген. 22 жасында Ұлыбританияның Glasgow University-де магистр дәрежесін алған. Екі жыл шетелде білім алып, Қазақстанға қайта оралған. 
Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты, екі баланың анасы Назым конфликтология мамандығы бойынша білім алуда. Айтуынша, вице-министрдің бұл пікірі қисынсыз.
"Оқу үшін келмегенде не үшін келеді? Вице-министрдің пікірімен келіспеймін. Егер университет талап қойса, қанша жастағы, мейлі 40, 50 жаста болса да, студент оқиды. Егер университеттегі жүйе лас болса, емтихандардағы сессиялар ақшамен "шешілетін" болса, әрине, адам оқымайды. Басқа жеңіл жолдарды іздейді. Бұл жерде талап мәселесі бар, сондай-ақ, адам не мақсатта оқып жатқанын түсіну керек", - дейді ол. 
Назым Балпанова үздіксіз білім алу ұғымын қолдайтынын айтады.
"Үздіксіз білім алу (Life Long Learning) ұғымымен толықтай келісемін. Адам әрдайым ізденісте болуы керек. Менің ойымша, 30-дан асқаннан кейін де оқу кеш емес, себебі адам мақсат қойса, міндетті түрде оған жете алады. Қазіргі уақытта оқуға түсу қатты қиын емес. Кішкене дайындалып, ағылшын тілі деңгейіңізді көтерсеңіз, мемлекеттік грант иеленуге мүмкіндігіңіз бар. Адамдар белгілі бір жағдаймен мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай жатады немесе еңбек жолын ерте бастап кетеді. Сондықтан 30 жастан кейін оқудың артықшылығы - адамда тәжірибе болады, оң-солын таныған тұлға ретінде қалыптасады. 
Болашақ еңбек жолымды академиялық ортада елестеткендіктен, доктарантураны оқудың қажеттілігін түсіндім. Бұл шешім бірден келген жоқ. Оған тәжірибе жинақтау маңызды болды. Меніңше, докторлық дәрежені белгілі бір тәжірибесі бар адам ғана оқуы тиіс деп ойлаймын. Өзімді мысалға келтіре осыны айта аламын", - дейді ол. 
"Жұмыс істеп, оқу оқып жүргендерге өте қиын. Оқу оқитын кезең болады, жұмыс істейтін уақыт бар" - , дейді ҚазҰУ докторанты. 
"30-дан асқан студенттердің көбі үйленген, отбасылы адамдар болғандықтан, отбасын асырау мәселесі алдыда тұрады. Сол себепті оқумен қатар жұмысты да алып жүру қажеттілігі туындайды. Жұмыс мәселесі кедергі немесе қорқыныш тудыруы мүмкін. Дегенмен алдына мақсат қойған адам бәріне жете алады және ештеңеден қорықпауы қажет. Мәселен, батыс мәдениетінде 60 жасында профессор, 70 жасында бакалавр дипломын алғандарды өз көзіммен көрдім", - дейді Назым Балпанова. 
 
Сабақ жұмысқа кедергі келтірмейді, керісінше бір-бірін толықтырып отырады
Жекеменшік мектепте Маркетинг департаментінің директоры болып жұмыс істей отыра, Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU) магистратурасында оқып жүрген Айгерім егер дұрыс бағытта жұмыс істемей жүрген болсаң, оқудың мәнісі жоқ, дейді. 
"Маркетинг саласында алты жылдай тәжірибем бар, осы біліміммен басқа адамдармен бөліскім келетінін түсіндім. Осы мақсатта магистратураға оқуға түстім, осы біліміммен сабақ беруге мүмкіндік туды. 
Менің жағдайымда, сабақ кешкі уақытта болғандықтан, жұмысқа кедергі келтірмейді. Осы ретте вице-министр қатты қателеседі деп ойлаймын. Білім алу студенттерге де, оқытушыларға да пайдалы. КИМЭП-те оқып жүрген кезде теориялық білімімді практикалық мысалдармен бекітіп отыратынмын. Мен өз кезегімде тәжірибемнен түйгенімді бөлісіп отыратынмын. Білім үшін келетін студенттер бар, әйтеуір келіп жүретіндер бар.
Айтуынша, орта жастағы адамдар оқу мәселесіне ойланып, толғанып келеді.
"Себебі олар өз кемшіліктерін саралай біледі, өздеріне не қажет екенін анық біледі. Олар бэкграунды, тәжірибесі бар адамдар. Университет таңдағанда ортаға, айналасындағы адамдарға мән береді", - дейді Айгерім. 
 Алматы Менеджмент Университетінің іскерлік әкімшілік магистрі дәрежесін алған 36 жастағы Жандос Успановтың екі жоғары білімі бар. 2019 жылы өз-өзін дамыту мақсатында AlmaU-ға МВА-ге түскен. 
"Білім беру жүйесінде жұмыс істейтін вице-министр тарапынан мұндай сөздер шығуы қисынсыз. Бір мектеп оқулықтарының жиі басып шығарылатынын мысалға келтіруге болады. Мұның өзі әлемде барлығы тез өзгеріп жатқанын көрсетеді. Өзгерістерге дайын болу үшін біз тұрақты түрде дамып, білім алуымыз керек. Вице-министр мырза нақты кімге қатысты айтып тұрғанын білгім келеді. Себебі адамдар жағдайды көбіне өзінің ортасы мен айналасындағыларға қарап немесе сараптама негізінде бағалайды. Сондай-ақ, жұмыс істейтіндер университетке өз мамандығы бойынша жаңа білім алып, Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосу үшін түседі. Ал бұған жетудің тиімді жолы - тәжірибе алу", - дейді ол.
Айтуынша, ЖОО-лардың оқу ақысын есепке алғанда ешкім оқуына немқұрайлы қарай алмайды. 
"Біз жоғары білім алуда демеуші болатын Біріккен Араб Әмірліктері емеспіз. Мен білім алуға келетін адамдарды білемін, олар идиясы көп, сауатты адамдар, тәжірибелері бар және оны практикада қолдана алатындар", - дейді Жандос Успанов.
 
Өмір бойы оқу кімге керек? 
Үздіксіз оқу (Life Long Learning) концепциясы батыста 60-ншы жылдары пайда болған. ТМД елдерінде ондаған жыл бойы мамандар тек бір бағытта жұмыс істеп, тек анда-сана біліктілігін арттырып отырған. Білім алу схемасы стандартты жүйеде: мектеп - институт - жұмыс бойынша жүретін болған. 
Ғалымдар жаңа тәжірибелермен миды жаттықтыру арқылы жарақаттанған тұсын қалыпқа келтіруге болатынын зерттеген. Сондай-ақ, оқу арқылы жеке тұлғалық дамуға да жетуге болады, дейді. 
Қарапайым оқу форматына қарағанда үздіксіз оқуда адам көп шығынданбайды. Басқа саладан тәжірибе жинап, қабілетін дамыту үшін ғана инвестиция жасайды, бұл мамандық бойынша біліктілікті арттырумен салыстыруға келмейді. Қазіргі уақытта технологиялар мен қашықтан оқыту есебінен әркім мұғалімдердің бақылауынсыз, ешқандай бағаға тәуелді болмай еркін білім ала алады.
 
78 жастағы қазақ студенті
Қазақтың жазушысы, танымал композиторы Ілия Жақанов екінші жоғары білімін 78 жасында алған. Ол 2011 жылы Атырауда Халел Досмұхамедов атындағы университетке бейнелеу өнері және дизайн мамандығына түседі.
2014 жылы студенті Ілия Жақанов дипломдық жұмысын қорғайды.
Қазір Илия Жақанов - 85 жаста, қос дипломы бар. Айтуынша, 78 жасында білім алу оған қиынға соқпаған.
"Біздің кезде мұғалімдер өте сауатты болды. Менің ұстазым В. И. Суриков Мәскеу мемлекеттік академиялық Көркемсурет институтын бітірген білімді суретші болды. Сондықтан мен оқудан өзіме керекті нәрсені алдым. Әлі күнге дейін ол кісімен байланыстамын. Жылына 235 мың теңге төлеп, жас балалармен қатар отырып сурет салдым. Екі жарым жыл оқыдым, еш қиындығы болған жоқ", - дейді ол. 
Айтуынша, бала кезінен бастап, сурет салуға икемі болған. Алайда қабілетін дамытуға мүмкіндік болмаған. Кейін жазушы бұл салада білім алуды жөн көріп, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері және дизайн бөлімшесіне түсіп, дипломдық жұмысын қорғаған. 
"Атақты қылқалам шебері Әбілхан Қастеев жайлы деректі фильм түсіретіндер әрдайым оның оқымаған екенін айтып отыратын. Оқымаған деп отырған Қастеевтің картиналары жоғары білімі барлардан артық. Оқымаған деген сөз сол кісіге қиянат етіп айтылады.
Менің картиналарым жоғары деңгейде болғандықтан, Қазақ мемлекеттік көркемсурет академиясы мен туралы түсіріп, маған академияның құрметті академигі атағын берген. Осылайша көркемсурет өнері бойынша білім алдым. Енді мені ешкім оқымаған деп айта алмайды", - дейді Ілия Жақанов.
"Менің дипломдық жұмысымды ректор Бейбіт Мамыраев аудиторияда емес, мұражайда қорғатты. Салған картиналарымды іліп қойып, қорғағаным әлі есімде", - дейді жазушы.
 
Шәкіртақы өсіп, студенттерге арналған қолдау орталықтары ашылуы тиіс
Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру инcтитутының докторанты, 36 жастағы Гүлнара Әбдиева болашақ ғалым еш алаңдамай білім алуын жалғастыруы үшін шәкіртақыны жоғарылату қажет, дейді.
"Менің ойымша, әр адам қай жаста болмасын өзін-өзі дамытып отыруы керек. Білім мен ғылым заман талабына қарай дамып жатыр. Егер 30-ға дейін оқып, барлық білімді игердім дейтін болса, ол адам көзқарасын өзгертуі қажет деп ойлаймын. Білім алушының түрлі себептермен 30 жастан кейін оқуға түсуін түсіністікпен қабылдап, керісінше жағдай жасау керек. Болашақ ғалым еш алаңдамай білім алуын жалғастыруы үшін, шәкіртақыны жоғарылату қажет. Себебі қазіргі уақытта еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар ғана сұранысқа ие", - дейді Гүлнара Әбдиева.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тарих және құқық институты Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының 31 жастағы докторанты Жанат Абдықадырқызы білім алып, ғылыммен айналысу үшін жас ерекшелігіне қараған дұрыс емес екенін айтады.
Білім алу үрдісі үздіксіз болуы керек. Заман талабына сай технология, жаңа цифрлық құралдарды игеру үшін жас мамандар қажет, дейді ол.
"Магистратурада оқып жүрген кезімде тобымда жасы 40-тан асқан әріптестерім де болды. Ол кісілер жоғарғы қызметте жұмыс істей отырып, диплом үшін оқуға түсті деп айта алмаймын. Мамандық таңдауда екі мәселеге мән бердім. Бірінші, педагогикалық оқу орындарының арасында сұранысқа ие Абай университеті болғандықтан, болашақ маман ретінде таңдауым осы оқу орнына түсті. Екіншіден, мен білім беру бағдарламалары бойынша қай мемлекеттерге тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинай аламын деген сұрақпен мамандық таңдадым", - дейді ол.
Айтуынша, 30 жастан асқандар оқу орнына диплом үшін келеді деген пікірмен келіспейді.
"Қате айтылған ой немесе басқа жекеменшік оқу орнына айтылған сын деп есептеймін. Бұл вице-министр жоғары оқу орындарына ой салып, болашақта білім сапасына мән беру үшін айтылған ескерту деп айтар едім. Негізі мемлекет тарапынан білім сапасын жақсарту, жұмыс орнымен қамтамасыз ету мәселелерге қойып жатқан талаптары орынды. Бақылау керек. Бірақ бұл жас мамандардың білім алуына шектеу қойылады деген сөз емес.
Мемлекет тарапынан шәкіртақы көтеріліп, студенттерге қолдау көрсетіліп жатқаны маңызды және қажетті шешім деп ойлаймын. Біздің студенттер болашақ педагог болатынын ескерсек, жұмыс істеуі шарт емес. Білікті маман болу үшін тек білімге мән беріп, оқу форматы қандай болмасын, талпыныспен білім алуы керек. Алайда, қазіргі уақытта шәкіртақы емес, жалақының өзі жетпейді", - дейді білім алушы. 
Айтуынша, студенттер тек өз қамдарын ғана емес, әке-шешелерін ойлап, жұмыс істеуіне тура келеді. 
"Еліміздің оқу орындарының білім алушылары қатарында ата-ана жағдайын ойлап, жұмыс жасап жүргендер де бар. Бұл мәселе бойынша оқу орнымызда жүргізіліп жатқан әлеуметтік қолдау жұмыстары көп оқу орындарында жоқ. Мәселен, оқуға түсе алмаған қаншама «Алтын белгі» иегерлері мен оқу озаттары бар. Олар білімін жалғастыру үшін университет 100 пайыз жеңілдікпен қамтамасыз етіп отыр, ақылы негізде оқитын білім алушыларға қаншама жеңілдік жасалуда. Оның өзі оқу орнының жастарға деген үлкен қолдауы. Демек бұл тек оқу орнының мәселесі емес. Сондықтан студенттер толыққанды білім алуы үшін жұмыссыздық мәселесін қолға алып, шәкіртақы өсіргені дұрыс", - дейді Жанат Абдықадырқызы.