Нұргүл БАДЫРОВА, Кентау қалалық «Дарын» мектеп-интернатының директоры: Біз қашан да оқып, білім аламын деген әрбір жасты қолдауға дайынбыз

Еліміз соңғы кезде техникалық мамандықтарға деген сұранысты арттырып келеді. Болашақ білікті мамандарды тәрбиелеуде математиканы тереңдетіп оқытатын білім ұяларының орны ерекше. Сондай қарашаңырақтың бірі әрі бірегейі – Кентау қаласындағы «Дарын» мектеп-интернаты. Аталмыш білім шаңырағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең үздік мектептердің қатарынан көрініп келеді. 15 жылдан астам тарихы бар бұл білім ұясының оқушылары талай халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Біз биік белестерді бағындырып жүрген білім ошағы жайында мектеп-интернат директоры, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Үздік тәлімгер-2016» номинациясының иегері Нұргүл Бадыровамен аз-кем тілдескен едік.

– Құрметті, Нұргүл Есқалиқызы, Кентау қаласындағы «Дарын» мектеп-интернаты ашылғалы бері Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республикалық деңгейде жоғары балл жинайтын үздік мектептердің қатарынан түспей келеді. Тіпті, қайбір жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ең үздік мектептердің алғашқы үштігіне ендіңіздер. Мұндай жоғары жетістікке жетудің сыры неде? Білім берудегі тәжірибелеріңізбен, оқытудағы әдіс-тәсілдеріңізбен бөліссеңіз...
– Бұл жерде ешқандай құпия әдістеме жоқ. Біз ең дарынды балаларды жинадық және ең мықты мұғалімдерді топтастырдық. Білім ұясының ел бойынша ең үздік мектептердің қатарынан көрінуінің басты себебі – мектеп-интернатта жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар – оза шапқан балалар оқиды. Біз осы мектепте оқуды армандап келген әрбір жастың талантын, бойындағы дарынын жетілдіруге күш саламыз. Оқушылардың арасындағы өзара бәсекелестік балаларды шыңдайды, талпындырады. Олардың әрбір бастамасына біз қолдау көрсетіп отырамыз. Бұл ең бірінші білім саласына деген мемлекеттің қамқорлығы болса, екіншіден, осы мектепте қызмет атқаратын ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Кентау қаласындағы «Дарын» мектеп-интернаты сол кезеңде облыс әкімі болған білікті басшы, еңбекқор, тындырымды іске көбірек ұмтылатын нағыз халықшыл саясаткер Бердібек Сапарбаевтың нұсқауымен 2001 жылы ашылған болатын. Мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 10 сыныптан тұрады. Мектепте, негізі, жаратылыстану-математика бағыты тереңдетіліп оқытылады. Біздің түпкі мақсатымыз – ақылына білімі сай, парасатты, елінің патриоты, ұлт мақтаныштарын тәрбиелеу және бұл мақсатты жүзеге асыруда аянбай еңбек етеміз.
Мектептің оқушылар құрамын шалғай жатқан аудандардан келген, атап айтар болсақ, Созақ, Отырар, Бәйдібек, Түркістан аудандарынан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстарынан келген балалар құрайды. Ауыл балаларының ішінен дарынды балаларды жинап, білім беруде мектептің алған жауапкершілігі зор. Мектебіміз Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ең жоғары көрсеткіш көрсетіп отырған мектептер қатарында болса, республика бойынша «Қазақстандағы ең үздік 10 мектеп» қатарынан көрініп келеді.
Қазіргі таңда мектеп түлектері тек қана Қазақстанның таңдаулы жоғары оқу орындарында ғана емес, АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Түркия, Германия, Корея елдерінде білімдерін жалғастыруда. Шет мемлекеттерде оқып жатқан 50-ден аса бұл түлектеріміздің бірқатары қазіргі таңда елімізге келіп, алғашқы қызмет жолын бастап жатқанын мақтанышпен айта аламын.
Бізде ерекше қарым-қабілетімен көзге түсетін шәкірттер көп. Оларды баптаудың өзі қиын, әрі қызық. Әрбір оқушы өзінше бір әлем. Ең бастысы, олардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, білімнің биігіне бастауға ықпал ете білуіміз керек. Әлгінде айтқанымдай, біздің түлектердің дені әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқып жүр. Ауылдан арман қуып келген талай жастың талабын ұштап, оларды білім нәрімен сусындатып, қияға қанаттандыру – біздің басты міндетіміз. Мектеп оқушылары өздерінің интеллектуалдық, танымдық қабілеттерімен ғылыми жоба жұмыстарын жазу арқылы түрлі облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарға жыл сайын қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
2011–2016 жылдар аралығында оқушылардың ғылыми жоба жұмыстарының облыстық кезеңінде мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілді: 45 оқушы дипломмен, 19 оқушы мақтау қағаздарымен марапатталды. Республика бойынша 9 оқушы дипломмен марапатталса, 4 оқушы финалға шығып, медальдармен марапатталып, 6 оқушы мақтау қағаздарына ие болды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары Ө.Жолдасбеков атындағы механика және математикадан зерттеу жұмыстары халықаралық конкурсына қатысып, 4 оқушы дипломмен және 2 оқушы мақтау қағаздарымен марапатталды.
2014 жылы Мәскеу қаласында өткен «Ученые будущего» атты оқушылардың халықаралық ІХ фестиваліне өздерінің ғылыми жұмыстарымен 11 сынып оқушылары қатысып, сертификаттар алды және 2 оқушы мақтау қағаздарымен марапатталды. 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында «Молодой ученый» халықаралық ғылыми жоба жарысына 11 сынып оқушысы информатика пәнінен қатысып, сертификат алды. Осы жылдары Байқоңыр қаласында өткізілген «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша ХІ Халықаралық ғылыми жарысқа және Алматы қаласында өткізілген «InfoMatrixAsia&Pacific» атты Халықаралық компьютерлік ғылыми жоба жарысына 11-сыныптың екі оқушысы қатысып, сертификаттар алды және бір оқушы қола медальмен марапатталды. Анталия қаласында өткен Халықаралық жарыстарға мектептен 10 оқушы қатысып, бір оқушы І орын, екі оқушы ІІІ орынды иеленді. Жалпы алғанда, мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының жас зерттеушілері 2011–2016 оқу жылдары 59 дипломмен марапатталды.
Оқушыларымыз өздерінің интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін пәндік олимпиадаларға қатысу арқылы танытып жүр. Жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда мектеп оқушылары белсенділік танытып, жүлделі орындарды иеленуде. Пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде 54 оқушы дипломдармен, 19 оқушы мақтау қағаздарымен марапатталды. Республикалық кезеңде 10 оқушы дипломмен және 1 оқушы мақтау қағазымен марапатталды. Сондай-ақ, мектебіміздің оқушылары Ө.Жолдасбеков атындағы аймақтық олимпиадаға, қазақ тілі мен әдебиетінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасына, Шымкент қаласы Қазығұрт ауданындағы Ж.Қаппаров атындағы мектеп-интернаты базасында өткізілетін олимпиадаға және 11-сынып оқушылары Президенттік олимпиаданың облыстық және республикалық кезеңдеріне қатысып, 15 дипломмен және 7 мақтау қағазымен марапатталды. 2015 жылы оқушылар Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткізілген «Наурыз кездесулері» атты ғылыми конеренцияға қатысып, бағалы сыйлықтар мен сертификат алып келді. Онымен қоса, әр пәннен өткізілетін интернет олимпиадаларға да оқушыларымыз белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
Жалпы, мектебімізде суырылып, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған дарынды оқушыларымыз жеткілікті. Міне, осындай биік жетістіктерге қол жеткізген дарынды шәкірттеріміз өздерінің жоғары дәрежедегі ерекшеліктерін мықты тағылыммен ұштастыратын қоғам қайраткері болары анық. Егеменді елімізді дүние жүзі елдерімен терезесі тең болатын дәрежеде өркендетіп, оның тұтқасын, тізгінін ұстайтын, сол арқылы елімізді әлемге танытатын да біздің дарынды, қабілетті ұл-қыздарымыз болмақ.
– Сіз басқарып отырған білім шаңырағы жаратылыстану мен математиканы тереңдетіп оқытатын еліміздегі ең үздік мектеп қой. Ел ішіндегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге қабілетті балаларды қалайша тартып отырсыздар? Сіздер үшін дарындыларды іріктеп алу қиындық туғызбай ма?
– Біздің мектепте оқушылар 7-сыныптан бастап білім алуды бастайды. Мектептің бағытына сәйкес, жаратылыстану-математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. 6-сыныпты аяқтап жатқан дарынды оқушылардың бағын сынап, емтихан тапсыруына мүмкіншіліктер берілген. Ауылды жерлерге арнайы іс-сапарлар ұйымдастырып, талапкерлерден тест жүйесіндегі емтихан алынады. Емтихан математика, логикалық сұрақтар және ағылшын тілі пәндерінен тапсырылады. Әрине, ауылдық мектептер мен қалалық мектептердің беріп отырған білімдерінің сапасынан үлкен айырмашылықтар байқауға болады. Алайда, берілетін мүмкіншіліктердің тең болуы қатаң ескеріледі. Өйткені, бұл жер – дарынды балалардың ортасы. Бұл мектепте корпоративтік мәдениет жақсы дамыған, балалар бір-бірін қолдап өседі, жақсы орта қалыптастыра біледі. Бұл жәйт олардың келешекте де жақсы азамат болуына, ұжымда сыйлы болуына ықпал етеді. Аймақтан келетін қабілетті балалар үшін мұнда бар жағдай жасалынған. Біздің білім шаңырағымыз мектеп-интернат болғандықтан, оқушының жатын орны, тамақтануы, білім алуы – барлығы да тегін жүзеге асырылады. Біз қашан да оқып, білім аламын деген әрбір жасты қолдауға дайынбыз.
– Оқуға қабылданғандардың барлығы мұнда тез бейімделіп кете ала ма?
– Оқуға қабылданған оқушыларымыздың мектепке тез бейімделіп кетуі үшін сынып жетекшісі, мектеп психологы және пән мұғалімдері алғашқы үш айда ерекше еңбек етеді. Бейімделу кезеңінен ауыр өткен оқушылар болған емес. Өйткені, мектептің оқу жоспары мектеп-интернаттың толық күніне сәйкес келеді. Оқушыларға артық күш түсірмеу мақсатында оқу жоспарының вариативті бөлімін жұмыс күнінің екінші жартысында жүргізу қарастырылған. Сонымен қатар, оқушылар қызығушылығына сәйкес, «Дарын даусы» әншілер үйірмесіне, «Вдохновение» бишілер үйірмесіне, «Исторический клуб» тарихшылар клубына, «Бәрін білгім келеді» интеллектуалды ойындар клубына, «Ақын болғым келеді» жас ақындар клубына қатысады.
– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірттеріңіздің оза шауып, бәйге алып жүргендігі мұғалімдердің біліктілігінің арқасы екені сөзсіз. Бұл жерде ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Мұғалімдерге қандай да бір талап қоясыз ба?
– Білім – асу бермес шың іспеттес. Оған барар даңғыл жолдың да өз қиындықтары бар. Алайда, осы қараңғылықтың шамшырағына, даңғыл жолдан адаспау үшін бағыттаушыға айналып, алмастыруға келмейтін орны ерекше жандар бар. Ол – ұстаздар қауымы. Біздің «Дарын» мектебіміздің ұстаздары да өз оқушыларын «Дарын» атты ұядан қанаттандырып жіберу үшін аянбай тер төгуде. Шәкірттерін білімнің асқар шыңына жетелеп, ақыл-ойдың сарқылмас асыл қазынасын бала бойына дарытқан ұстаздардың қажырлы еңбегі ұшан-теңіз. Мектеп-интернат жұмысының басты жауапкершілігін мойнына көтеріп жүрген мектеп директорының орынбасарлары Яйра Алимова мен Бақытгүл Мырзахметқызы және Сейілхан Нұралыұлының еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Олардың әрқайсысын мен бір-бір профессор дер едім. Өйткені, дарынды балалармен жұмыс істеудің күрделілігі өз алдына, өзің де бір күн тоқтап қалмауың керек. Сондықтан олар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Онымен қоса, бізде өңшең дарынды балалар жиналған. Егер оқушы дарынды болса, онда мұғалімге екі есе қабілеттілік қажет. Мен мұны үнемі айтып жүремін. Бұл тұста жәй мектептің мұғалімдеріне қарағанда, біздің мектептің ұстаздары екі есе еңбектенетінін айта кеткенім жөн. Мұғалімдер құрамы да үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мектеп жетістіктерінің ең басында тұрған, еселі еңбектерімен ерекшеленетін ұстаздарымыз: Гүлжазира Мырзанқызы, Надежда Васильевна, Гүлчехра Асанбайқызы, Перизат Кенжебайқызы, Алмагүл Нұралықызы, Эльмира Дуланқызы, Қайрат Досжанұлы, Қайрат Нысанбайұлы, Сәуле Тұрмысқызы, Қуаныш Нұрмағанбетқызы, Тахира Якубова, Гүлнәр Өтеновалар бар. Мен бұл ұстаздармен мақтанамын. Оның үстіне, жас та болса өз ісіне берілген ұстаздарымыздың бар екендігі де жүректі жадыратады. Әсел Сайлауқызы, Меруерт Дүйсенбайқызы, Анар Сәрсенбайқызы, Жанасыл Жангелдіұлы, Жасур Расулов, Әсем Шереновалар болашақтың іргесін қалай білетін, жас та болса жетістіктерге жетіп жүрген жас мамандар. Бір сөзбен айтқанда, біздің мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігі өте жоғары. Мұғалімдеріміз білімдерін үнемі жетілдіріп тұрады. Ең бастысы, ұжымда ауызбіршілік мықты. Сондықтан мектебіміз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
– Бір байқағанымыз, сіздердің мектептеріңізде тәрбиеге ерекше мән берілген екен. Мектепке кіргеннен оқушыларыңыз танысын-танымасын үлкен кісі көрсе, дереу сәлемдесіп, жол беріп тұр. Мұның өзі оқушыларыңыздың сыпайы, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарай білетінін көрсетеді. Мектептің жоғары жетістікке жетуінің тағы бір сыры осында жатқан жоқ па?
– Әлбетте. Ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін қазақ халқы жүрегіне берік орнықтырған. Барлық озық ойлы адамзат та мұны қолдайды. Қытай халқында: «егер сіз бір жылдық болашағыңызды ойласаңыз – егін егіңіз. Егер он жылдық болашағыңызды ойласаңыз – ағаш отырғызыңыз. Ал, егер жүз жылдық болашағыңызды ойласаңыз – балаңызды жақсылап тәрбиелеп, білім беріңіз» деген екен. Көріп отырғанымыздай, ұлы қытай халқы да тәрбиені білімнен бірінші айтады. Біз де тәрбиеге қатты мән береміз. Біздің оқушыларымыздың сыпайы, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарай білетіндігі осы бағыттардағы жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар, өз Отанына деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімнің өріс алуына біздің мектепте үлкен мән беріледі. Осы қасиеттерді бойына сіңіре алған бала білімде де озық болады. Жалпы, әлемдік тәжірибеде жақсы тәрбие болған жерде ғана биік білім нәтижесіне қол жеткізілетіні анықталған. Біздің білімде биік нысандарды бағындырып жатқанымыздың сыры осында.
Әр дүйсенбі күні мектеп ұжымының жұмыс аптасын еліміздің Әнұранын шырқаудан бастап, әрі қарай 15 минуттық тақырыптық лездемелер жүргізуіміздің өзі тәрбие жұмысына деген ерекше ықыласымызды байқатады. Тәрбие мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру білім беру үдерісінде, сабақтан тыс уақытта, білім алушылардың бос уақытында жалғасын тауып отырады. Оқушылар мектепішілік тәрбие жұмыстарымен қатар мектептен тыс мекемелерге барып, қайырымдылық концертін қойып, шығармашылық қабілеттерін дамытып отырады. Облысымызда мектеп оқушылары арасында өткізіліп отыратын өнер фестивалінде мектебіміз «Бас жүлдені» алып келеді. Сонымен қатар, мектептің тәрбие жұмысына ата-аналардың қатысу деңгейі жоғары. Бір сөзбен айтқанда, бізде «мұғалім, ата-ана, оқушы» үштігі ынтымақтаса жұмыс жасайды.
Шынын айтайық, біздің мектепке тәрбиесі дұрыс балалар келеді. «Оқу оқимын», «өзіме, еліме пайдам тисін, ол үшін биік шыңдарды бағындыруым керек» дейтін қабілетті, дарынды балалар қабылданады. Мұндағы балалар тек жаратылыстану мен математикаға ғана мықты емес, олар сегіз қырлы, бір сырлы. Әнге де, әдебиетке де, тарихқа да, суретке де, жазу-сызуға да бейім келеді. Біздегі балалардың теріс іспен айналысуға мұршасы да келмейді, жүктеме көп, тапсырма ауыр, тек қана жанталасып сабақ оқуы керек, бос жүруге уақыты жоқ. Сонда да болса, тәрбие жұмысына ерекше ден қоямыз.
– Жаратылыстану мен математикаға, информатикаға айрықша ден қоятын балалар өзге пәндерді, атап айтқанда, гуманитарлық пәндерді қалай меңгеруде? Мұндай пәндерге балалардың үстірт қарауы байқалмай ма?
– Біз жаратылыстану-математикалық бағытта білім береміз. Бұл ретте білім беріп отырған ұстаздарымыздың да, сол ұстаздан білім алып отырған оқушыларымыздың да облыстық, республикалық қана емес, халықаралық дәрежеде жетіп отырған жетістіктері аз емес. Тағы бір атап өтер жәйт, мектебімізде гуманитарлық пәндер де жоғары дәрежеде оқытылады. Яғни, балаларымыз басқа пәндерден ақсап жатқан жоқ. Әсіресе, қазіргі таңда әлемнің алпауыт елдерінің өзі көптілділікті қолдап, халықаралық тілді меңгеруді мақсат етіп отырған кезеңде өркениеттен артта қалып кетпеу үшін заман талабынан туындап отырған қажеттілікті ескере отырып жұмыс жасаудамыз. Өткен жылдың аяғында «Ұлы дала еліміз!» атты республикалық ғылыми жобалар байқауында оқушымыз Ақерке Нұралы бас жүлдеге ие болса, Халықаралық лингвистикалық олимпиаданың аймақтық турында оқушымыз Айшолпан Серікова ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, жыл сайын оқушыларымыз облыстық, республикалық олимпиадада, ғылыми жобалар сайысында жаратылыстану пәндерімен қатар, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, орыс тілі, география пәндерінен де жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Бітірушілеріміздің шет елдерде еркін білім алып жүргені мектебіміздің жан-жақты білім беретіндігін айғақтайды. Демек, оқушыларымыз барлық пән бойынша да сабақты жақсы оқиды, көп ізденіп, еңбектенеді.
Негізі, ұстаздар қауымы да ата-ана секілді ғой. Ұлы Абай айтқандай, атаның баласы емес, адамның баласы болғанын қалаймыз. Қай мектепті бітірсе де еліне, халқына тынбай қызмет етсе екен дейміз. Сондықтан «мынау мынадай» деп бөліп-жарып айтудың керегі жоқ. Әрбір оқушымыз перзентіміз секілді. Жетістікке жетуіне әрқашанда тілектеспіз. Мектепке оқуға келген баланы 7-сыныптан бастап оқытып, тәрбиелеп, жоғарғы оқу орнына түсуге жағдай жасаймыз. Оқу орнына түскеннен кейін, жеке тұлға ретінде қалыптасады. Түлектеріміз еліміздің барлық салаларында, шет елдерде, осындағы түрлі ірі компанияларда, әр облыстарда еңбек етуде. Бізге осының өзі зор мақтаныш.

– Сұхбатыңызға рахмет, бағындырар белестеріңіз көп болсын!

Әңгімелескен – Серік ЖҰМАБАЕВ.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста