Қызылордада 4 сынып оқушысының үстіне шкаф құлап кетті
Қаладағы жекеменшік мектепте шкаф 4-сынып оқитын 9 жастағы қыздың үстіне құлап кеткен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Жарақат алған қыз ауруханаға жеткізілді. Қалалық білім бөлімі оқиғаның болғанын растады.
«Зияткерлік мектептің басшылығы зардап шеккен оқушыға көмек көрсетіп жатыр. Қалалық ішкі істер басқармасы тергеу жүргізеді», – деді басқарма өкілі.
Ал Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы қыздың ауыр халде түскенін хабарлады.
«Қыз бүйрек жарақаты, қуық контузиясымен ауруханаға жатқызылды. Сан сүйегінің ығысқан сынығы, бірінші бел омыртқасының көлденең өсіндісінің жабық ығысқан сынуы диагнозы қойылды», – деді дәрігерлер.
Полицейлер ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша тергеуді бастады.